Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевқа Таразда оқушы зорланғаннан кейін қала әкімі қызметінен босатылған Қайрат Досаевты басқармасы басшылығына тағайындағаны үшін сөгіс жариялап, қателігін түзеуді тапсырды. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында хабарлады.
"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевқа 2019 жылы жұмысында едәуір олқылықтарға жол беріп, қызметінен босатылған Қ.Досаевты әкімдіктің басқарма басшысы етіп тағайындағаны үшін сөгіс жариялады. Әкімге бір тәулік ішінде кадрлық қателігін түзетуге тапсырма берілді" делінген Берік Уәлидің жазбасында.
2019 жылы Тараздағы мектептердің біріндегі дәретханада 12 жастағы қызды зорлағаннан кейін Тоқаев қала әкімі Қайрат Досаевты қызметінен босатуды тапсырған. Кеше оның Жамбыл облысы табиғи ресурстар мен табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы болып тағайындалғаны хабарланған еді.
Жамбыл облысы әкімдігінің ресми сайтындағы ақпаратқа қарғанда, Қайрат Досаев Тараз әкімі қызметінен босағаннан кейін, яғни 2019 жылы желтоқсанда облыс әкімдігіндегі еңбек инспекциясы басқармасына басшы болып тағайындалған.