Бүгін тамыздың 9 күні Бауыржан Байбектің Алматы қаласына әкім болып тағайындалғанына 2 жыл. Осыған байланысты біз оның осы уақыт аралығында не тындырғанына қысқаша тоқталуды жөн көрдік.

Бауыржан Байбек 2015 жылы 9 тамыз күні Алматы қаласының әкімі болып тағайындалғалы шаһарда көп дүние өзгерді. Ол келе салып қалада жылдар бойы жұмыс істеп келген трамвай желісін тоқтатты. Қоғамдық көліктерге Ахметжан Есімов қойып кеткен валидаторлардың орынына қала тұрғындарына көп қиындық әкелген «Оңай» электронды төлем жүйесін енгізіп, автобустар жүретін көлік жолағын салды. Ұзақ жылдар бойы қоғамда дау туғызып келген «Көк Жайлау» куррорттық кешенін қаржыландыру мен салуды тоқтатты. Үлкен көшелердің бойында орналасқан ғимараттардың қоршауларын алдырып, аудандық, қалалық, полиция бөлімшелерінің сыртына биік дуал салдырды. Бұл енді былтырғы полиция бөлімшесі мен ҰҚК ғимаратына жасалған террорлық шабуылдан кейін жасалған қауіпсіздік шараларын күшейту екендігі белгілі. Бірақ осы жерде айта кететін бір жайт, былтыр Алматыда террорлық акт болғанда Бауыржан Байбек халық алдына шығып бір ауыз үн қатқан жоқ еді. Ал оның қазіргі «қақпасыз қала» бағдарламасына қарап, полициядан өзгелерің алдағы уақытта террорлық шабуыл болатын болса, лаңкестерге есіктеріңді айқара ашып қойыңдар дегенге меңзейді.

Жалпы Бауыржан Байбек келгелі Есімовтың кезінде ескерілмеген дүниелердің көбі қолға алынды. Солардың бірі 31 мамыр қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ашылған 1931-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіштің ашылуы. Иманғали Тасмағанбетовтың бастамасымен Ахмет Байтұрсыновтың мұражайын мемлекет қамқорлығына алып, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге байланысты бастамалардың көтерілуі болды. Ол Ахметжан Есімов әкім болып тұрғанда қалада болмайтын күні яғни 16 желтоқсан тәуелсіздік күнінде халықпен бірге алаңға барып, желтоқсан құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Бұл оның қазақ халқына қарата жасаған ең бір сәтті қадамдарының бірі болды.

Бірақ Алматыда Бауыржан Байбекке Есімовтен естелікке қалған бір дүние өзгеріссіз қалды. Ол жаңбыр жауса «үйрек ұшып, қаз қонатын», шамдары бір өшіп, бір жанатын романтикалық көшелер мен жылына екі-үш мәрте өртенбесе саудасы жүрмейтін «Барахолка» базары. Әрине алдағы уақытта «Болашақтың» түлегі, президенттің сүйікті сарбаздарының бірі Бауыржан Байбек бұл олқылықтардың орынын толтыратыны сөзсіз. Бірақ оның қай уақытта болатынын алда келе жатқан күз, көктемдегі көше келбетінен байқайтын боламыз.

“The Qazaq Times”