Бүгін Әзірбайжанда сегіз үміткердің қатысуымен президент сайлауы өтуде. Бірақ сайлауға осыншама адамның қатысуына қарамастан қазірдің өзінде сарапшылар елдің қазіргі президенті Ильхам Әлиевтың жеңіске жететініне ешқандай күмән келтірмеуде. Бірақ бүгін біз Әзірбайжандағы президент сайлауы жөнінде емес Әлиевтың басқаруындағы елдің әлем алдындағы беделі жөнінде әңгіме қозғамақпыз.
Ильхам Әлиев билік басына 2003 жылы келді. Оған дейін ресми Баку тізгінін оның әкесі Гейдар Әлиев ұстаған. Ильхам Әлиев осы уақытқа дейін 2008 және 2013 жылдары өткен президент сайлауларына қатысып, барлығында айқын басымдықпен жеңіске жетті. Ол өзінің Қазақстан, Өзбекстан және Ресейдегі әріптестеріне қарағанда Ата Заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізуді ертерек бастады. Әлиев президент болып сайланғанына не бәрі бес жыл болғанда Әзірбайжан Конституциясына өзінің президент сайлауына шексіз қатысуына мүмкіндік беретін бап енгізді. Оның бұл әрекетін оппозиция өкілдері мен тәуелсіз халықаралы ұйымдар қатаң сынға алды. «Freedom House» ұйымы Әлиев билігін әлемдегі ең қатал режимдердің қатарына енгізді. Бірақ ол бұнымен тоқтаған жоқ. Бес жыл сайын сайлауда жеңіске жетуден шаршады ма, жоқ әлде қарсыластарын аяды ма белгісіз. Әйтеуір 2016 жылы Конституцияны тағы өзгертті. Бұл жолы ол бес жылдық президенттік мерзімді жеті жылға бірақ созды. Осыдан кейін Әзірбайжанның әлем алдындағы беделі «үшінші әлем» елдерінің деңгейіне бірақ түсті. Ұлыбританиялық The Economist басылымының рейтингі бойынша, демократиялық бағытта дамыған 167 елдің ішінде Әзірбайжан 140 орынға тұрақтады. Ал әлем бойынша сөз бостандығына шектеу қойылған елдердің тізімін жариялаған «Шекарасыз журналистер ұйымы» Әзірбайжанды 180 елдің ішінде 162 орынға жайғастырған. Human Rights Watch халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымы өзінің жыл сайынғы баяндамасында 2017 жылдың өзінде Әзірбайжанда саяси себептермен 25-ке жуық тәуелсіз журналистер мен азаматтық белсенділердің сотталғандығын мәлімдеген.