Алматы облысы, Талғар ауданы, Алатау ауылдық округіндегі Қызылқайрат ауылы осы округтегі ең үлкен ауыл. Қызылқайраттың түменгі көшелерінен кейін "Болашақ", "Келешек" атауымен бой көтерген жаңа қоныстың тұрғындары келешегінен алаңдап, болашағына сенімсіздікпен қарайды.
Жол, ток, су сияқты тіршіліктің қан тамырына айналған инфрақұрлым бұл жақта өткен ғасырдың ортасындағы ахуалдан да төменрек. Айта сөз болғанымен тыңдар құлақ таппаған жұрт 22 маусым күні әкім қараларға арыздарын тыңдата алмаған соң, бақ өкілдерінен көмек сұраған.
Жұрттың жан даусын жай күндері тыңдай қоймайтын әкім қаралар түсірілім тобы келе салысымен уағдаларын үйіп түгіп жұрт арасына жетті.
Әкімге талап, тілектерін айтқысы келген жұрт, осыған дейін әкімшілікке қанша барса да әкімді кездестіре алмаған, сол себепті БАҚ құралдарын шақыруға мәжбүр болған. Қордаланған мәселелер шешімін таппақ түгілі, естір құлақ болмағандықтан, халықтың ашу-ызасын тудырған, бес-алты мәрте жазбаша өтініш берілгенмен, оған да жауап болмаған.
Мұндағы елдің ең басты мәселелері су құбырларының үнемі жарылатыны, жарықтың жеке меншік трансформатормен жалғанып таратылатыны, оның өзі 70 үйге арналған трансформатормен 500 үйді жарықтандыратындықтан үнемі өшіп қалатынын айтады. Жөндеу көрмеген Жолдың зардабын тартып шаршаған елдің қиыншылығы көп көрінеді, жедел жәрдем келмейді, таксилер қымбат сұрайды, болмаса келуден бас тартады. Мектеп оқушылары жаңбырлы күндері лайсаңнан аяқ алып жүре алмайды, ал жазда борпылдақ топырақтан шаң қауып жүргендерін жарыса айтып жатты.
Ауыл әкімі Азамат Сейтов БАҚ өкілдерінің алдында жұртқа біраз уағдасын беріп тарқасты.
Алайда, жарылған құбырды жамауға трактор жібердім деген әкім сөзі өтірік болып шықты. Келешектегі жарық құбырдың суы әлі сыртқа ағып жатыр.
Нұрбәтима Байтұрсын
Талғар ауданы