ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астана экономкалық форумының пленарлы отырысында ЭКСПО көрмесінің артықшылықтары мен оған жұмсалған қаржы және оның алдағы уақытта қолданысқа берілуі жайында айтты.
"ЭКСПО жобасы Қазақстан үшін өте маңызды. Бұл имиджді көтеруге арналған. Көрменің ашылуына 17 мемлекеттің президенттері мен үкімет басшылары келді. 115 ел мен 22 халықаралық ұйым қатысады: олар бізге басты инновацияларлы алып келеді", - деді Президент.
Сондай-ақ, ол ЭКПО көрмесіне қанша шығын кеткенін де атап өтті. Президенттің сөзінше, республика жалпы көрмеге 1,3 млрд доллар жұмсаған. Жобаның жүзеге асуына демеушілер, жеке инвесторлар қатысқан, алайда барлық қаржы қазақстандық компаниялар арқылы игерілген.
"Біздің құрылыс материалдары, жұмысшылар, біздің металл өнімдері, біздің жиһаз, яғни біздің бизнес үлкен артықшылыққа ие болды. Біз компанияларды іске қостық, 7 мыңнан аса жұмыс орны құрылды. Бұдан кейін де жұмыс орындары құрылатын болады. 3 мыңнан аса туристер мен қонақтар келеді деп есептейміз. Ал бұл Астанадағы қызмет көрсету нысандары мен сервистердегі жұмысты жандандырады. Жалақы алады, бизнесмендер табыс табады. Сондықтан ЭКСПО жобасы қай жағынан болсын мемлекетке тиімді және ол бізге керек", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Айта кетейік, «Астана ЭКСПО-2017» компаниясының басшысы Ахметжановтың болжауынша, ЭКСПО-ның құны шамамен 400 млрд теңгені құрайды. Ал Forbes басылымының мәліметінше, Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесінің жалпы шығыны 3 млрд доллар. Бұл қазіргі доллар бағамымен - шамамен 950 млрд теңге.