Ресми мәліметке қарағанда, наурыз айында Қазақстанда COVID (коронавирус пен оның пневмониясын қоса алғанда) дертінен сырқаттанған 35 мыңдай науқас және 366 өлім жағдайы тіркелген.
Таратып айтсақ, коронавирус (U07.1 немесе КВИ+) жұққан 33 423 және пневмонияға (U07.2 немесе КВИ-) шалдыққан 1388 адам анықталды. Сонымен бірге, коронавирустан 300 адам, пневмониядан 66 қайтыс болды.
Көктемгі қарқын қайта екпін ала бастады. Өткен қыстың үш айында (былтырғы желтоқсан айында және биылғы қаңтар-ақпан айларында) 88 мың адам ауырып, 900-ден аса пациент көз жұмды. Тоқсан күнге созылған қыс мезгіліндегі ауырғандардың 81 мыңнан астамы коронавирус, қалған 6,8 мыңы пневмония пациенттері.
Бір айда Алматыда 9,6 мыңнан аса науқас тіркеліп үлгерді. Қалада наурыз айының алғашқы декадасында тәулігіне жүзден кем емес жағдай тіркелді, 10-ынан бері бұл сан еселеп өсті. Елде қаңтар айының екінші жартысында және ақпан айының алғашқы жартысында, наурызда науқастар қатары күрт көбейген.
Сондай-ақ, сырқаттар көбейген аймақтар қатарында астана (6074) және Алматы (3090), Қарағанды (2401), БҚО (2161), Ақмола (1785), Павлодар (1605), Атырау (1564), Қостанай (1512) облыстары бар. Осы себепті астана мен Алматыда карантин шарасы күшейтіліп, үш аптадан бері «қызыл аймақта» тұр.
Наурыз айының басында эпидахуал күрделе бастағаннан-ақ кейбір сарапшылар халықаралық әуе рейстерін жиі қабылдайтын Алматы қаласына шетелден жаңа штамм келген болуы мүмкін деп болжаған еді. Сұрақ көбейгеннен кейін министр Алексей Цой мен қаланың бас санитары Жандарбек Бекшин геномдық зерттеу нәтижесінде британдық және оңтүстікафрикалық штамдар нақты тіркелгенін мәлімдеген. Кейіннен шетелдік штамдар елдің 13 аймағынан анықталғаны айтылды.
Үкімет дерегіне сүйенсек, биыл наурыз айында өлім көрсеткіші де елеулі деңгейде өскен. 1-і мен 31-і аралығында 366 адам (КВИ+ 300, КВИ- 66) көз жұмған.
Былтыр желтоқсанда бас санитар Ерлан Қиясов кезекті толқынының шарықтау кезеңі қаңтар-ақпан айларына, ал министр Алексей Цой наурыз айының соңына қарай тұспа-тұс келетінін мәлімдеген. Ақпан айының басында денсаулық сақтау вице-министрі Марат Шоранов сәуір айында 20 мыңға тарта адам дерт жұқтыруы мүмкін деген. Наурыздың ортасында министр сәуір айында тәулігіне 500 бен 1,7 мың аралығында науқас тіркеледі деп болжаған. Ол осы аптаның бейсенбісінде болжамын өзгертіп, алдағы үш ай бойы күніне 1,5-4 мың сырқат тіркелуі ықтимал деді.
Сонымен қоса, апта басында санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова биыл қаңтар және наурыз айларында 729 мың адам ЖРВИ ауруларымен ауырғанын хабарлады. Бұл былтырға қарағанда 2,4 есеге кем.
Осы жылы қаңтарда 34,5 мың, ақпанда 26,8 мың және наурыз айында 34,8 мың сырқат анықталды. Былтыр наурыз айында небәрі 340 адам ауырған. Пандемия жарияланғаннан бүгінге дейін науқастардың ең көбі 2020 жылы шілдеде 49 мыңнан аса адамға вирус жұққан еді. Биылғы наурыздағы жағдай былтырғы тамыздан (41 мың кейс) кейінгі үшінші орынға шықты.
Былтыр 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 249 мыңға жуықтаса, 1 тамыздан былайғы коронавирус пневмониясы 50,5 мыңнан асқан. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 299,6 мыңға жеткен. Осы аралықта жалпы вирус жұққандардың 5383-і (КВИ+ / U07.1 – 3042, КВИ- / U07.2 – 694, ілеспе аурулардан – 1619) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінген 1619 адамды жалпы статистикаға енгізбейді.
Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Worldometers дерекқоры, Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 49-орында тұр.