Орыс тілінен құлаған баланы орнынан тұрғызуы
1968 жылы оқуды бітірдім. Әкем қарт темір жолшы еді. Сақалы белуарға түскен, айбынды адам болатын. Бір күні маған «жүр балам, қалаға оқуға түсесің» деді. Менде арман көп, «ұшқыш болам, анау болам, мынау болам» деп алып ұшып тұрған кез. Содан, Түркістаннан Шымкентке жол тарттық. Барған соң мені «Шымкент технологиялық институтының» жатақханасына қалдырып кетті. Орысшадан жұрдаймын. Бірер қайырым ғана бар. Сол арада талапкер болып, емтиханға дайындала бастадым. Орташадан жоғары оқитын едік. Бірінші емтихан – химиядан бес алдым. Екінші емтихан орыс тілінен диктант болды. Одан екі алдым. Өтпей қалыппын. Ауылға телефон соқтым. «Көке, осындай болды». «Жә, балам, ертең барамын» деді әкем.
Ертеңінде әкей келді. Келді де, ертіп жүрді. Алдында Жұмабек Тәшенов үйімізге бірер мәрте келген. Жұрағаттығымыз бар еді. Ол кезде баламыз, мән бермейтінбіз. Жұмекең онда Шымкент облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болатын. Қабылдауына кіріп едік, шофері Ықтияр деген жігіт отыр екен. «Көке, келіңіз» деп жігі-жапар болып жатты. Іште бір адам бар секілді. Сол шыққан соң әкем кіріп кетті. Әңгімелесіп, біраз отырды.
Әлден уақытта мені шақырды. Кірдім. Жұмекең көзілдірігінің үстінен қарап отыр екен. Кішкентай бойлы адам еді. «Не болды ей, бала?» деді. «Осындай да, осындай, орыс тілінен өте алмадым» дегенді айттым. Ойланып, бір дем отырып қалды. Содан, телефон тұтқасын алды да, «Сүлейменовты қосыңдар» деді. Сүлейменов технология институтының сол кездегі ректоры болатын. Аздан соң ол байланысқа шықты. Жұмекең «әй, бәленше» деді. Сол бейнесі әлі күнге көз алдымда. «Мына, қазақтың балалары орысша білмесе жоғарғы оқу оқымау керек пе, бұл қалай өзі» деді. Басқа ештеңе демеді, трупканы қоя салды. «Өйт, бөйт» деген сөз болған жоқ. Ар жағындағы адамның реакциясы қалай болды, оны бала болсам да, іштей шамаладым. Сосын, біз рахмет айтып, шығып кеттік.
Институтқа барсақ, қабылдау комиссиясының бастығы Бұралқиев деген кісі күтіп тұр екен. Ары қарай, бәрі сәтімен болды. Үшінші емтиханнан да сәтті өттім. Сөйтіп, оқуға, мұнай-газ факультетіне түсіп кеттім. Бір қазақтың баласы болса да, оқысын, білім алсын дейтін Жұмекең солай қамқор адам еді. Қазақстанда жүріп, орыс тілін білмегені үшін құлаған қазақ баласына солай сүйеу болған. Бұндай мысалдар көп болар деп ойлаймын өзім.
Жұмекең шытырлаған он сомдықтарды шашып кеп жіберді
Ол кісі туралы екінші бір есте қалған жағдай мынау еді. Оқуға түсіп алған соң, кейде қарнымыз ашқанда, Жұмекеңнің үйіне түскі асқа барып тұрамыз. Құтжан деген туысқан інісі менімен бірге оқыды. Ара-тұра мені ертіп алады. Бір күні солай барып, отырғанбыз. Біз ас үйде едік. Әлден уақытта есік қоңырауы шылдырлады. Бәтес апамыз ашып еді, үйге екі кісі кіріп, төргі залға қарай кетті. Жұмекеңнің кабинетіне ас үй арқылы өтетін. Өзі кабинетінде еді. Бәтес апамыз барып айтқан соң, ол кісі шығып, біздің алдымыздан өтті де, залға шықты. Сол жақта біраз әңгіме болды. Сөйтіп отырған бір уақытта, Жұмекеңнің дауысы қатты шықты. «Атаңа нәлет, қасиетсіздер. Жоғалыңдар көзіме көрінбей» деп айқайлағанын анық естідік. Сөйтсек, ана кісілер бір ауданның совхозынан келгендер екен. Жұмысқа тұруына Жұмекең қол ұшын беріпті. Енді соның қарымжысы деп, ақша ұсынып келген келісі екен. Мүмкін, тағы да бір шаруасын орындату ойларында бар ма, кім білсін?! Әйтеуір, өңкей шытырлаған он сомдықтар. Біз де жүгіріп шықтық. Жұмекең ашуланып кеткен екен. Ақшаларды әлгі кісілердің бетіне шашып кеп жіберді. Сытырлаған көгала қағаздар суылдай ұшып жан-жаққа шашылғанда, біреуі ұшып келіп, менің аяғымның дәл жанына түсті.
Осы кезде Бәтес апайымыз ақшаларды жинап, ана кісілерге берді де, тез шығарып жіберді. Жұмекең өңі түтігіп, біразға дейін үндемей отырып қалды...
Түркістанның қарт тұрғыны, зейнеткер, көп жыл білім саласында еңбек еткен Пернетай Қамбарұлы әңгімесін осылай аяқтады. «Жұмекеңдер заманының шынжырлауы арыстаны, адамгершілігі мен азаматтығын жоғалтпаған арда қазақтың бірі ғой» деп түйіндеді сөзін.
"The Qazaq Times"