Шексіз билік ету монархияға тән. Дегенмен, авторитаризм үстемдік құрған посткеңестік елдердің бұрынғы қалыптасқан жүйені сақтап қалуға тырысатыны анық байқалады. Конституцияны өзгерту, президенттік өкілеттілік мерзімін ұзарту, сайлауда 90%-дан астам дауыс жинау – бұл кеңістік үшін қалыптасқан дағды іспетті. Кеңес одағы ыдырағанда осы елдердің тәуелсіз саясатының өзі бұрынғы коммунистік санадағы басшылардың бағыты бойынша құрылды. Ширек ғасырдан астам уақыт өткенмен, қазір де посткеңестік елдердегі басшылар бұрынғы саяси құралдарды пайдаланып қана басқарып келеді.
1990-шы жылдардың басында ТМД-ның барлық елдерінде президентті екі мерзіммен – әрқайсысы 4-5 жылдан шектейтін Конституциялар қабылданған. Алайда, кейіннен бұрынғы кеңестік республикалардың басшылары ұзақ мерзімге билік ету режимін жарыса енгізе бастады.
Билік ұзартудың қазақстандық үлгісі
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылы сайлау бюллетеніндегі жалғыз кандидат ретінде жеңіске жетті. Төрт жылдан кейін оның Қазақстандағы президенттік өкілеттігі референдумда 2000 жылға дейін ұзартылды. Осыдан кейін Назарбаев президенттік сайлауда тағы үш рет жеңіске жетті. 2007 жылы Қазақстан Парламенті мемлекет басшысының өкілеттігін екі мерзімге шектей отырып, ел Конституциясына түзетулерді қабылдады. Соған қарамастан, ол «Қазақстанның негізіні қалаған тұлға» екенін бірнеше мәрте еске салып, билік басында ұзақ мерзімде қалу мүмкіндігіне қол жеткізді.
2017 жылы Конституцияға өзгеріс жобасы парламентке ұсынылған кезде депутаттардың кейбірі «мемлекеттің мызғымас құндылығы» ретінде тәуелсіздікке қоса тұңғыш президенттің мәртебесін де конституцияға қосу туралы ұсыныс жасады.
Конституцияға өзгертулер ұсыныстары талқылана бастағанда қоғамда мұрагерлік жайлы да айтыла бастады. Әдетте көзге түсе бермейтін конституциялық кеңес мүшелері де осындай сәттерде эфирден, көпшілік алдынан көрініп қалып жатты.
2019 жылдың наурызында 79 жастағы Назарбаев отставкаға кететінін жариялады. Алайда, ол елдің Қауіпсіздік Кеңесінің басшысы және билеуші партияның төрағасы лауазымдарын сақтап қалды. Яғни де-юре тұрғысынан биліктен кетсе де, де-факто тұрғысында «шексіз билікке» жол ашылды. Ал оның қызы Дариға Назарбаева Қазақстан парламентінің спикері болды. Қазір ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев болғанмен, негізгі басқару бірінші президенттің пәрменінде екенін шетелдік сарапшылар айтып та, жазып та жүр.
Ресейдегі «монархия»
Ресейде Владимир Путин Конституциямен рұқсат етілген екі президенттік мерзімнен кейін 2008 жылы Дмитрий Медведевке орын беріп, өзі премьер-министр болды. Медведев қызметке кіріскеннен бірнеше ай өткен соң, президенттік өкілеттіктің ұзақтығын 4 жылдан 6 жылға дейін ұзартып, елдің негізгі заңына түзетулер енгізуді ұсынды. 2008 жылдың соңына қарай бұл түзетулер ратификацияланды. Ал 2012 жылы Владимир Путин тағы да Ресей президенті боп сайланды.
Былтыр Мемлекеттік Дума Ресей Федерациясының Конституциясына түзетулер енгізу, соның ішінде президенттік мерзімдерді қалпына келтіруді бірінші оқылымда мақұлдады. Яғни Конституциялық сот келіскен жағдайда Владимир Путин 2024 жылдан кейін Ресей президенттігіне қайта сайлана алады.
Беларусь: Еуропаның «мәңгілік» диктаторы
Александр Лукашенко – 1994 жылдан бастап өз елінің алғашқы және жалғыз президенті. Беларусьте сайлаудағы алғашқы жеңісінен екі жыл өткен соң Конституцияны өзгерту туралы референдум өтті. Кейіннен Лукашенко Каримовтың үлгісімен президенттігінің бес жылдық мерзім есебін «алып тастады». Сондықтан оның екінші мерзімі жаңа ғасырда, 2001 жылғы сайлауда басталды.
Үш жылдан кейін елде тағы бір референдум өтті, ол Конституциядан бір адам үшін президенттік мерзімдердің санын шектейтін норманы алып тастады.
Тәжікстан мен Түркіменстан тәжірибесі
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон үшін басқа да посткеңестік ел басшылары сияқты билік ету «туу мен өлу» арасындағы процесс іспетті. Ол алғаш рет 1994 жылы мемлекет басшысы болып тағайындалды, 1999 және 2006 жылдардағы сайлаудан кейін осы лауазымда қалды.
Сайлау арасындағы аралықта ол Конституциядағы президент өкілеттігін ұзарту бойынша бірнеше референдум өткізді. Сол кезеңнен бері конституция бойынша «Ұлт көшбасшысы» деп жарияланған қазіргі президент Эмомали Рахмон шектеусіз мерзімге сайлана алады.
2020 жылдың күзінде Рахмонның үлкен ұлы, 33 жастағы Рустам Эмомали сайлауға қатысады деп болжаған. Бірақ былтырғы сайлауда да Рахмонның өзі «айқын басымдықпен» жеңіске жетті.
2016 жылы Түркіменстан да конституциялық реформасын қабылдап, президент сайлауы үшін кандидаттың жас шектеуін алып тастады және бір адамның президенттік өкілеті бұрынғы бес жылдан жеті жылға ұзартылды. Содан бері Орталық Азиядағы бесаспап президент Гурбангулы Бердімұхамедов әдеткен айналған «99,9%» дауыстармен көш бастап келеді.
Әзірбайжан: Күйеуі – президент, әйелі – вице-президент
Ильхам Әлиев 2003 жылы әкесінің орнына Әзірбайжан президенті болып тағайындалды. Бес жылдан кейін ол президент сайлауында тағы да жеңіске жетті. 2009 жылы екінші президенттік мерзімінде ол референдум өткізіп, Конституцияға түзетулер енгізді. Нәтижесінде, бір адам екі немесе одан да көп мерзімге сайлана алатын болды.
2016 жылы елде Конституцияға өзгерістер енгізу туралы тағы бір референдум өтті. Бұл жолы президенттік мерзім бес жылдан жеті жылға дейін ұзартылды. Сонымен қатар, бірінші вице-президент лауазымы құрылып, Ильхам Әлиевтің әйелі Мехрибан Әлиева бұл лауазымға тағайындалды.
2018 жылғы 11 сәуірде өткен Әзірбайжандағы соңғы сайлауда Ильхам Әлиев тағы да 86,22% дауыс жинап, төртінші мерзімге президент қызметінде қалуға мүмкіндік алды. Оппозиция сайлауға бойкот жариялады. Халықаралық бақылаушылар дауыс беру ережелерінің бұзылғанын айыптап, сайлауды легитимділігін мойындаудан бас тартты.
Армения: Басқару формасының өзгеруінен революцияға дейін
Арменияның экс-президенті Серж Саргсян екінші президенттік мерзімінде Конституцияны реформалап, елді парламенттік республикаға айналдырды. Мемлекеттің бірінші тұлғасы болған жаңа премьер-министрді сайлау 2018 жылы Армениядағы басқарудың жаңа формасына ауысты. Серж Саргсянның бақылауындағы парламент оны премьер-министр етіп сайлап, билікті сақтап қалуға мүмкіндік берді. Алайда, елдегі халық наразылығы «Барқыт төңкеріске» әкелді. Нәтижесінде Саргсян отставкаға кетіп, оппозиция жетекшісі Никол Пашинян премьер-министр қызмсетіне келді.
Өзбекстан: Мерзімнен мерзімге
Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримов 1991 жылдан бастап 2016 жылға дейін орнында қалды. 2015 жылы наурызда ол төртінші рет кезекті президенттік сайлауда 90,39 % дауыспен жеңіске жетті. 1992 жылы қабылданған ел Конституциясының 90-бабында «бір адам қатарынан екі мерзімнен президент бола алмайды» деген сөйлемге қарамастан, Каримовтың билігі ол қайтыс болғанға дейін өзгеріссіз жалғасын тапты.
Қырғызстан: Орталық Азиядағы «демократия аралы»
Қырғызстанның тұңғыш президенті Асқар Ақаев ТМД елдері көшбасшыларының арасында бірінші мерзімді ұзарту мүмкіндігін пайдаланып, 2005 жылғы «Қызғалдақ төңкерісіне» дейін билікте қалды. Содан кейін ол Ресейге қашып кетті.
Бір қызығы – екі төңкерістен кейін 2010 жылы 2020 жылға дейін конституцияны өзгертпеу туралы келісілген болатын. Бірақ қазір билік басында отырған Алмазбек Атамбаевтың қолдауымен референдум өткізіліп, премьер-министрдің құзіреті өсті.
Елдің қазіргі президенті Садыр Жапаров та Конситуцияға өзгерту енгізбек. Бұл ретте сарапшылардың пікірі екіге бөлінген: бірі Жапаровтың бұл қадамы «демократияның үлгісі» десе, екінші тарап «президент өзінің Ханституциясын жасамақ» деп сынайды.
ТМД-ның өзге елдері
Украинада бұрынғы президент Леонид Кучманың мерзімі Конституциялық сот шешімімен ұзартылған. Дегенмен, Кучманың өзі тағы бір рет сайлауға қатысуға мүмкіндік алған жоқ.
КСРО ыдырағаннан кейін Украинаның бірде-бір президенті Конституциямен рұқсат етілген 5 жылдан аса билік еткен жоқ. Дәл осындай жағдай Литва мен Грузияға да ортақ. Аталған екі елде де мемлекеттегі ең жоғары лауазымды тұлға үшін шектеулер енгізілген.
Латвия, Эстония және Молдова – президенттің рөлінен премьер-министр жоғары тұратын екінші дәрежелі парламенттік республикалар. Алайда, бұл мемлекеттердің президенттері посткеңестік дәуірде 4-5 жылға созылатын екі мерзім туралы бекітілген норманы бұзған жоқ. Сондай-ақ, үкімет басшылары да билікте сегіз жылдан астам уақыт отырған емес.