Жұма, 14 мамыр ОртКом алаңында халыққа есеп беріп кездесу өткізген мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова тілшінің қойған сауалына орынбасарының кінәсі сотта дәлелденсе, отставкаға кететінін айтып жауап берді.
Қаңтар айының соңында мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбековтің «өз еркімен» қызметінен кеткені хабарланған. Артынша оның «жемқорлық күдігіне» ілініп ұсталғаны туралы хабар тараған.
«Конституцияға сәйкес, кінәсіздік презумпциясы бар және кінә дәлелденуі тиіс. Егер оның кінәсі дәлелденсе, заңға сәйкес мен отставкаға кету туралы өтініш беремін» деді Райымқұлова есеп беру жиыны кезінде.
Қазақстанда «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға сәйкес, мемлекеттік қызметкер жемқорлықпен ұсталса, оның басшысы отставкаға кетуі тиіс.
Бірақ бұл ғана емес, былтыр көктемде 2019 жылы жазда Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басшысы болып тағайындалған Гүлнәр Сәрсенова жемқорлық қылмысы бойынша күдікке ілініп, тергеуге алынған. Сәрсенова осы қызметінде 400 млн аса қаражатты «асады» деген себеппен қылмыстық іс қозғала сала жасағына «өкініп» мемлекет қаражатын қайтарып берді. Осылайша жазадан оңай да жеңіл айналып өтті. Сонымен қоса, ол киногерлер тарапынан мемлекет бөлген қаржының түгел дерлігін коммерциялық жобаларға байлап берді деп те қатты сыналған. Министр өзі тағайындап, жыл өтпей басы дауға қалған ескі әріптесі жөнінде ашып ештеңе айтпады.
Мәдениет саласындағы мемлекет қаржысын талан-таражға салатындар аз емес. Осыған дейін Ақтаудағы Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық музыкалық драма театрдың бұрынғы директоры Нұрнияз Мұқанов қызметтік лауазымын асыра пайдаланып, жұмыс істемейтін танысының есепшотына бір жылдан аса уақыт бойы заңсыз жалақы аударып, бюджетке 1,4 млн теңге шығын келтірген. Одан ілгері елордада орналасқан М.Горький атындағы академиялық облыстық драма театрының экс-директоры да жөндеу жұмысына бөлінген қаражатты жымқырды деген айыппен қызметтен шеттетілсе, осыдан біраз бұрын астананың Мәдениет және спорт басқармасының экс-басшысы Нұрлан Сыдықов, М.Әуезов театрының бұрынғы директоры Ерлан Біләл да парамен ұсталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Бірақ осы жайттардың бірде-бірінде жоғары басшы отставкаға кеткен жоқ.
Дәл осы астанада мәдениет басқармасының басшысы Садықовтың сотынан кейін әкім орынбасары Бақтияр Мәкен отставкаға жазған кезінде әкім Алтай Көлгінов өтінішін қабылдамай, оған қатаң сөгіс жариялаумен шектелген. Сарапшылар мен саясаттанушылардың бір бөлігі Тоқаевтың бұл шешімін «көзбояушылық» деңгейіндегі «жалған реформа» ретінде есептейді.
«Сенімнен кетті» деген сөгіспен 2019 жылы Шымкент әкімі қызметінен алынған Ғабидолла Әбдірахымов биыл қаңтарда мәдениет және спорт вице-министрі болып тағайындалды. Қазақстанда жұмысына қоғам қырын қарап не жоғары басшылыққа жақпаған кейіпте орнынан кетіп, кейіннен тіпті биік лауазымға баратын шенеуніктер аз кездеспейді. Соның бір парасын Азаттық радиосының шолуынан көруге болады.