Тоқаев қатысқан 1 сәуірдегі үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі коронавирустың қарқынына байланысты алдағы үш айға арналған үш түрлі сценарий-болжамын мәлімдеді.

Министр Алексей Цой жиында сәуір-маусым айларында жағдай ушықты дегенде «пессимистік сценарий» бойынша елде 370 мың адамға вирус жұғып, 190 мың адам ауруханаға жатуы мүмкін екенін жеткізді.

Оның сөзінше, «реалистік сценарийде» жазғытұрым кезінде 250 мың адам сырқаттанып, оның 127 мыңы ауруханаға түсуі ықтимал. Сондай-ақ, министр «оптимистік сценарий» үлгісінде 140 мың адамнан дерт анықталып, жартысынан астамы, яғни 71 мың адамға ауруханада емделуі қажет болады деп болжайды. Министр елде «реалистік сценарий» бола қалған жағдайда, денсаулық сақтау жүйесі еңсере  алатынын айтады.

Бейсенбі күнгі жиында президент Тоқаев қоғамда жиі айтылып жүрген екпе науқанының баяулауын, сөз бен істің қабыспауын сынап, вакцинация модераторлары министрлік пен «СК-Фармация» жетекшілерін сөккен. Тіпті отставканы меңзеп ескерту де жасады.

Қазақстанда ақпан-наурыз аралығында вакцина науқанын бастағанымен, екі айда халықтың небәрі 0,2% үлесі немесе 173 мың адам екпенің алғашқы дозасын алған. Екі дозаны толықтай алғандардың саны 47 мың шамасында ғана. Министрлік мұны екпенің аздығымен түсіндіреді.

Қазір елде вирус өршіп тұр. Күн сайын тіркелетін науқастардың орта саны 1,5 мың маңайында. Алты аймақ вирус күшейген «қызыл», екі өңір «сары» аймақта тұр. Үкімет ұсынған дерекке қарағанда, індет басталғалы 297,5 мыңға жуық адамнан коронавирус пен соған ұқсас пневмония анықталған. Осы аралықта вирус жұққандардың 5371-і (КВИ+ / U07.1 – 3060, КВИ- / U07.2 – 692, ілеспе аурулардан – 1619) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінген 1450 адамды жалпы статистикаға енгізбейді.

Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Worldometers дерекқоры, Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 49-орында тұр.

"The Qazaq Times"