QT редакциясы жыл басында лауазымынан босатылып, кейіннен пара алды деген күдікпен істі болған орынбасарының кінәсі дәлелденген жағдайда отставкаға өтініш жазатынын мәлімдеген министр Ақтоты Райымқұлованың мәселесі жайлы премьер-министр Асқар Маминнің атына жолдаған сұрау хатына жауап алды.

Биыл мамырда үкімет құрамындағы жалғыз әйел және мәдениет және спорт министрі  сот айыптау үкімін оқыса, отставкаға кетуге дайынмын мәлімдеген. Артынша тамыз айында Алматы қаласы Түрксіб аудандық соты бұрынғы вице-министр Сәкен Мұсайбековке 15 мың доллар пара алды деген айыппен кінәлі деп тауып, 62 млн теңге көлемінде айыппұл салған. Ресми ақпаратқа қарағанда, Райымқұлова уәдесін орындаған, бірақ  оны «тағайындаған лауазымды адам уәжді түрде бас тартқан». Конституцияның 65-бабы мен «Үкімет туралы» конституциялық заңның 19-бабы бойынша, премьер-министр президентке минкаб құрамына кандидаттардың тізімін ұсынады.

«Мәдениет және спорт министрлігінің ақпараты бойынша, министр Ақтоты Райымқұлова бұрынғы вице-министр С.Ж. Мұсайбековке қатысты сот үкімінің заңды күшіне енуіне байланысты «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңның 60-бабына сәйкес, отставкаға кету туралы өтініш берді. Өтінішті қарау нәтижелері бойынша отставка қабылданған жоқ. Заңның 60-бабының 2-тармағына сәйкес «отставкадан бас тартылған жағдайда саяси қызметші қызметтік өкілеттіктерін атқаруды жалғастыруға тиіс», – делінген Үкіметтің жауап хатында.

Редакцияға жолданған ақпаратта отставкаға өтініш қашан берілгені және оны қанағаттандарудан қандай уәжбен кім бас тартқаны жөнінде мүлде айтылмаған. Шешім қабылдаушы Тоқаев немесе Мамин қайсыбірі екені белгісіз, құқықтық аражігі айқындалмаған.

2019 жылғы қарашада Тоқаев «Мемлекеттік қызмет туралы» және «Жемқорлықпен күрес туралы» заңдарға өзгерту енгізіп, қызметкері парамен ұсталған басшыны отставкаға арыз жазуға міндеттейтін ережені бекіткен. Ресми дерекке қарағанда, 2020 жылы әртүрлі деңгейдегі 7 әкім мен олардың орынбасарлары, сондай-ақ 14 облыстық басқарма басшысы мен олардың орынбасарлары қылмыстық жазаға тартылған. Бұдан өзге былтырғы қаңтар мен биылғы наурыз аралығында, 14 айда қарамағындағы қызметкері жемқорлық жасағаны үшін 20 саяси қызметшіге шара қолданылған. Тіркелген және сот үкім шығарған істерді толық есептегенде бұл есеп әлдеқайда көп болушы еді. Дегенмен заңдағы «қатаң механизм» ретінде әспеттелген талапқа қарамасатан, бірқатар министр мен әкім қоластындағы әріптесінің жемқорлығы үшін отставкаға кетуден жалтаруда «жолы болған» я «амалын тапқан». Тағайындаушы басшының қарамағындағы қызметкердің отставка жөніндегі өтінішінен бас тарту критерийлері нақты емес.

Сонымен қоса, Қазақстанда әдетте қоғамда қатты сынға ұшырап, тіпті президенттің өзінен қатаң ескерту алған басшылардың өзі «уақытша мезеттік үзілістен» кейін түрлі жоғары лауазым иесі бола береді. Мәселен, биыл «Ұлы дала жұтына» байланысты Тоқаевтың ұсынысымен отставкаға кеткен экс-ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров бүгінде Азық-түлік келісімшарт корпорациясының басқарма төрағасы қызметінде. Дәл сол сияқты қуаңшылықтан ең көп зардап шеккен, уақытылы қамданбаған Маңғыстау облысының осыған дейінгі әкімі Серікбай Трұмов сенатор-депутат мандатын иеленді. Бірақ жоғарыда баяндалған ауыс-түйіс кезінде Тоқаев Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевқа 2019 жылы Таразда оқушы зорланғаннан кейін қала әкімі қызметінен босатылған Қайрат Досаевты басқармасы басшылығына тағайындағаны үшін сөгіс жариялап, қателігін түзеуді тапсырған. Сол күні-ақ түс ауа экс-әкімнің басқарма жетекшілігінен босағаны хабарланды. Мұны саясатшы сарапшылар мен азаматтық қоғам белсенділері «қосстандартты ұстаным» деп сынаған.

The Qazaq Times