QT редакциясы 25 шілде күнгі алғашқы «ауыл әкімдерін сайлау» науқанында Алматы облысының Талғар ауданындағы сайлау учаскелерінен әлеуметтік желіде тікелей эфирде ақпарат таратуға тырысты. Кейбір ғимараттарда сымды интернетті қойғанда мобильді интернет сапасы нашар болғандықтан, тілшілер барған он шақты сайлау учаскесіндегі жағдай барысын толық көрсету мүмкін болмады. Тіпті кей учаскеде фальсификацияға куә болған журналист кіргізілмей, кәсіби қызметіне кедергі жасалды.

Бұған дейін Талғар аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Мұхит Дүйсебаев  «ауданның барлық сайлау комиссиясы өз жұмысына дайын» екенін жән техника мен материал жағынан толық қамтылғанын мәлімдеген еді.

Сайлау кабинасы. 25 шілде 2021 жыл. Алматы облысы, Талғар ауданы, Бесағаш ауылы. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Сайлау кабинасы. 25 шілде 2021 жыл. Алматы облысы, Талғар ауданы, Бесағаш ауылы. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Талғар ауданы бойынша әкім лауазымына сайлау төрт бірдей ауылдық округтегі 23 сайлау учаскесінде өтті.

Бесағаш ауылдық округі әкімі болуға кандидатын ұсынған төрт үміткердің үшеуі шенеунік және біреуі кәсіпкер:

    • Жүнісов Ернар Ниетбайұлы (47 жаста) – «Nur Otan» саяси партиясынан (Бесағаш ауылдық округінің әкімінің орынбасары);
    • Айтжанова Әйгерім Сайлаужанқызы (50 жаста) – Өзін-өзі ұсынған (Кеңдала ауылдық округі әкімінің орынбасары);
    • Манабаев Асқар Жақыпбекұлы (44 жаста) – Өзін-өзі ұсынған (Алатау ауылдық округі әкімінің орынбасары);
    • Кусаинов Бейбіт Булатұлы (35 жаста) – «Қазақстан халық партиясынан» («Бетпак Дала 2005» ЖШС директоры).

Жалпы аудан бойынша өзін қсынған 36 адамның басым бөлігі бұрын және қазір мемлекеттік қызметте жүргендер, сайлаушылар олардың түгел дерлігі «нұротандық» екенін айтады.

«Биліктен көңілі қалған халық сайлауға сенбейді, қызықпайды»

Редакция алғаш барған Бесағаш ауылдық округіндегі 45 мектеп-гимназиясында орналасқан 867-сайлау учаскесінің комиссия төрағасы Мақсат Биқожаев тілшіге 2044 сайлаушы тіркелгенін және күндіз сағат 15.00-ге дейін оның 53-і, ал 17.30-дағы мәлімет бойынша 50 адам қатысқанын айтты. Төраға мен комиссия мүшелері екі деректің арасындағы кері мәнді айырмашылықты ашып түсіндірмеді. Сайлау учаскесінде пандемия жағдайына сәйкес санитарлық талаптар мейілінше сақталды. Еденге әлеуметтік арақашықтықты сақтауды ескертетін сызба-бағыттар жапсырылған, залалсыздандыруға арналған құрылғылар орнатылып, кіреберісте медициналық қызметкер келушілердің дене қызуын өлшеп тұрғанын көрдік.

№867 сайлау учаскесіндегі бюллетень жәшігі. 25 шілде 2021 жыл. Алматы облысы, Талғар ауданы, Бесағаш ауылы. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

№867 сайлау учаскесіндегі бюллетень жәшігі. 25 шілде 2021 жыл. Алматы облысы, Талғар ауданы, Бесағаш ауылы. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Сайлау учаскесі комиссиясы төрағасы айтқандай, саяси науқанды бақылаған тілшілер азаматтардың сирек келгенін байқады. Мұның себебін кей сайлаушылар ақпараттандыру жеткілікті деңгейде өтпегені және көп адам бұл жағдайдан бейхабар болуы деп түсіндіреді.

Өзінің аты-жөнін атамауды сұраған Бесағаш ауылдық округінің тұрғыны «еш сайлауда әділдік көрмегендіктен, жұрт үмітін әбден үзген» деп есептейді.

– Бұл егер шынында да әділ әрі ашық өтсе, қанікей. Ел қалаған адам, ауылдың мәселесімен етене таныс әрі жұртқа таныс азамат әкім болса, көптің қуанышы ғой. Сол үміттің жетегімен келіп дауыс бердім. Енді бұрмаламай әділ шешім шықса. Туыс-көршілерімді үгіттеп ем, ешбірі сенбейді, үмітсіздік қой баяғы. Билік халықтың сенімінен әбден шығып қалған, – дейді ол.

868-сайлау учаскесінде облыстық «Азаматтық альянс» атынан жағдайды бақылап отырған байқаушы  және «Нұр Отан» партиясының сенімді өкілі ешқандай заңбұзушылық тіркелмегенін жеткізді. Комиссия төрайымы Динара Нұрланқызы сегіз сағатта 2962 сайлаушының 60-қа жуығы қатысқанын айтып, мұны «орташа белсенділік» деп бағалады. Кеш түсе бұл көрсеткіш шамалы ғана артты. Тізімде сайлаушылары ең көп учаскеде 17.30-дағы жалпы есепке сәйкес, 67 адам сайлауға қатысқан.

«Екпе паспорты немесе ПТР тестінің қорытындысын талап етпейміз, бірақ әкеліп көрсетіп жатқандар бар» деді комиссия төрайымы.

Өзін тізімнен таппағандар таңдауын жасай алмады

Осы учаскеге келген сайлаушы аты-жөнін тізімнен таба алмады. Өзін Әлия деп таныстырған ол «үш жыл бұрын (2019 жылғы) президент сайлауында осы жерде дауыс бергенін және бұл жолы да жеке атына шақырту келгенін, учаскеге қарасты Райымбек көшесінің бойында тұратынын, тұрғылықты мекені ресми тіркеуге сәйкестігін» таңданыспен алға тартты. Сайлау комиссиясының мүшелері қалың қағаздағы тізімнен сайлаушыны қайта-қайта тексеріп, іздеп таппады. Ақыр соңында комиссия төрайымы әкімдікке барып, жеке дерегін реттеу керегін, тізімнен тыс ешкім сайлауға қатыса алмайтынын айтып, шығарып салды.

Тағы бір сайлаушы 15 маусым күні ресми тіркелгенін, алайда сайлаушылар тізімінде жоқтығын даулады. Комиссия тарапы оған «Үкімет органдарының бірыңғай дерекқорында жеке мәліметі жаңарып үлгермегендіктен, тізімге енбей қалған болуы мүмкін» деген жауап қайтарды. Учаске аумағында тұратын екі азаматтың үйіне сайлауға шақырту келген.

№868 сайлау учаскесінде Әлия есімді тұрғын өзін тізімнен таппай, дауыс беру құқығынан айырылды. 25 шілде 2021 жыл. Алматы облысы, Талғар ауданы, Бесағаш ауылы. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

№868 сайлау учаскесінде Әлия есімді тұрғын өзін тізімнен таппай, дауыс беру құқығынан айырылды. 25 шілде 2021 жыл. Алматы облысы, Талғар ауданы, Бесағаш ауылы. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

«Тізімді сайлау учаскесі әзірлемейді, дайын күйде әкімдіктен жолданады. Егер азамат тізімде болмаса, оны қосымша тіркеп, қатысуына рұқсат етілмейді», – деп түсіндірді комиссия жетекшісі.

29 мектепте орналасқан 863-сайлау учаскесінде де болып қайтты. Онда да сайлаушылар сирек көрінді. Комиссия Гүлмира Ағыбаева учаскеде «2040 адам тіркелген, таңғы 7.00-16.00 аралығында 124 адам қатысты» деді.

Ол сайлаушылар белсенділігінің төмен болуына «Демалыс күні әрі күн райы ыстық болғандықтан, тұрғындар аздау келіп жатыр. Енді ыстық қайтқан соң кешке қарай халық көбірек қатысады деп ойлап отырмыз» деген түсініктеме берді.

«Нұр Отан» партиясының байқаушысы Рақымжан Мансұровтың айтуынша, «ешқандай кикілжің я кемшілік болмады, барлығы заңға сай жағдайда өтті». Талдықорған қаласының Жұмыспен қамтамасыз ету орталығының маманы Үміт Аюпов  байқаушы ретінде «халық расында да аз келіп жатыр, ақпараттандыру жетіспеген тәрізді» дейді.

№864 сайлау учаскесі. 25 шілде 2021 жыл. Алматы облысы, Талғар ауданы, Бесағаш ауылы. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

№864 сайлау учаскесі. 25 шілде 2021 жыл. Алматы облысы, Талғар ауданы, Бесағаш ауылы. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

864-сайлау учаскесінің төрайымы Назым Сәрсебаева QT тілшісіне берген сұхбатында  тоғыз сағатта 1719 сайлаушының 98-і келіп қатысқанын баяндады.

«Жұрттың бәріне шақыру таратылды. Әлеуметтік желілердегі ауылдың түрлі чатында ресми хабарлама жарияланды. Эпидахуал мен күннің ыстығына байланысты адамдар көптеп келе алмады. Қазір күннің беті қайтты, қалған үш сағатта жақсылап жұмыс істейміз деп ойлап отырмыз», – деді учаске төрайымы.

Оның айтуынша, бір азамат тізімде болмағандықтан, дауыс бере алмаған. «Тізімді біз жасамаймыз, оны әкімдік береді» деген уәж айтты. ҚХП атынан түскен кандидат Бейбіт Құсайыновтың сенімді өкілі учаске әкімшілігі ұйымдастыру жағын жақсы жүргізгенін, бірақ жұрттың белсенділігі тым төмен екенін жеткізді. Оның есебіне қарағанда, 80 шақты сайлаушы келген.

865-сайлау учаскесінің комиссия төрайымы Жанаркүл Әбдіхалықова редакцияға 2695 сайлаушының 18.00-ге дейін 66 адамы саяси науқанға қатысқанын мәлімдеді. Дәл осы уақытта 866-сайлау учаскесінде де жағдай ұқсас. Комиссия төрайымы Рада Жұмабекованың  сайлаудың онынша сағатында 848 адамның 15-і қатысқан. «Шақырту билеті барлық сайлаушы-тұрғынға үлестірдік» деді.

Иесіз қалған бюллетеньдер жұрттың сайлауға қызығушылығының аздығын, ақпараттандыру саясатының әлсіздігін көрсетеді.. 25 шілде 2021 жыл. Алматы облысы, Талғар ауданы, Бесағаш ауылы. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Иесіз қалған бюллетеньдер жұрттың сайлауға қызығушылығының аздығын, ақпараттандыру саясатының әлсіздігін көрсетеді. 25 шілде 2021 жыл. Алматы облысы, Талғар ауданы, Бесағаш ауылы. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

19-мектептегі олқылық: Журналисті қууға ауған «фальсификация» дауы

Қызыліңір шақта редакция қызметкерлері Талғар ауданы Алатау ауылдық округіне қарасты Қызыл-қайрат елді мекеніне бет алды. 19 орта мектептің ғимаратында орналасқан 844-сайлау учаскесінде комиссия төрайымы журналистің кәсіби қызметіне кедергі жасауға тырысты. Сағат 19.11-де тілші қызметтік куәлігін көрсетіп, редакциядан берілген журналистік тапсырманың түпнұсқасын тіркеуге комиссия мүшелеріне ұсынды. Сайлау учаскесінде ұйымдастырушылардан өзге сайлаушылардың қатары сирек. Бюллетень салуға арналған жәшік ширек мөлшері де толмаған. Осы мезетте Facebook желісіндегі парақшада тікелей эфир жүргізіп жүрген тілші шақырту хатымен келген Айгүл Ыдырыс Омарқызы есімді сайлаушының өз аты-жөні тұсына өзге адамның қолы қойлығанына куә болды. Сайлаушы бұған шамданып, ренішін білдірді де шақырту билетін тастап кетіп қалды.

«Анда отырған қыздың өзі шақырту әкеп беріп еді «келіңіз» деп. Енді келсем, мынадай жағдай. Менің орныма қол қойып тастаған. Бұлай істеуге бола ма? Полицейге айттым», – деген кейуана өкпелеп, бір жағы камерадан тартынған күйде учаскеден шығып кетті.

Дәл осы сияқты жағдайға редакция қызметкері Қойшыбек Мүбарак та куә болды. Бюллетенін алар кезде сайлауға қатыспаған жолдасы Нұрбәтима Байтұрсынқызының  аты-жөні көрсетілген графаға басқа біреудің қол қойғанын аңғарған.

БАҚ өкілдерінің көзінше екі азаматтың орнына бюллетеньге қол қойылып қойғаны жөніндегі жағдайға полиция да, сайлау комиссиясы да ешқандай шара қолданбады. Заңбұзушылықты құжат жүзінде тіркеудің орнына сайлау учаскесінің төрайымы Айгерім Есенова Бахытқызы ғимараттың сыртында тұрған журналиске шүйлігіп, ПТР тестінің теріс қорытындысын талап етті.

Алатау ауылдық округі әкімі кандидатын ұсынған 6 үміткер:

    • Қасымов Қайрат Сағындықұлы (44 жаста) – «Nur Otan» саяси партиясынан (уақытша жұмыссыз);
    • Смағұлов Мұкаметали Даркенбайұлы (40 жаста) – «ADAL» саяси партиясынан («Бал-АНА 2017» ЖШС-нің шаруашылық меңгерушісі);
    • Жүндібаев Төлеужан Дүйсентайұлы (53 жаста) – «Қазақстан халық партиясы» ҚБ (зейнеткер);
    • Мұхаметқалиев Мадияр Мұхаметқалиұлы (44 жаста) – Өзін-өзі ұсынған («Талгарирригация» МКК директоры);
    • Сағымбекұлы Абзалбек (48 жаста) – «Ақ Жол» саяси партиясынан («Гаухар Тас» ЖШС директоры);
    • Сейтов Азамат Серікұлы (46 жаста) – Өзін-өзі ұсынған («Бірлік» ӨК директордың орынбасары).

Ол аудандық СК төрағасы Мұхит Дүйсебаевпен аулада тұрған тілшіні телефон арқылы сыртқы даусын қосып тілдестірді. Талғар аудандық сайлау комиссиясының төрағасы да жағдай бойынша түсініктеме беріп, дереу шара қолданудан гөрі учаскеден тыс жүрген тілшінің әрекетін «заңыздық» деп атап, учаскеге аттатпауға тырысты. Төрайым ПТР тестінің теріс қорытындысы жоқ тілшіні АСК төрағасы кіргізбей жөнінде бұйрық бергенін жеткізді. Сайлау учаскесінде бірер сәтке кіріп, жағдай жайлы толымды ақпарат алмақ болған, бірақ әкімшілік кедергіге ұшыраған редакция тілшісі аудандық және учаскелік комиссия тарапынан шектеудің құқықтық негіздемесі жеткілікті дәрежеде түсіндірілмегендіктен, аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы С.Құмабековқа арыз түсірді.

Журналиске агрессивті реакция танытып, кәсіби қызметіне кедергі келтірген және фальсификация фактісіне көз жұма қараған №844 сайлау учаскесінің комиссия төрайымы Айгерім Есенова. 25 шілде 2021 жыл. Алматы облысы, Талғар ауданы, Бесағаш ауылы. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Журналиске агрессивті реакция танытып, кәсіби қызметіне кедергі келтірген және фальсификация фактісіне көз жұма қараған №844 сайлау учаскесінің комиссия төрайымы Айгерім Есенова. 25 шілде 2021 жыл. Алматы облысы, Талғар ауданы, Бесағаш ауылы. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

– Бүгін сайлауға қатысқан азаматтардың санын мен неге сізге айтуым керек? Тиісті органдарға пайыз мөлшерімен есебін өткізіп қойдым. ...Не заңсыздық... Яхья (өзінің орнына қол қойылғанына шағымданған азаматтың бірі – QT) өмір бойы конфликт іздеп жүрген адам. Сайлауда 12 жыл істеп жүрген адам ретінде айтайын. ...Енді қоя салады ғой. Жалғыз сізде емес, сайлау барысында шатасып қойып кеткен шығар. Әр сайлауда осындай екі-үш жағдай болып тұрады. Басқаша қойып тастаса, оны сызып тастамайды ғой. Келген адам қасына қоя салады ғой, – деді учаске төрайымы Есенова.

Сайлауға қатыспаған жұбайымның орнына қол қойып тастаған деген Қойшыбек Мүбарактің шағымын тыңдаған полиция ешқандай шара қолданған жоқ.

Қазақстанның Халық партиясының сенімді өкілі әрі байқаушы Бақыт Жүсіпов оқиғаға толықтай куә болды. Оның есебінше, 19.00-дегі жағдай бойынша, сайлаудың он екінші сағатында, шамамен 200 шақты сайлаушы келген. Шу шыққан 844-сайлау учаскесінде 2518 адам тіркелген. Сайлауды бақылаған тағы бір сенімді өкіл Қабиболла Сейтеков «сайлаушылардың құқығы бұзылғаны және учаскелік комиссияның әрекетсіздігін елеусіз» қалдырмайтынын айтты.

844-сайлау учаскесінде редакция куә болған жағдайда үш түрлі мәселеге тап болды. Олар:

  1. Сайлау учаскесі тізіміндегі бірнеше сайлаушының (Айгүл Ыдырыс, Меликам Яхья, Нұрбәтима Байтұрсын) орнына жалған қол қойылып, бюллетеньдері сырттай қолданылған. Редакция куә болған жағдайға комиссия не полиция тарапынан ешқандай әрекет жасалмады. Мемлекеттік қызметкерлер фальсификация фактісінен гөрі бар назарды аулада жүрген журналистің ПТР тесті қорытындысы немесе екпе паспорты болмауына аудартуға тырысты. Комиссия төрайымы тілшіге дөрекілік танытып, «Басымды қатырма!» деген пәрменмен учаскеге жуытпады.
  2. Сағат 19.15-ке дейін жалпы тізімдегі 2518 сайлаушының шамамен 200-ге жуығы қатысқан сайлау учаскесінің комиссиясы қорытынды хаттамада 1964 адам келгені көрсетілген. 20.00-ге дейінгі сыртқы есік аузында бақылап тұрған журналистер 45 минутта 1,7 мыңнан аса адамның нөпірлеп келе қоймағанына сенімді.
  3. Сайлау учаскесі төрайымы Айгерім Есенова БАҚ өкілінің мемлекеттегі саяси өмірдің елеулі оқиғасынан ақпарат таратуына кедергі жасап, кәсіби қызметін шектеуі және Талғар аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Мұхит Дүйсебаев сынды басшылар заңда қылмыстық жауапкершілік көзделген фальсификация фактісіне бейжай қарап, бар назарды «тілшімен күрес спектакліне» бағыттауы – көп күмәнді ойға жетелейді. Журналистің тыйым туралы құқықтық негіздемені таныстыру жөніндегі сұрауы да сайлау учаскесі комиссиясы тарапынан жауапсыз қалды. Қызметтік-жеке куәлігі мен редакция тапсырмасын қатар ұсынған ақпарат құралының өкіліне жеті сайлау учаскесінде еш кедергісіз кіріп-шығуына мүмкіндік беріліп, заңбұзушылық бояуы байқалған учаскеде талап күшейе қойғаны – заң үстемдегінің алағұла, бірізді емес, көпстандартты екенін аңғартады.

 

Жарты сағатта 200 шақты бюллетеннен 2 мыңға артқан №844 сайлау учаскесіндегі «ерекше жәшік». 25 шілде 2021 жыл. Алматы облысы, Талғар ауданы, Бесағаш ауылы. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Жарты сағатта 200 шақты бюллетеннен 2 мыңға артқан №844 сайлау учаскесіндегі «ерекше жәшік». 25 шілде 2021 жыл. Алматы облысы, Талғар ауданы, Бесағаш ауылы. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Мектеп ғимаратының спорт залында ашылған тағы бір 843-сайлау учаскесінің төрағасы Руфат Матниязов сағат 19.45-те 1955 сайлаушының шамамен 400-450-і сайлауға қатысқанын мәлімдеп, журналисті учаскеге кіргізді. Дегенмен ақпараттандыру жұмысы барысына ішінара кедергі жасады. Дауыс  жәшігіне бес-алты бюллетень буыма түрінде бірдей қайырылып салынғанын көріп, бейнетаспалап үлгерді. Комиссия төрағасы жәшік алдын көлегейлеп «белгісіз себеппен түсіруге болмайтынын» айтты, оқиға орнында отырған үш байқаушы қандай да бір пікір білдіруден бас тартты.

Бума бюллетень байқалған №843 сайлау учаскесі. 25 шілде 2021 жыл. Алматы облысы, Талғар ауданы, Бесағаш ауылы. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Бума бюллетень байқалған №843 сайлау учаскесі. 25 шілде 2021 жыл. Алматы облысы, Талғар ауданы, Бесағаш ауылы. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Редакция хабарласқан Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі және облыстық сайлау комиссиясы төрағасы Тимур Дәуітов аталған жағдай бойынша бейхабар екенін, ресми сұрау хат жолдау қажеттігін айтты. ОСК бұл жағдай жөнінде үнсіз. Құзырлы органдардың ешбірі түсініктеме берген жоқ.

Редакция тілшісі Алматы облысында тап болған қысым Жамбыл облысы Шу ауданында да қайталанды. Өңірге іссапармен барған QT журналисі Мият Кәшібайды полицей кешке қарай сайлау комиссиясының пәрменімен учаскеден күштеп қуып шыққан.

«Цифр билейтін хаттамалар»

25 шілде күні былтыр күзде Тоқаев айтқан бастама негізінде республикада аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент және ауыл округтерінің 730 әкімін сайлау науқаны өтті.  ОСК мәліметінше, 2 мыңнан аса кандидаттың 1419-ы өз-өзін ұсынғандар, 878-і алты саяси партияның атынан түскендер. Кандидаттар ішінде 1839 ер, 458 әйел азамат бар. 730 елді мекеннің басшысын таңдау 1847 сайлау учаскесінде жүзеге асты.

QT тілшісі ақпарат таратқан 863-868 арасындағы алты сайлау учаскесіндегі халықтың қатысу белсенділігі 4,68%-ды көрсетті. Ал редакция қызметкеріне кіруге тыйым салынған я кәсіби қызметіне кедергі жасалған және жете алмаған учаскелерде ресми хаттаманың қорытындысы «жұрттың  өте белсенді» болғанына сендіруге тырысады.

Ресми ақпаратқа қарағанда, ауыл халқының сайлауға қатысу жағынан ШҚО 90,9% көрсеткішпен алға шықса, ең төменгі орынды 66,5%-бен Алматы облысы қанағат тұтты. Тәуелсіз сарапшылар мен азаматтық байқаушылардың пікірінше, шынайы жағдайда есеп бұл мөлшерден бірнеше есе кем болған.

Жергілікті сайлау комиссиялары ұсынған деректер негізінде әзірленген сайлаушылар белсенділігінің пайыздық мөлшері. Фото: ҚазАқпарат

Ақорда «саяси модернизацияның жаңа кезеңі» әрі «демократияға бастайтын үлкен өзгеріс» деп атаған алғашқы әкімдерді сайлау көрінісі әдеттегідей жер-жерде фальсификация, тілшілерге кедергі жасау жағдайымен өрнектелді. Желі қолданушылары бұл жолғы сайлаудың өте бәсең сипатта, ақпараттандыру жағы кемшін болғанын көп жазды.

“The Qazaq Times”