Алматы облысы Талғар ауданындағы жаңадан салынып қазақ мектебі болады деп сүйіншілеген оқу орны тағы да аралас мектеп болама? Халық неге ашулы? Қазақ мектебінің ашылуына кімдер қарсы? Осы сұрақтарды тілшіміз сұрап қайтты.
Тмыздың 15 күні Алматы облысы Талғар ауданында бір топ ата-ана және ұстаздар, қоғам белсенділері жиналып, аудандық мәслихат депутаттарымен, аудандық, облыстық білім бөлімі басшыларымен №9 Т.Рысқұлов атындағы ескі қазақ мектебінде кездесті. Бұл Талғар ауданында осы күзде қолданысқа берілуі керек №25 мектеп төңірегінде. Жыл басынан бері шуға айналған даулы түйткіл сәуір айының соңына қарай шешімін тапқан. Жергілікті атқарушы билік осы күзден бастап тек қана қазақ тілінде оқытылады деп жариялаған. Бұл туралы мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан мырза сәуірдің 22 күні өзінің facebook парақшасында былай деп жазып еді: “Бүгін сүйінші жаңалық жетті. Жергілікті атқарушы билік шешім қабылдапты, 1200 орындық мектеп таза қазақ тілінде оқитын балаларға арналған білім ошағы болады, бұйыртса! Осы бір оң мен солдан жел ұйтқып тұрған кезеңде бұл да көңілге медеу жаңалық.
Құтты болсын!
Жаңа оқу жылында қоңырауы соғылатын мектептен келешекте еліміздің көшін өрге, мемлекеттік тілін төрге шығаратын ұрпақ молынан шығуына тілектеспіз!” Алайда, оқу басталуға санаулы күндер қалғанда шешім өзгеріп, аралас мектеп болуы мүмкін екендігін хабарлаған. сол себепті аудан жұртшылығы бұндай шешімге түбегейлі қарсы екендіктерін білдірді. Көпшілікпен кездесуге Алматы облысы білім басқармасының басшысы Беспаева Салтанат Дауыспекқызы және Алматы облысы білім басқармасының мектептер бөлімі басшысы Тұрғанбаева Роза Максимқызы келді.
Талғар ауданының құрметті азаматы Тәлімов Кәмнұр Тәлімұлы: “жаңа мектепке барғысы келетін 900 баланың тізімі менде бар, 30 жылдан бері не ойын алаңы жоқ, не спорт залы жоқ, терезесі де дұрыс ашылмайтын, бөлмелері тар осы ескі мектепте қазақ балалары оқып келді, 345 қазақ баласы жаңа мектепке барғысы келеді, жаңағы 900 ге осы 345 ті қосыңыз. Сондықтан бұл талқылайтын мәселе емес, жаңа мектепті қазақтарға беріңіздер”.
Заңгер Асылбек Қараев: “Бұл аудан көлемінде шешілетін мәселе еді, аудандық білім басқармасының басшысы Қарлыға ханым мәселені ушықтырып, ұлт араздығына алып келетін жағдайға жеткізді. Салтанат ханым, сізді бұл жерге шақыруымыз аудан басшыларына ұят болып саналуы керек еді, басқа елде қалып кеткен қазақтар сияқтымыз. мен басқа ұлт өкілдерін кемсіту немесе олардың құқықтарын қорғамаңдар деп айтып отырғам жоқ, бірақ “қазақ тілі дұрыс-қой” дейтін Кәмнұр аға сияқты кісілердің сөзін пайдаланып, чаттарда арандатушылық жасайды, ертең соның бәрі қақтығысқа әкелмейтініне кім кепілдік береді?”
Ләйлә Бейсембаевна, ұстаз: “Орыс емес, қазақ мектептері үш ауысымда оқитынын неге айтпайсыздар?”
Сания Нүсіпәлі қазақ тілі әдебиеті пәнінің мұғалімі : “Бізге марқұм Жолан мырза уәде беріп еді, жаңа мектепте оқисыңдар деп, біз жазда терезесі де ашылмайтын ыстық, қыста суық кабинетте пальтомен жүріп сабақ бердік. Біз он жылдан бері күттік, жаңа мектеп салып береді немесе ремонт жасап береді деп. Біздің мектептің оқушыларының барлығының әлеуметтік жағдайы төмен, сіздер солардың үйлерін аралап көріңіздер. Сонда біздің елде жағдайы төмен балалар осындай жерде отыра беруі керек пе? Мәселені ашып түсіндіретін басшыға кездеспедік, Қарлыға ханым Т.Рысқұлов атында №16 тағы бір мектеп бар, сондықтан бұл мектептің аты өшсе өше берсін деген, біз бұдан былай ескі мектепте оқымаймыз, 3 миллиард 700миллион теңге жұмсап не үшін салды? Біз 340 оқушымен, 40 мұғаліммен жаңа ғимаратқа барамыз.”
Тәуекелова Сәлима: “Мен осында ұстазбын және немерелерім осында оқиды, аралас мектепке немерелерімді бергім келмейді, тәрбие нашар, қазақылықтан айырылып қалады, өз басым аралас мектепке қарсымын”.
Алматы облысының білім басқармасының басшысы Беспаева Салтанат: “Қазақстанда мемлекеттік тіл-қазақ тілі, сондықтан барлығына міндетті қазақ тілі оқытылады, бірақ елімізде басқа ұлт өкілдері де тұратындықтан, ол кісілердің құқығын таптауға да жол бермейміз. Аудандық білім бөлімімен хабарласып едім, сіздер айтқандай 1300 бала жиналмапты. қазіргі таңда 619 бала қазақ сыныбына, 713 бала орыс сыныбына өтініш береген. Сондықтан, бұл мәселені сіздермен ақылдасып шешуге келдім”.
Алдибекова Алма Зікірияқызы №9 мектеп директоры: “Біздің ата-аналарымыз жаңа мектепке ауысуға келісіп отыр, олар ылғи да күтіп келді, біз жаңа мектепке көшеміз”.
Бұл мәліметтер Талғар аудандық білім бөлімінің басшысы Қарлыға Айсабекқызының тікелей эфирде халыққа есеп бергендегі сандарымен мүлде сәйкес келмейді дейді Сания Нүсіпәлі. Қарлыға ханым тікелей эфирде кеше ғана 900 қазақ бала, 100 ге жетпейтін орыс бала бар, №25 мектеп қазақ тілінде ашылады деп еді, не үшін екі түрлі сөйлеп отырғанын түсінбеймін дейді.
Нақты бір шешім қабылдай алмаған Алматы облысының білім басқармасының басшысы Беспаева Салтанат ханым келесі дүйсенбіде жауабын беретінін айтып жиналысты таратты.
Бұл мәселе алдағы күндерде де редакция назарында болады.
Алматы Облысы, Талғар аудыны
Н. Байтұрсын