Коронавирусқа қарсы вакциналарды өндірушілер мен барлық мемлекеттің үкіметтері пандемияға қарсы тиімді әрекет ету үшін бәсекелестіктен бас тартып, ынтымақтастықты күшейтуі керек, – деп Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев әлем елдеріне үндеу жасады.
Азия экономикалық форумының ашылу салтанатында Қазақстанның атынан мәлімдеме жасаған Назарбаев: «Адамзат үшін вакциналарды өндірушілер мен үкіметтердің ғаламшардағы жаппай вакцинация мәселесін шешудегі ынтымақтастығы маңызды. Бұл мәселеде бәсекелестік пен саясиландыру кері әсер етеді. Вакциналарға қол жеткізу жекелеген елдерге қысқа мерзімді пайда әкелетін жұмсақ гибридті күш құралына айналады, бірақ жаһандық бақылаусыз жекелеген елдердің жетістігі нәтиже бермейді», – деген.
Назарбаевтың айтуынша, пандемия кезінде «жаһандану және халықаралық өзара іс-қимыл процестері баяулаған».
Биыл Азия экономикалық форумы (АЭФБ) 18-21 сәуір аралығында «Трансформациядағы әлем: «Бір белдеу – бір жол» бастамасы бойынша жаһандық басқару және ынтымақтастық үшін күш-жігерімізді біріктіреміз» тақырыбымен өтіп жатыр. Талқылауға ұсынылған негізгі проблемалар тізімінде пандемиядан кейінгі жаһандану және сауда-экономикалық қатынастарды ілгерілету, ДСҰ реформасы сынды тақырыптар бар.
Назарбаев биліктен кетсе де, Қазақстанда «қос билік» феноменінің белең алғаны жиі айтылады. 2019 жылы Ұлыбританияның халықаралық қатынастар бойынша беделді сараптама орталығы Қазақстандағы билік транзиті жөнінде зерттеу жариялап, іс жүзінде Тоқаев президент ретінде алдыңғы президент қалыптастырған жүйедегі қос биліктің жартысы саналатынын айтты.
Зерттеуге қатысқан сарапшылардың пікірінше, «Бұрынғы кеңес республикаларының ешқайсысы әлі басынан өткермеген мұндай ұрпақаралық транзиттің қаупі көп. 1991 жылғы тәуелсіздіктен бұрынғы уақыттан бері елде үстемдік етіп келген өз дәстүрін сақтап қалумен қоса, Назарбаев Қазақстанның өзі бастап берген бағыттан бұрылмай, күшейіп келе жатқан көптеген ішкі және сыртқы сын-қатерлер контексінде режимнің тұрақтылығын сақтап қалғанын қалайды».
Сонымен қатар, сарапшылар «Назарбаев өз өкілетін ұзартып, билігін нығайту үшін конституцияға жиі өзгеріс енгізді, сөйтіп жабық, бейресми саяси жүйе тұрақтады. Бұл институттық басқаруды, жалпы алғанда елдің дамуын тежеді» деп санайды. Бірақ Қазақстанның бұрынғы және қазіргі президенттері елде «қос биліктің» орнағанын жоққа шығарып келеді.