Денсаулық сақтау министрлігі сәуір айындағы эпидемиологиялық ахуал жөнінде болжамын тағы жаңартты. Вакцинация мәселесі туралы соңғы мәліметтер.
Сейсенбі күнгі дәстүрлі Үкімет отырысында министрлік басшысы Алексей Цой сәуір айында күніне 500 мен 1700 аралығында науқас тіркелуі ықтимал деді.
«Оптимистік сценарий бойынша сәуір айында күніне 500 науқасқа дейін тіркелуі мүмкін. Ал пессимистік сценарий бойынша бұл көрсеткіш 1700-ге дейін жетуі мүмкін», – дейді денсаулық сақтау министрі.
Былтыр қыс түсер тұста бас мемлекеттік санитар-дәрігер Ерлан Қиясов Қазақстанда кезекті толқынының шарықтау кезеңі қаңтар-ақпан айларына, ал министр Алексей Цой наурыз айының соңына қарай тұспа-тұс келетінін мәлімдеген. Осы айдың басында Цойдың бірінші вице-министрі Марат Шоранов сәуір айында 20 мыңға тарта адам COVID-19 дертін жұқтыруы мүмкін деген. Дегенмен өткен айларда кемінде 20 мың жағдай тіркелгені себепті бұл цифр Қазақстанға айтарлықтай жаңалық емес.
Себебі өткен қыста 88 мыңға жуық адамнан ауру анықталған. Тоқсан күнге созылған қыс мезгілінде ауырғандардың 81 мыңнан астамы коронавирус, қалған 6,8 мыңы пневмония пациенттері. Желтоқсан және ақпан айлары аралығындағы барлық көрсеткіштерді мезгілге арналған қорытынды материалдан біле аласыз.
Цойдың сөзінше, баяу жүргізіліп жатқан вакцинация әзірге дертті ауыздықтауға жеткіліксіз. Себебі соңғы мәлімет бойынша елдің небәрі 0,4% тұрғынына,шамамен 76,2 мың адамға екпе салынған. Бұған дейін Үкімет жыл соңына дейін 6 млн адамды вакцинациялауды жоспарлаған еді.
Қазір елде 347 егу пунктінде ресейлік вакцина салынып жатыр. Сәуір айынан бастап созылмалы ауруға шалдыққан және 65 жастан асқандарға вакцина егіле бастайды.
«Наурыз айының соңыға дейін 180 мың дозасы жеткізіледі. Сәуір айында екпе саны айтарлықтай көбейеді. Вакцина өндірушілермен келіссөз жүргіздік, жылдың ақырына дейін 12 млн дозасын дайындалады», – деді министр.
Сонымен қоса, ведомство басшысы былтырғы қыркүйек және биылғы қаңтар айларының аралығында анықталған науқастардың талдау материалдарына геномдық зерттеу жүргізілгенін және онда бірде-бір бөтен штамм табылмағанын нық сеніммен айтты. Британдық, оңтүстікафрикалық және бразилиялық штамдардың ешбірі тіркелмеген көрінеді. Бірақ науқас күрт көбейген ақпан және наурыз айларының алғашқы жартысындағы жағдайлар әлі зерделеніп жатқаны жайлы хабарлады. Дегенмен кейбір сарапшылар Алматы қаласындағы 3 наурыздан бергі елеулі өсімді халықаралық әуе рейстерден келген жаңа штамның себебінен болуы мүмкін деп долбарлайды.
Коронавирус бойынша Алматы қаласы, астана және Батыс Қазақстан облысы – «қызыл», Қарағанды, Ақмола, Атырау, Алматы облыстары – «сары аймақта».
Былтыр 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 225,5 мыңға, 1 тамыздан бергі коронавирус пневмониясы 50 мыңға жуықтаған. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 275,5 мыңға жеткен. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді. Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардың 4582-сі (КВИ+ / U07.1 – 2865, КВИ- / U07.2 – 656, ілеспе аурулардан – 1061) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінген 1061 адамды жалпы статистикаға енгізбейді. Бұған қарсы сарапшылардың сөзіне қарағанда, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.
Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Worldometers дерекқоры, Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 50-орында тұр.