Тараз қаласының орталығында орналасқан Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында тағы тоғыз адамға қатысты Қаңтар соты жүріп жатыр. Осыған дейін Тараз қалалық соты ел арасында «Әруақтар соты» аталып кеткен бес марқұм мен көзі тірі төрт адамның ісін қарап, тоғыз азаматтың бәрін айыпты деп таныған.
Бұл жолғы «тоғыздық сотында» да қаңтаршылар әкелі-балалы Махатовтардан өзге бірін-бірі танымайтынын, десе де бәрін бір топ ретінде айыптап жатқанын айтады. Қазақстанның прокуратура органдарының бұрын бөтен болып, кейін абақтыда танысқан адамдарды бірге айыптап жататыны жиі сөз болады.
24 наурыз күні сағат 10:30-да ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің №67 мекемесі, тергеу изоляторында кезекті сот отырысы өтті. Сот ісін судья Айдарбек Замбаев* қарап жатқанына төрт айға жақындаған. 7 желтоқсаннан бері ондаған сот отырысына қатысып жүрген айыпталушылардың туыстары мен қорғаушылар көп дүниенің беті ашылса да, прокуратура мен тергеу органдары тиісті әрекет етпей отыр дейді.
Тоғыз қаңтаршының бәрі қазақ, бұрын сотты болмаған.
«Жасанды Рембо»: Подполковник Әділбай ҰҚК мен әсерилер атысынан қаза тапты
38 жастағы Ербол Жұманов QT журналистеріне ҰҚК мен әскерилер атысында қаза тапқан подполковниктің өлімін мойына нақақ іліп отырғанын айтып шағынды.
Оған Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі («Қылмысқа оқталу») негізінде 291-бабы 3-бөлігі 4-тармағы («Қаруды, оқ-дәрілердi жымқыру»), 380-1-бабы 2-бөлігі 10-тармағы («Құқық қорғау органы, арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің, әскери қызметшінің өміріне қолсұғушылық»), 287-бабы 4-бөлігі («Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру») бойынша айып тағылған.
– Комитет подполковнигін өлтірді деп айыптап отыр. Мен онда болмағам. Олардың дәлелдеме видеолары кесілген, алынып тасталған. Нагло болып жатыр. Заңсыз былық. Бұл жерде тек ҰҚК шешеді. Ешқандай әкім де, сот та шешпейді. Адам өлтірмек тұрмақ ол жақта болғаным да жоқ. Болдың, өлтірдің деп, жалғыз өзім қырық адамды қырып кеттің деп жатыр. Онда Арлан бар, ҰҚК пен әскерилер бар, қалай жалғыз өзім қырып кетемін?.. Видеода бір дәлел жоқ. 380-баптың 1-бөлігімен соттап жатыр, оған 15 жылдан өмір бойына дейін жаза қарастырылған. Мен мүлде түрмеде отырмаған адаммын. Мен ол кезде үйде болғам, – дейді Жұманов.
Отбасылы, бұрын істі болмаған ол ҰҚК мен әскерилердің атысын «видеолармен дәлелдеп бергенін», алайда сот пен прокурор оған көз жұмып қарайтынын мәлімдеді.
«ҰҚК мен әскерилер бір-бірімен атысып, подполковник Әділбайды өлтіріп қояды. Біреуді айыптау керек қой. Алады да әке-шешем жоқ, жеке адвокат жалдауға шамасы жоқ маған іледі. Үкіметтің берген адвокаты үндемейді, өзім үшін өзім сөйлеп отырмын. Қырық адамның арасына жалғыз барып, подполковникті өлтіріп кетеді екенмін», – деді.
Белгіленген уақытынан кешігіп басталған сот отырысы 8 минутта аяқталды. Прокурордың «екі бүркеншік куә сотқа белгісіз себеппен келмеді, соған байланысты келесі сот отырысына алдырсақ» деген уәжі мен Жұмановтың видео дәлелдемелердің түпнұсқасын алдыру өтініші негізінде сот талқылауы кейінге қалдырылды. Айыпталушы Жұманов Бас прокуратурадан келген хаттың мазмұнымен таныстырды.
– Сот барысында оқты да дәлелдеп жатырмыз. Оқтың артқы бөлігі бары белгілі болды. Сол арқылы оқтың қай автоматтан атылғанын дәлелдей аламыз. Соған мына жерде көз жұмып жатыр, прокурор тараптан да ешқандай әрекет жоқ. Бейнежазба бір жерінен емес, әр жерінен кесілген. Өздері монтаж жасаған. Видеоның түпнұсқасын сұраттық, арыз да жаздық президентке де. Нәтиже жоқ. Жарызссөзге дейін қарап үлгеру керек. Қазір сот талқылауында айтылмаса, кейін жайына қалады. Прокурор айыптаушы тарап, бірақ не жағдай болмасын әділ болуы керек қой. Жеті бейнежазбаның төртеуін көрдік. Барлығының кесілмеген түпнұсқасын көрейік. Сол кезде анығы шығады. Егер қалған үшеуі де монтаждалған болса, онда білмеймін. Мен деп көрсеткен видеодағы адамдар мүлде басқа, үш видеодағы үш адамның түрі де, бойы да, киімі де әртүрлі. Маған тағылған 380-баптың айыбы алынып тасталсын, – деді Жұманов сотқа.
Осылайша бірер минутта аяқталған соттың келесі отырысы 28 наурызға белгіленді.
Ержан Жұмановтың бауыры әрі қоғамдық қорғаушысы Бекжан Жұманов інісіне тағылған айыптың ең ауыры – Дастан Әділбайды атып өлтірді дегені жалған дейді.
– Інімді былтыр 7 қаңтарда алып кеткен. 15 айдан бері өте ауыр қылмыс жасады деп айып тағып отыр. 30 әскери жауынгер, Арлан сарбаздары, ҰҚК-ның 5 қызметкеріне барып, «жалғыз өзі қырған» екен. Сот отырысында көп шындық шығып жатыр. Тергеу органы әкелген бейнежазбаларды бермей отыр. Сотқа өтініш жасап, видеоны алдым. Зерттеп қарадым. Нағыз атыс болған уақыты кесілген. Камаз көлігінен жауынгерлер түскен кезден бастап 1.5 минут кадры кесілген. ҰҚК мен әскерилер атысқан. Соның салдарынан Дастан Әділбай деген подполковник қаза тапқан. Мәйіттен оқты алған, оны зерттеген екі сарапшыны шақырдық. Жарқырағыш оқтың артында капсула болады деді. Бейнежазбаны баяулатып қараса, марқұмға тиген оқ әлі жанып жатты. Бұл – оқ капсуласымен денеде болған деген сөз. «Жаңа Қазақстанда» әділ сот болса дейміз. Жалғыз өзі Рембо болды, қырды, адам өлтірді дегенмен келіспеймін, – деген пікірде.
Өкінішке ұшыратқан әкімдік өтініші: «Басу айтам деп, басым бәлеге қалды»
Жамбыл облысы Жамбыл ауданының «Құрметті азаматы» әрі белгілі кәсіпкер Нұрахан Махатов 5 қаңтарда облыс әкімі аппаратынан басу айтуға шақырту алғанын, бірнеше ақсақалмен алаңға барып, жұртты тәртіпке шақырғанын айтады.
63 жастағы Махатовқа Қылмыстық кодекстің 272-бабының 1, 2, 3-бөліктерімен («Жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру және қатысу») құқық бұзушылық жасады деп айып тағылған. Жол, балабақша, мешіт салған кәсіпкер былтыр шілдеде президент Тоқаевқа араша сұрап, әділдік талабымен хат жазған.
«Ұйымдастырушы не екенін де білмеймін. Менің қол астымда 70 адам жұмыс істейді, бәрі жастар. Егер мен организатор болсам, жүр десем келетін еді ғой. Жалғыз басу айтуға бардым, сонда болған бір-екі ақсақал да айтты», – деді кәсіпкер Махатов.
Ол оқиға күні облыс әкімінің орынбасары Дәулет Рүстемге жағдайды баяндап, қоңырау шалғанын жеткізді. Көпшілікке басу айтып, Жамбыл Жабаевтың ескерткішін құлатуға қарсылық білдіріп, араша болғаны үшін наразылардың бір бөлігінен таяқ жегенін жазады.
– 70-80 адамды ертіп әкелгендер сыртта жүр. Басу айтуға барып, басым бәлеге қалды, – дейді.
Сонымен қоса, Махатовтың ұлы – Қанат Нұраханұлы да айыпталып отыр. Ол – көпбалалы әке әрі режиссер. Мемлекеттік айыптаушы оны әкесімен бірге жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды, қару-жарақ жымқырды дейді. Қанат өзіне тағылған айыптың, Қылмыстық кодекстің 272-бабының 1, 2, 3-бөліктері («Жаппай тәртіпсіздік») және 291-бабы 3-бөлігі 4-тармағының («Қаруды, оқ-дәрілердi жымқыру») бірде-бірімен келіспейді.
– Қаңтар оқиғасында әкемді іздеп барғанмын. Полиция департаменті жақта болмағам. Маған ұйымдастырушы болдың, қару-жарақ алдың деп іліп жатыр. Бір видео, бір қарудан саусақ ізі, дәлел табылмаған. Қанша адам қару ұрлап, арсеналмен шығып кетті. Әкеммен шантаж жасап, негізсіз ұстап отыр. ...Маған таққан айыптың бәрі жалған. Маған қатысы жоқ әлдебір видеоны сылтауратып жапты. Тоқаев, бізге көмектес, Таразға мән бер! – деді Қанат Махатов.
Махатовтың жары, Қанат Нұраханұлының анасы Балқия Ыбыраева әкелі-балалыларға Тоқаевтың амнистия туралы күзгі жолдауынан кейін бірден қосымша «ұйымдастырушы» ретінде 272-баптың 1-бөлігі тағылғанын айтады. Арада үш ай өтпей айыптау актісі бекітілген.
«Шалды көрсетсең, шығасың»: күмәнді куәгерлер
Нұраханның әйелі, Қанаттың анасы Балқия Ыбыраева «Нұрекеге көрсетсең, шығасың дегенге келіспеген Дәурен Нұралиевке де ұйымдастырушы деген айып ілді» дейді. Халықтық толқудың алғашқы күні ғана, 4 қаңтарда алаңға бейбіт наразы ретінде барған Дәурен Нұралиев тергеушілер «шын ұйымдастырушыларды бізге куә етіп қойды» дейді. Ол куәгерлерді жалған деп есептейді. Сондай-ақ тергеу тарапынан «Щалды көрсетсіңдер, шығасыңдар» деген ұсыныс ашып айтып берді.
Мұны тоғыз қаңтаршының бірі Айбол Сағынтай да растайды.
«Алаңда көлікпен адам тасығандар, арақ-су таратқандар болды. Тергеушілер кімнің сұрауы жоқ, соны әкеп тықты. Амнистия туралы белгілі болғанда-ақ бәрімізге «ұйымдастырушы» деген қосымша айып тақты тағы, босап кетпесін деп», – деп ашынады Сағынтай.
Қамаудағы қаңтаршылар куәгерлер – Мұратхан Мырзалиев және Руслан Баширов екенін бірауыздан айтты.
– Мұнда бес адамға бір куә. Ойлаңызшы, он мың адам бар қалада бір-бірімізді танымайтын, бес жақта жүрген бесеуімізді бірдей көреді екен. Өзі осында қылмысты болып отырып шыққан. Екеуі де Қаңтар оқиғасында ұрлық жасаған, билік өкіліне қарсы әрекет жасаған деген айыппен отырып, кейін босатылған, – дейді Сағынтай.
Қаңтаршылардың бірінің анасы Мейрамкүл Нұралиева «қамаудағы балаларды бір-біріне айдап салуды», әділдікті талап етеді.
– Мұндағы жігіттермен осында енді таныстық. Бізге куә болып отырған адамдардың өздері қаңтардың 2, 3, 4-і жүрген. Солар жаны үшін, шығып кетуі үшін бізге куәлік етіп отыр. Осында отырған балалардың бәріне бір куәгер. Әрқайсымыз әр жерде жүргенбіз. Сонда ол мені де, оны да, ананы да, Айболды да көреді, – дейді Нұрахан Махатов.
Қаңтаршылар мен туыстары «бейбіт қатысушыларды «ұйымдастырушы» етіп отырған 272-баптың бірінші бөлігін алып тастауды» талап етеді.
Қосымша ақпарат
«Тараздағы тоғыздық – 2» ісінде айыпталып отырған қаңтаршылар:
- Айбол Сағынтай, 30 жаста – Қылмыстық кодекстің 272-бабының 1,2,3-бөлігімен;
- Досмұхамбет Садықов, 36 жаста – Қылмыстық кодекстің 272-бабы 2-бөлігімен;
- Дәурен Нұралиева, 28 жаста – Қылмыстық кодекстің 272-бабының 1,2,3-бөлігімен;
- Ермахан Сайлауов, 24 жаста – Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі негізінде 291-бабы 3-бөлігі 4-тармағымен және 287-бабы 4-бөлігімен;
- Ербол Жұманов, 38 жаста – Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі негізінде 291-бабы 3-бөлігі 4-тармағы, 380-1-бабы 2-бөлігі 10-тармағы, 287-бабы 4-бөлігімен;
- Жақсылық Абдуллаев, 32 жаста – Қылмыстық кодекстің 272-бабының 1,2,3-бөлігімен;
- Нұрахан Махатов, 64 жаста – Қылмыстық кодекстің 272-бабының 1,2,3-бөлігімен;
- Қанат Нұраханұлы, 35 жаста – Қылмыстық кодекстің 28-бабы 5-бөлігі негізінде 272-бабының 1, 2, 3-бөліктері және 28-бабы 3-бөлігі негізінде 291-бабы 3-бөлігі 4-тармағымен;
- Саламат Қосанов, 21 жаста – Қылмыстық кодекстің 272-бабының 2-бөлігімен.
*Айдарбек Замбаев 2020 жылы ақпанда болған Қордай қақтығысына қатысты шығарған үкімінде 50 адамды кінәлі деп танып, оның 19-ына 7-20 жыл аралығында түрме жазасына кескен, бір адамды ақтаған. Айыпталушылар тергеу кезінде электрошокермен тоқ соғып, ұрып-соғып азапталғанын айтқан. Сот соңында 24 адам айыбын толық, 10 адам ішінара мойындаған, тағы 17 адам мүлде жазықсыз екенін мәлімдеген.