QT редакциясы бірнеше айдан бері сұрап келе жатқан вакцина салу науқанына бөлінген қаражаттың есебі туралы сауалға Денсаулық сақтау министрлігі жауап берді. Ведомствоның баспасөз хатшысы Әсел Артықшинова ұсынған ресми мәліметте биыл коронавируспен күресуге жалпы жиыны 313,3 млрд теңге бөлінгені көрсетілген. Халық қазынасынан бөлінген қомақты қаражат қайда жұмсалмақ? Үкімет жоспарын неге екі рет өзгертті?
Өткен көктемде Үкімет коронавирусқа қарсы бөлінген қаржының есебін екі рет өзгертті. «Естуші Үкіметтің» екіойлы болу себебін анықтап көрелік. Наурызда қабылданған қаулыға байланысты қаржы көлемі 228,3 млрд теңгеден 313, 3 млрд сомаға дейін артқан. Үстіне қосылғаны – 85 млрд теңге. Бастапқыда Үкімет резервінен 50,2 млрд теңге қарастырылса, кейін бұл 100,4 млрд-қа ұлғайды. Наурызда бекітілген жоспар бойынша, биылға 9,9 млн адамға 49,6 млрд теңгеге вакцина, 600 млн теңгеге шприц сатып алынбақ болған. Бұл қаржының 18 млрд теңгесіне 2 млрд 60 млн адамға «Спутник V» және 31,6 млрд теңгеге 15 млн 680 мың адамға QazCovid-in екпесін алу жоспарланған еді. Бірақ Үкімет отандық вакцина өндірісінің әлеуетін артық бағалап қойғанын кеш те болса ұғынып, межені өзгертті.
Тұздық: 21 сәуірде денсаулық сақтау вице-министрі Жандос Бүркітбаев QT редакциясына берген жауабында «Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен қаражат бөлу туралы» 31 наурыздағы қаулыға сәйкес вакцинация науқанында қолданатын құралдарға 50 млрд 229 млн теңге қаражат бөлінгенін хабарлаған. Бірақ (редакция мәселені бірнеше ай көтергеннен кейін) 28 шілдеде министр Алексей Цой тілшіге әуелде 7 млн 840 мың адамға салынады деп жоспарланған QazVac вакцинасының көлемі мен бюджеті кемінде 5 есе қысқарғанын мәлімдеді. Отандық екпе өндірісіне биыл енді 31 млрд емес, 6 млрд жұмсалады. Сәйкесінше, 15 млн 680 мың дозаның орнына 3 млн компонент шығарылады.
Резервтен қайта ажыратылған 95,3 млрд теңге қаржыға төрт вакцина өндірушісінен («Спутник V», QazVac/ QazCovid-in, Coronavac, Sinopharm – толығырақ І тармақта) 10 млн 890 мың адамға арнап екпе алынады. Алайда бұл қатарға қазан айында 2 млн дозасы жеткізілуі тиіс Pfizer вакцинасы енбеген.
Республикалық бюджеттен бөлінетін қаржыға 21,5 млрд теңге қосылған, яғни 160,7-ден 182,2 млрд теңгеге дейін көбейген. Негізгі өсгеріс – карантин шараларын іске асыруға және коронавируспен күресетін медқызметкерлердің үстемақысын төлеуге қарастырылған 68,1 млрд теңге 89,6 млрд теңгеге артқан. Қазан айында медқызметкерлерге берілетін үстемақы біржола тоқтайтынын және сол мерзімге дейін 10 млн азаматқа вакцина салынатынын, соған орай карантин шарасының аса қажет бола қоймасын ескерсек, дәл осы бағыттағы қаржының көптеп бөліну себебі түсініксіз.
Қазақстан Үкіметінің коронавирус пандемиясына қарсы күресуге бағытталған екінші жылға бөлген 313,3 млрд теңгенің есебі:
І. Ондағы 100,4 млрд теңге Үкімет резервінен қарастырылған. Бұл қаражаттың 95%-ға жуығы, яғни 95,3 млрд теңге 10 млн 890 мың адамды иммундауға жұмсалмақ. Таратып айтсақ:
- 7 млн 140 мың азаматқа арналған 14 млн 280 мың доза (бір адамға екі доза салынады – QT) ресейлік (Қарағанды зауытында қапталады) Спутник V екпесі – 70 млрд 80 млн 926 мың теңгеге;
- 1 млн 500 мың азаматты егу үшін 3 млн доза отандық QazVac вакцинасы – 6 млрд 48 мың теңгеге;
- 250 мың азаматқа арнап 500 мың дозадан тұратын қытайлық Coronavac еспесі – 3 млрд 572 млн 535 мың теңгеге;
- 2 млн адамға 4 млн дозалы қос компоненттен тұратын тағы бір Қытайдың Sinopharm екпесі – 15 млрд 699 млн 248 мың теңгеге;
- Екпе салатын шпирцтер – 600 млн теңгеге;
- Инфекциялық вирусқа PHK зертханалық талдауы – 4 млрд 500 млн теңгеге сатып алу жоспарланған.
ІІ. 182 млрд 200 млн теңге республикалық бюджеттен бөлінген:
- Коронавируспен күресіп жүрген медқызметкерлерге төленетін үстемақыға – 89 млрд 600 млн теңге;
- Медициналық қызметтердің ақысы ретінде – 80 млрд 400 млн теңге;
- Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті мамандарының жұмыс сапарына – 100 млн теңге;
- Медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) көрсететін ұйымдардағы қызметкерлерді жеке қорғаныш құралдарымен (ЖҚҚ) қамтуға – 12 млрд 100 млн теңге.
ІІІ. Медициналық қызметтерді төлеуге МӘМС шеңберінде 17 млрд 300 млн теңге ажыратылған.
IV. Квазимемлекеттік сектордағы компаниялардың басын қосатын «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорынан 500 мың адамға 13 млрд 400 млн теңгеге Қытай-БАӘ елдерінің бірлескен өнімі Hayat-Vax вакцинасының 1 млн дозасы сатып алынды.
Министрлік мәліметінше, былтыр осы бағыттарға жиынтық есебі 252 млрд 2 млн теңге жұмсалған. Айтап айтқанда: Үкімет резервінен 28 млрд 9 млн теңге (ЖҚҚ, дәрілік заттар, медбұйымдар, зертханалық құралдар, тест сынамалары т.б.), республикалық бюджеттен 197 млрд 800 млн (медқызметкерлердің үстемақысына 115 млрд 800 млн, медқызметтерге 67 млрд, шұғыл бой көтерген 3 модульді аурухананың құрылысына 14 млрд 800 млн, СЭБК (ел аузында СЭС аталып кеткен) мамандарының іссапар шығындарына 200 млн), бюджеттен тыс 5 млрд 100 млн (240 дана ӨЖЖ мен 87 виброакустика аппаратын алуға), МӘМС-тен 20 млрд 400 млн (медициналық қызметтердің төлеміне) теңге бөлінген.
Былтыр 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 715 мыңнан, 1 тамыздан былайғы коронавирус пневмониясы 66 мыңнан асқан. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 782,5 мыңға жетті. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді. Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардан 14,7 мың адам (КВИ+ / U07.1 – 7988, КВИ- / U07.2 – 4129, ілеспе аурулардан – 2633) қайтыс болған. Сонымен қоса, Қазақстанда 4,8 млн адам коронавирусқа қарсы вакцинаны толық алған, ал кемінде бірінші дозасы егілген жұрттың саны 6,2 миллионнан асады.