Бірмандатты округтер бойынша мәжіліс депутаттығына өзін-өзі ұсынған 435 адамның өтініші қабылданды. Комиссиялар 125 адамды кандидат ретінде тіркеуден бас тартқан. Қалған 45 адам өтінішін өз еркімен қайтып алған. 19 ақпан күні орталық сайлау комиссиясының өкілдері осылай деп мәлімдеді. Бұған дейін мәжіліс сайлауына бірмандатты сайлау округтері бойынша 609 кандидат ұсынылғаны айтылған еді: 525-і – өзін-өзі ұсынғандар, 84-ін түрлі ұйымдар мен саяси партиялар ұсынған. Бұл туралы Азаттық радиосы жазды.
"29 бірмандатты округтер бойынша 435 кандидат тіркелді. Орташа есеппен алғанда, әр мандатқа 15 кандидаттан тиеді. Ең жоғары бәсекелестік Астанадағы №1 және №2 округтерде байқалды: аталған округтерде 41 және 42 кандидат тіркелген. Алматыдағы №3, №4, №5 округтерде 37, 33 және 34 кандидат тіркелген. Ең төмен бәсекелестік Түркістан облысындағы №25 округте – мұнда 5 кандидат бар" деді орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров. Оның сөзінен "Власть" сайты үзінді келтірді.
Петровтың айтуынша, тіркелген 435 кандидаттың 76-сын жеті саяси партия ұсынған, ал 359-ы – өзін-өзі ұсынғандар. 80 пайызы – ер адам, 20 пайызы – әйел. Кандидаттардың орташа жасы – 49-50.
ОСК өкілінің сөзіне қарағанда, 45 кандидат өтінішін өз еркімен қайтарып алған. 125 кандидат тіркеуден өте алмаған: 114-і "тіркеу құжатын толық бермеген". "Заңда көрсетілмеген уақытта үгіт-насихат жүргізгені үшін" тағы бір адамның тіркеу туралы өтініші мақұлданбаған.
Бұған дейін ОСК түрлі деңгейдегі мәслихаттарға барлығы 12 мыңға жуық кандидат ұсынылғанын хабарлаған еді. 19 ақпанда ОСК олардың 10,2 мыңнан астамы тіркелгенін айтты: 61,8 пайызы – өзін-өзі ұсынғандар, 38,2 пайызын саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар ұсынған. Олар 3081 орынға "таласады". Бүкіл елде 223 мәслихат бар.
Бір күн бұрын Алматы қаласы аумақтық сайлау округі азаматтық белсенді Әйгерім Тілеужанды мәжіліс депутаттығына үміткер ретінде тіркеуден бас тартқан еді. Сайлау комиссиясы үміткердің "сайлау жарнасының" дұрыстығына күмән келтірген. Ал жақтастары комиссия қоғамдық-саяси мәселелерге пікірін ашық айтқан, билікті сынап жүрген белсендіні тіркемеу үшін "сынықтан сылтау" іздегенін айтқан. Ал комиссия өкілдері мұны жоққа шығарды.
Қазақстанда бұған дейін де кей азаматтық белсенділер мәжіліс және мәслихат депутаттығына үміткер ретінде тіркеле алмады.
Қазақстанда кезектен тыс мәжіліс және мәслихат сайлауы 19 наурызда өтеді. Азаматтар партия атынан я жеке кандидат ретінде сайлауға түсе алады. Бір күн бұрын елде кандидаттарды тіркеу аяқталып, үгіт-насихат кезеңі басталған.
Парламент сайлауы қарсаңында Астана аралас мажоритар-пропорционал жүйе енгізілгенін алға тартып, сайлау "бәсеке жағдайында өтеді" деп мәлімдеді. Сыншылар саяси режим өзгермегенін, билік саяси күштер арасында шынайы бәсекеге жол бермей отырғанын айтады. Олардың пікірінше, бірмандатты округтерде оппозиция кандидаттары тіркелсе де, сайлауды бақылау мен дауыс санау бәрібір Ақорданың қолында.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, мәжіліс сайлауына партиялық тізім бойынша жеті саяси партия атынан 281 кандидат тіркелген.