Алматыда мәжіліс депутаттығына үміткер болған бір топ белсенді, саясаткерлер жиын өткізіп, сайлау нәтижесімен келіспейтіндерін айтып, «халық парламенті» құрылғанын жариялады. 

24 наурызда өткен жиында Алматы облысынан мәжіліс депутаттығына кандидат болған Рысбек Сәрсенбайұлы өздері қойған талаптарды орындату үшін «халық парламенті» құрылғанын мәлімдеді. Оның сөзінше, ұйымға сайлауға қатысып, өтпей қалған үміткерлер мүше болады.

– Айтылған талаптарды біз үшін ешкім іске асырып бермейді. Ол үшін біз «халық парламентін» құратын шығармыз. Оған осы сайлауға үміткер болып қатысқан, халық қолдау білдірген адамдар, елдің арасында беделі бар белсенділер де кіреді, – деді Сәрсенбайұлы.

Алматыдағы N5 округ бойынша депутаттыққа үміткер, мәжіліске өтпей қалған кандидат Мұхтар Тайжан жиында айтылған барлық ұсыныспен келісетінін айтып, сайлау нәтижесіне қарсы митингке шығу қажеттігін мәлімдеді.

– Халық бізден нақты әрекет күтеді. Мен Рысбек аға айтқан ұсыныстармен толығымен келісемін. Бірақ менің ойымша, бір датаны белгілеп, жалпы ұлттық митинг ұйымдастыруға атсалысуымыз керек. Әлбетте заңды түрде біз әрекеттерді жасауым керек. Бірақ халық көшеге шықпай, өкінішке орай, құлақ асатын мемлекет жоқ бізде, – деді ол.

Алматы қаласы бойынша N3 округтен сайлауға қатысып, мәжіліске өтпей қалған тағы бір кандидат Инга Иманбай өткен сайлаудың нәтижесін жоққа шығару керектігін айтты. Оның сөзінше, билік жалған оппозиция өкілдерін сайлауға қатыстыру арқылы Батыс елдеріне саяси бәсеке мен әділ сайлаудың имитациясын жасаған.

 – «Жаңа Қазақстан», «Әділетті Қазақстан» дейді, онда бұған дейінгі сайлаулардан айырмашылығы қандай? Қазір псевдооппозиционерлерді Батысқа, халықаралық ұйымдарға сатады. «Сендер Инга өтпеді демеңдер, бұнда да оппозиция өтті» деп сатады. Сату үшін оларды жарысқа қосты. Сату үшін әкімшілік оларға әкімшілік үгіт-насихат жүргізді, – деді Иманбай.

Қазақстанда мәжіліс пен мәслихат сайлауы 19 наурызда өткен. Сол уақыттан бері сайлау төңірегіндегі дау басылған жоқ. Өзін-өзі ұсынып, сайлаудан өтпей қалған тәуелсіз кандидаттар сайлау нәтижесімен келіспейді. Олар дауыс ұрлау, бақылаушыларды учаскеден шығарып жіберу, хаттама бермеу, полиция шақырту сияқты заң бұзушылықтар болғанын айтуда.

Биылғы сайлау ескі де жаңа жүйе – 30 пайыз мажоритар, 70 пайыз партиялық тізім бойынша өткен. Сайлау өтпей тұрып, тәуелсіз сарапшылар бұны саяси бәсеке мен демократияның имитациясы деп бағалаған.