Кеше Алматы қаласында Азаттық радиосы, ҚазТАГ және Алматы телеарналарының журналистеріне белгісіз адамдар шабуыл жасап, жұмыс істеулеріне кедергі келтірді. Осыған байланысты бүгін біз аталмыш мәселеге байланысты саясаткер Ермұрат Бапи, журналист Қасым Аманжол, Серік Әбікен және адвокат Абзал Құспанның пікірлерін білуді жөн көрдік.
«Ақиқат» ЖСДП оппозициялық партиясының төрағасы, Ермұрат Бапи: «Бұл біздің қоғамда соңғы кездері пайда болған қарсылық қозғалыстарды тыюдың, соған іріткі салудың амалымен жасалып жатқан саясат технологиясының бір әрекеттері. Бұның артында әрине міндетті түрде не Ұлттық қауіпсіздік комитеті, не болмаса қалалық әкімшілік немесе ішкі істер органдары тұруы әбден мүмкін. Себебі әлгіндей әрекетке барып, бассыздықпен, жөнсіздікпен нақақ қылмыстық әрекет жасау, яғни соған барған адамдардың артында біреулердің тұрғанының белгісі. Осыған орай айтар болсақ, бізде қазір елде мына биліктің осы әрекеттердің өзін халықты халыққа айдап салу, «титушка» сияқты топты баспасөзге айдап салуы, ол елде заңсыздық қана емес, елде әлде бір үшінші күштердің, әлде бір фашистік істердің элементтері бар жағдай деп айтуға болады. Сондықтан бұған қоғам болып тыйым салудың әрекетін жасау керек. Мен ойлаймын, жаңағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне кірген азаматтар ең бірінші отырыста осы мәселені көтеруі керек. Оған баға беріп қана емес, осындай әрекетке барған әйелдерді анықтап, одан кейін оның артында кімдердің тұрғанын анықтап, заң негізінде оларды жазаға тартуы керек».
Серік Әбікен, журналист: «Осыдан 15 жыл бұрын қоғам да, журналистика да, полиция да басқа еді. Мысалға, 2004, 2005 жылдары бүкіл бұқаралық ақпарат құралдарындағы қазақ журналистері жиналып келісім жасағанбыз. «31 арана», «КТК», «Рахат», «Алматы» арнасы барлығы жабылып келісімге келген. Кез келген қазақ мәселесіне байланысты, журналистикаға байланысты шараларда ешқайсымыз үнсіз қалмаймыз, барлығымыз жұмыла кез келген мәселені көтереміз деген. Ол солай болды. Одан кейін 2008 жылдан бастап журналистикаға деген көзқарас өзгере бастады. Журналистиканы саудалау көбейіп кетті. Елге белгілі деген журналистердің көбісін үкімет сатып ала бастады. Содан кейін арналардың басшылығында кәсіби журналистер азайып, менеджерлер көбейді. Менеджерлердің басты мақсаты ақпарат тарату, сөз бостандығы емес, пайда табу болды. Сондықтан журналистиканың қазіргі күйі тым бейшара болып кетті. Мысалға, 2001 жылы бізге «Көк базар» күзетшілері шабуыл жасап, үлкен майдан болды. Сол кезде «Хабарға» дейін бүкіл республикалық арналардың барлығы «журналистке шабуыл жасалды» деп, үлкен мәселе қозғаған. Ал қазіргі кезде журналистердің «ауызы буулы күйде» қалды. Мысалы, кешегі Азаттыққа жасалған шабуылда тағы бірнеше арна болған көрінеді. Солардың өзі «бізге шабуыл жасалды» деп айта алмады. Мәселе қозғап отырған Азаттық қана. Сол Азаттықты журналист ретінде қорғай алмауымыз, сол туралы бір ауыз сөз айта алмауымыз қазіргі отандық БАҚ-тың қаншалықты қыспақта тұрғанын көрсетеді. Сөз бостандығының деңгейі осы. Қазір билік ауысты, кішкене болса да еркіндік келер, өзгерер деп ойладық. Бірақ сол өзгерісті көре алмай тұрмыз. Өткенде маска кигендер ереуілге шыққандарды тепкілеп жатыр. Оларды полиция ұстамайды. Астанадағы ереуілде журналистерді қолшатыр ұстаған жігіттер қайта-қайта қақпайлап жолын жауып жүр. Оларды полиция ұстамайды. Кешегі оқиғада біреу 8 әйел дейді, біреу 20 әйел дейді журналистер жұмысына кедергі жасаған. Полиция соның біреуін ғана ұстапты. Бұл не деген сұмдық?Журналист деген қазір полицияның, биліктің жауы сияқты болып кетті. Мына қоғамға жанашырлық танытып берілген ақпараттың барлығын билік өзіне қарсы жасалған шара ретінде қабылдап, полицияның тұмылдырығын алып, айдап салып қарап отыр. Сондықтан да бұл қазіргі бұқаралық ақпарат құралдарының, Журналистер одағы дейді, басқа дейді, бұлардың барлығының түкке жарамсыз екендігін көрсетеді. Кеше коалиция құрайық, журналистерді қорғайық деп жатыр. Қайда қорғайсың? Бұқаралық ақпарат құралдарының барлығының ауызы буулы болса, тағы «Facebook» пен «Instagram»-да қорғайсың ба? Міне әңгіме осында. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазып, сөз бостандығы туралы мәселе қозғап, БАҚ туралы заңды өзгертіп, толыққанды сөз еркіндігіне қол жеткізбей ештеңе өзгермейді».
Азаттық радиосының продюсері, Қасым Аманжол: «Бұл жағдай бізде бірінші рет емес. Азаттыққа бұндай шабуыл, бұндай кедергі төрт-бес рет болған. Біз бұл мәселелерге байланысты құқық қорғау органдарына арыз түсірдік. Сотқа арыз жаздық, полицияға арыз жаздық. Әзірге полициядан бұл мәселелерге байланысты жауап жоқ. Ал не себепті болды дегенге келсек, «шегірткеден қорықсаң, егін екпе» дейді ғой қазақ. Біз тәуелсіз журналистикамен айналысқаннан кейін және Қазақстандағы бейтарап, баламалы пікірді бере алатын ақпарат құралы болғандықтан, біз қандай да болсын оқиғаның ортасына барамыз, нақты сол оқиғаның ортасынан сол ақпаратты береміз. Сондықтан бізге қарсы әрекеттердің қайдан туып жатқанын болжап білгенімізбен, әзірге нақты дәлелдеріміз жоқ. Бірақ біз бәрібір бара береміз, өзіміздің миссиямызды атқарамыз. Қорғау бойынша, халықаралық медиа ретінде біздің өзіміздің ішкі қауіпсіздік қызметтеріміз бар. Ол бойынша біздің өз кеңестеріміз бар. Әрине өте үлкен күш қолданамыз десе, біз күшке күшпен жауап бере алмаймыз. Қазір біз заң аясында өзіміздің нақты реакциямызды білдіріп жатырмыз. Шынымен өкінішті осындай қиын жағдайда қалғанымыз. Басқа журналистер тарапынан да, медиа тарапынан да үлкен қолдау байқап жатқан жоқпыз. Бұл да өкінішті. Жаңағы мемлекеттік органдар тарапынан да әзірге нақты қолдау байқалған жоқ. Ал журналистер жұмысына кедергі келтіру Қылмыстық кодексте, БАҚ туралы заңда да қарастырылған. Яғни қылмыстық жауапкершілік Қазақстанда бар бұған байланысты».
Адвокат, Абзал Құспан: «Бұл әйелдерге кем дегенде «қоғамдық тәртіпті өрескел бұзғаны үшін» «бұзақылық іс» қозғалуы керек. Бірақ бір нәрсе анық болып отыр. Бұл әйелдер арнайы ұйымдастырылған топ екендігі белгілі. Яғни мақсаттары елдің алдына шыққан, елдегі елеулі оқиғаларға әсер ету үшін пайдаланып отырған біреулердің «қолшоқпары» екендігі анық. Сол себепті бұл әйелдердің жазаға, жауапкершілікке тартылатынына сенімсіздікпен қараймын. Биліктің, мемлекеттің бұндай әрекеттерге баруы мемлекеттің құрдымға кетіп бара жатқандығының көрінісі. Бұл қоғамның емес, мемлекеттің басында отырған адамдардың ауруға ұшырағандығынан хабар береді. Мен бұл азаматтардың республикалық деңгейдегі адамдар жұмсап отыр деп ойламаймын. Бұл жергілікті биліктің, күштік құрылымдардың ұйымдастырғаны деп ойлаймын. Дәл осы әйелдер осыдан бір ай бұрын Сәуле Әбділдаханқызын ұрған. Бұл түсіне білген адамға сұмдық».
Жалпы, соңғы уақыттары елімізде журналистердің жұмысына кедергі келтіру оқиғалары жиілеп кетті. Көпшілік жұрт бұны билік транзитімен байланыстыруда. Неде болса, бұның арты жақсылыққа апармайтыны анық. Күні кеше Азаттық радиосы мен ҚазТАГ журналистеріне шабуыл жасаған адамдар дәл қазір Қазақстанда оппозицияның, азаматтық қоғамның, қаптаған ұйымдар мен саяси институттардың жүгін санаулы ғана тәуелсіз басылым арқалап жүргенін түсінбейтін тәрізді. Түсінбейді дейміз ау, жоғарыда сарапшылар айтқан болжамдарға қарағанда, халық арасында «титушка» аталып кеткендер енді осы санаулы ғана басылымның тынысын тарылтып, ақпарат алаңын балама көзқарас иелерінен толықтай тазартуға кіріскен сияқты...