Коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцина өндірісінің мемлекеттік жоспары көп құбылды. Түркияда құйылады делінген бастама кейіннен іске аспай қалды. Зауыт құрылысы, вакцинаны жасап шығару, оның жаппай өндірісі т.б. шығындарға аз қаржы жұмсалмады.
QT редакциясы премьер-министр Асқар Маминнің атына жолдаған сұрау хатына осы сауалдар бойынша жартылай болса да жауап алды.
«Білім және ғылым министрлігінің ақпаратына сәйкес, «Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты» РМК-ның 2021 жылғы 8 қазандағы №05-03/2165 хатына сәйкес COVID-19 індетіне қарсы 5 түрлі вакцина әзірлеуге 1,5 млрд. теңге бөлінді», – делінген Үкіметтің жауап хатында.
Сәуір айында институт басшылығы атышулы QazVac вакцинасын қоса алғанда бес түрлі екпе әзірленіп жатқанын хабарлаған. Екінші түрі – субуниттік екпе, бұл клиникаға дейінгі кезеңнен толық өтіп үлгерген. Тағы екі бірдей векторлы вакцина жасалып жатыр. Олар Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығында мемлекеттік сараптамадан оң нәтиже көрсеткені айтылды. Вакцинаның бесінші түрі – актвиті, яғни «тірі» вакцина.
Сонымен қоса, жері 4,1 гектар болатын аумақта қоныс тепкен екі қабатты Биофармацевтикалық зауыт құрылысын «OtarBioPharm» ЖШС салып жатыр. Бірінші кезеңі биыл тамыздың соңында, екінші кезеңі аяқталған соң 2022 жылы толық қолданылуға беріледі деп жоспарланған. Аумағы 620 шаршы метр нысан іске қосылған кезде жылына құйылатын құтыға байланысты 30-60 млн доза аралығында препарат өнідірілмек. Зауыт құрылысының құны 7 млрд теңге.
Биологиялық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі ғылыми зерттеу институтының зауыты СҚ-Фармация операторының қорына жыл соңына дейін 2 миллионнан аса доза вакцина жеткізуі керек. Қаңтар-тамыз айларында 925 мың доза жеткізілген.
Үкімет көктемде қабылдаған қаулысында QazCovid-in отандық вакцинасының 7 миллионнан аса адамға арналған бюджеті 31 млрд 610 млн 900 мың теңгеге 15 млн 680 мың дозасын сатып алуды жоспарлағанымен, көп өтпей жазда межені бес есеге қысқартты. Сөйтіп биылға өндіріс көлемін 1,5 млн азаматты егу үшін 6 млрд теңге қаржыға 3 млн доза көлемінде бекіткен. Кейбір сарапшылар мен азаматтық белсенділер отандық екпе өндірісіне қатысты билік жоспарының күрт өзгеруін үкімет жұмысындағы кемшілік пен ресейлік вакцинаның монополиясы ретінде сынаған.
Қыркүйек айының басында институт директоры Күнсұлу Закария QazVac-ты жыл соңына дейін Швейцария тіркейтінін мәлімдеген. Ары қарай Африка мен Латын Америка елдеріне экспорттау бастамасы көтерілді.
Қазақстан пандемия басталғалы коронавирусқа қарсы күреске 565 млрд теңге қаржы бөлген. Оның 108 млрд теңгесі тек вакцинаға қарастырылған. Бірақ бұл есепке Pfizer және ревакцинация шығыны кірмеген.
Қараша айының үшінші онкүндігінде екпе алғанына жарты жылдан асқандарға арналған ревакцинация науқаны басталады. Алдағы жылы шетелдік вакциналар ақылы болады. Ресми дерекке қарағанда, қазір екпенің толық компонентін алғаны – 7,5 млн адам. Министрлік жыл соңына дейін 11 миллионнан аса адамға екпе салуды жоспарлап отыр.