Қазақстан Үкіметі отандық вакцинация өндірісі көлемі жөніндегі жоспарын белгісіз себептермен өзгерткен. Көктемде 31 млрд теңге қаржы бөлінген екпенің көлемі 5 есеге қысқарғаны белгілі болды.
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой 28 шілдеде QT тілшісінің сауалына «үш аптада әрең» берген жауабында:
– Қазір келісімшарт жасалды, онда жыл соңына дейін QazVac екпесінің 3 млн дозасы өндіру қарастырылған. Қалған көлемі қайта қаралды. Бүгінгі таңда жеткізіліп жатқан Sputnik V екпесінен бөлек Қытайдың жаңа вакцинасына қол жеткізу үшін екіжақты келіссөз өткізілуде. Екпемен жедел қамту бағытында жұмыс жүріп жатыр, қалай келісімшартқа қол қойылады, қаржы есебін жариялайтын боламыз, – деді.
Өткен жұмда, шілденің 23-і ОртКомда өткен брифингте министр «50 млрд қаржының қайта бөлінісін міндетті түрде толық көрсетеміз» деген еді. Сәрсенбі күнгі дәстүрлі брифингте бұл уәдесін орындамады, мерзімін тағы шегерді.
Осыған дейін 21 сәуір күні ведомство тарапынан редакцияға жолданған жауап хатта Үкімет қаулысына сәйкес 50 млрд теңгеден астам қаржыға екі екпе сатып алатынын хабарлаған.
«Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен қаражат бөлу туралы» 31 наурыздағы қаулыға сәйкес вакцинация науқанында қолданатын құралдарға 50 млрд 229 млн теңге қаражат бөлінген:
- Спутник V вакцинасының 2 млн 60 мың дозасын сатып алу үшін 18 млрд 24 млн 600 мың,
- QazCovid-in отандық вакцинасының 15 млн 680 мың дозасына 31 млрд 610 млн 900 мың,
- 19 млн 800 мың дана шприц сатып алуға 594 млн теңге жұмсалмақ», – делінген еді ресми жауапта.
Дегенмен шынайы жағдайда бүгінде 5,2 млн қазақстандықтың басым бөлігі Спутник V (ГамКовидВак) екпесін алуға мәжбүр болды. Ал «Естуші Үкімет» жоспарында ресейлік вакцина көлемі небәрі 2 млн шамасында бектіліп еді. Бұл меже өзгерген-өзгермегені жөнінде жауапты ведомство ешқандай мәлімет таратпаған. Министр Алексей Цой 50 млрд теңгенің жұмсалу бағыты мен есебін бере алмай келеді.
Жамбыл облысында 7 млрд теңге қаржыға салынған QazVac вакцинасын шығаратын зауыттың ашылып, осы күнге дейін 600 мың доза шығарғаны, оның алды тамыз айында таратылатыны туралы ақпарат сәрсенбіде бірақ айтылды. Үкіметтің бұл оқиғаны неге жасырын ұстағаны белгісіз. Министрліктің сылбыр әрекетін бірқатар ақпарат құралдары өкілдері сынға алды. Үкімет зауыттың іске қосылуы ғана емес, отандық екпенің 25 мың дозасы Қырғызтанға гуманитарлық көмек ретінде жөнелтілгені жөнінде ақпарат таратпады. Мұны Қырғызстанның Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі жариялады.
Маусым айының соңында вице-премьер Ералы Тоғжанов Қазақстанның Түркияда QazVac вакцинасын құюдан бас тартқанын хабарлаған және күзден бастап зауыт өндірісті 1 млн дозаға дейін арттырады деп болжаған. Әу баста жылына 1 млн доза екпе өндіреді деп жоспарлаған Үкімет міндетті меже ретінде неліктен 15,5 млн доза өндіруді мақсат еткені бұлыңғыр.
QazVac екпесін Білім министрлігіне қарасты Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты инактивті вирус әдісімен жасап шығарған. Сарапшылар мен мамандар бірер айдан бері сұрап келе жатқанына қарамастан қазақстандық вакцинаның әлеуеті мен әсер-салдары туралы толық ғылыми қорытынды декректері ашық ақпарат ресурстарына жариялана қоймады.