17 тамызда өткен сот отырысында Жамбыл облыстық апелляциялық соты Таразда Қанды Қаңтарда «ҰҚК подполковнигі Дастан Әділбайды өлтірді», «қару-жарақ ұрлады және сақтады» деп айыпталып, 16 жылға сотталған Ербол Жұмановтың апелляциялық шағымы бойынша қаулы оқыды. Сот алқасының төрағасы Нұрмұхаммат Абидов бірінші сатылы соттың үкімін өзгеріссіз қалдырды. 

Ербол Жұманов пен оның қорғау тарапы сот қаулысына наразылық білдіріп, алдағы уақытта Жоғары сотқа кассациялық шағым түсіретіндерін мәлімдеді. Қаулы оқылғанда айдауыл Ербол Жұмановты қорғаушыларынан алшақ, залдың есікке жақын бөлігінде орналасқан торға отырғызды. Бұған дейінгі сот процестерінің барлығында ол журналистерге жақын жерде отырғызылып келген. Айдауыл сот қаулысы оқылып біткен тұста, оны соңына дейін сөйлетпей, залдан алып кетті.

Сот алқасы Нұрахан Махатов, Айбол Сағынтай, Жақсылық Абдуллаевтың бірінші сатылы сот шығарған үкімдерін бұзып, әрқайсысын 4 жылға бас бостандығынан айырды (бірінші сатыдағы сот 5 жылға соттаған). Процесс аяқталғаннан кейін адвокаттар залдан шығып бара жатып, сотталушылардың туыстарына басу айтып, үш айдан кейін мерзімінен бұрын босап шығуға мүмкіндіктері бар екенін айтып жатты.

Түске дейінгі сот отырысында Ербол Жұмановтың қорғау тарапы сот алқасына сенімсіздік білдірген. Ербол Жұмановтың қоғамдық қорғаушысы Ержан Жұманов осы уақытқа дейін 16 өтінішхат түсіргендерін, оның 12-і қанағаттандырылмағанын айтты. Бірақ оны өзге сотталушылар мен олардың қорғаушылары қолдамады. Сот алқасы осыны алға тартып, өтінішхатты қанағаттандырмады.

Процесті басынан аяғына дейін залдың артқы бөлігінде арнайы жасақ бақылап отырды. Ғимарат сыртында жедел жәрдем, өрт сөндіру қызметінің көліктері тұрды.

Прокурор Саяхат Бағдатұлы қорытынды сөзінде Ербол Жұмановтың рақымшылық заңын пайдаланып, жазасын өтеу мерзімін қатаң режимнен қауіпсіздігі орташа мекемеге ауыстыруды сұрады.

Ол бұған дейінгі айыптау актісінде Жұмановтың 16 жыл жазасын өзгеріссіз қалдыруды сұраған.

Қанды Қаңтар кезінде бірінші сатылы сот Ербол Жұмановты ҚР ҚК 291-бабының 3-бөлігі 4-тармағы, 24-бабының 3-бөлігі, 287-бабының 4-бөлігі, 380-1-бабының 2-бөлігі 2,10-тармақтарымен кінәлі деп танылып, 16 жылға бас бостандығынан айырған.

Ербол Жұмановтан бөлек, бұл іс бойынша тағы 8 адамға үкім шыққан. 28 сәуірде судья Қадірбек Нұржан Нұрахан Махатов 6 жылға, Айбол Сағынтай мен Жақсылық Абдуллаевты 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесіп, Қанат Нұраханұлы, Ермахан Сайлауов, Дәурен Нұрәлиев, Досмұхаммет Садықов және Саламат Қосановты рақымшылық заңын пайдаланып, сот залынан босатқан.

The Qazaq Times