Түркістан облысында жүргізушілер жанармайдың қымбаттауына, балаларға вакцина салуға, ақылы жолдарға қарсылық білдіріп жатыр. Бұл ақпаратты Азаттық радиосы хабарлады.
Басылым мәліметінше, 30 қыркүйекте Түркістан қаласынан Қызылордаға қарай шығатын жолда Қарашық ауылы маңында елу шақты жүргізуші қарсылық білдіруге жиналған, бірақ полиция оларды қайтаруға тырысып жатыр. Азаттық бұл хабарды оқиға орнында жүрген жүргізушілердің бірі Абай Төреханов айтқанын жазды.
"Қарапайым халық, басым бөлігі шопырлар тұрмыз. Жолдың ақылы болуына қарсымыз, балаларға вакцина салуға, жанармайдың қымбаттауына қарсымыз. Ешқандай төбелес жоқ. Бірақ полиция "қайтыңдар, үйтіңдер, бүйтіңдер" деп жатыр" деді жүргізуші Абай Төреханов Азаттық тілшісіне.
"Оның Азаттыққа жіберген видеосында трасса маңында жүк көліктердің тоқтап тұрғаны, ондаған адам мен бірнеше полиция қызметкерінің жүргені байқалады. Ақпаратқа қарағанда, полиция оларға фото-видео түсіруге тыйым салған. Берік Ерденов есімді жүргізушінің Азаттыққа айтуынша, "полиция мазалай берген соң жүргізушілер көліктеріне кіріп алып, наразылықты сонда жалғастырған". Әзірге жүргізушілер тарамаған. Наразылар оқиға орнында байланыстың нашарлағанын да айтып жатыр" деп жазды Азаттық радиосы.
Басылымның жазуынша, елде кейінгі күндері жүргізушілердің наразылыққа шығып, жанар-жағар май бағасын қымбаттатпауды талап ететіні жайлы ақпарат тараған. Осы аптада Шымкентте жүргізушілер белсендісі ұсталып, оларды қолдағандардан полиция түсініктеме алған.