Биыл ақпан айында жемқорлық күдігіне іліккен мәдениет вице-министрі Сәкен Мұсайбеков кінәлі деп танылды. Осыған дейін мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Тоқаев түрленткен мемлекеттік қызметкерлер туралы заңға сәйкес орынбасарының айыбы дәлелденген жағдайда отставка кететінін мәлімдеген.
Прокуратура мен тергеу органдары 15 мың доллар көлемінде пара алды деген айыптау актісін Алматы қаласының Түрксiб аудандық соты растады. Жаңа жарияланған сот шешімі бойынша, бұрынғы вице-министр Сәкен Мұсайбеков мемлекетке 62 миллион теңге айыппұл төлеуі тиіс. Ресми мәліметке қарағанда, жемқорлық ісі «Мөлшерлемелерді есепке алу орталығы» жобасын жүзеге асыру туралы келісімге байланысты қозғалған.
Осыдан үш ай ілгері, 14 мамырда өткен ОртКом брифингінде министр Райымқұлова дүйім елдің алдында орынбасарына тағылған айып дәлелденсе, орнымнан кетемін деген.
«Конституцияға сәйкес, кінәсіздік презумпциясы бар және кінә дәлелденуі тиіс. Егер оның кінәсі дәлелденсе, заңға сәйкес мен отставкаға кету туралы өтініш беремін» деген Райымқұлова мамыр айындағы жартыжылдық есеп беру жиынында.
Қаңтар айының соңында мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбековтің «өз еркімен» қызметінен кеткені хабарланған. Артынша оның «жемқорлық күдігіне» ілініп ұсталғаны туралы хабар тараған.
Қазақстанда «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға сәйкес, мемлекеттік қызметкер жемқорлықпен ұсталса, оның басшысы отставкаға кетуі тиіс.
Биылғы Токио олимпиадасында миллиардтаған қаржы жұмсалған ұлттық құраманың кіл қоламен олжалануына байланысты қоғамда Мәдениет және спорт министрлігі мен Ұлттық олимпиада комитетіне қарсы сын мен наразылық көбейген. Тіпті көпшілігі әдеуметтік желіде басшылықтағы лауазымды тұлғалардың, соны арасында министр Райымқұлова мен кей бапкерлердің отставкасын талап еткен.