ДСМ медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының орынбасары  Нұрлыбек Асылбеков сәрсенбі күні ОКҚ-да өткен брифингте шетелдік вакцина өндірісін Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында іске асырылатынын хабарлады.

Үміткер төрт бірдей компанияның («Химфарм» АҚ, «Нобель», «Еврохим» және Қарағанды фармацевтикалық кешені) арасынан қарағандылық мекеме өндріске мейілінше дайын болғандықтан таңдалыпты.

«Жоба қолданылыстағы өндіріс орнында жүзеге асырылады. Сондықтан жеке зауыт немесе цех салудың қажеті жоқ. Мемлекет тарапынан қаржы қарастырылмайды», – деп сендірді Асылбеков.

Сондай-ақ, ол вакцина өндірісіне қазақстандық компаниямен қатар ресейлік қатысатынын айтады.

«Қазір серіктес тарап – Ресейлік тікелей инвестициялар қорымен келіссөздер жүріп жатыр. Келісім  негізінде өндірісті жолға қою, мамандарды тарту мәселелері қамтылған құжатқа қол қойылады", – деп нақтылады министрлік өкілі.

Контрагенттер сервисіндегі деректерге қарағанда, 150-ден астам қызметкері бар «Қарағанды Фармацевтикалық кешені» ЖШС 15 жылдан бері фармацевтика препараттарын өндірумен айналысады. Компания кейінгі үш жылда мемлекетке 888 млн теңге салық төлеген. Табысты компанияның жетекшісі Сергей Барон Алматы қаласында тағы бір «Мединвестгрупп Казахстан» ЖШС-іне иелік етеді.

Екі ел басшылары Тоқаев пен Путиннің ортақ келісімшартына сәйкес, 22 желтоқсанынан бастап Қазақстанда ресейлік «Спутник V» вакцинасын өндіру қолға алынбақ.

ДДСҰ-ның дерегінше, әлемде коронавирусқа қарсы 212 вакцина-кандидат зерттеу жүрігізіп жатыр. Оның тек 48-і клиникалық сынақ сатысында. Бұған Білім және ғылым министрлігінің Биоқауіпсіздік мәселелері жөніндегі ҒЗИ әзірлеп жатқан қазақстандық QazCovid-in екпесі де енген.

Жамбыл облысында салынып жатқан қуаты жылына 60 млн дозаға дейін екпе шығару жоспарланған өндіріс орнының бюджеті 7 млрд теңге. Білім министрлігі жариялаған тендерді «Ка-Строй ЛТД» ЖШС ұтып алған. Жоспар бойынша зауыт ендігі жылдың алғашқы тоқсанында жұмысын бастауы тиіс.

Қарашаның ортасында денсаулық сақтау министрі Алексей Цой онлайн-брифингте әлеуметтік осал топқа жататын 3,6 млн тұрғынды вакциналауға Үкімет қорынан 47 млрд теңге қарастырылғанын мәлімдеген.

"The Qazaq Times"