Ресей президенті Владимир Путин 2036 жылға дейін билікте қала алады. Мемлекеттік дума мақұлдап, дау туғызған заң жобасына Путин қол қойды. Мұнымен қатар, ол мемлекет басшысына азаматтық тұлғаларды жоғары лауазымды әскери қызметке тағайындауға өкілет беретін құжатты да қабылдады.
Бұған дейін наурызда Федерация кеңесі Путинге 2024 жылы өтетін сайлауға президенттікке кандидат ретінде қатысуға жол ашатын конституциялық өзгерісті қолдады. Президенттік мерзімді шектеуді жою туралы ұсынысты парламентке тарихтағы бірінші әйел ғарышкер, «Единая Россия» партиясынан сайланған депутат Валентина Терешкова енгізген.
Ресми мәліметтерде халықтың 77,92%-ы Путиннің басқаруына қолдау білдірген. Ал Ресей билігі шетел агенті тізіміндегі коммерциялық емес ұйым қатарына қосқан «Левада-центр» орталығы ұсынған мәліметте ресейліктердің 41%-ы Путиннің 2024 жылдан кейін президент болғанына қарсы екені айтылған. Оның билікте тапжылмай отырғанын сынға алған Кремль сыншылары Путин зейнетке кетуі тиіс деп санайды.
Путин 2000, 2004, 2012 және 2018 жылдары президент болып сайланды. Енді ол 2024 және 2030 жылдары өтетін сайлауға қатыса алады. Дмитрий Медведев 2008 жылдан 2012 жылға дейін мемлекет басшысы болған кезде, ол президенттің өкілеттік мерзімін төрт жылдан алты жылға дейін ұзартуды ұсынды. Бұл ұсыныс бір ауыздан қабылданды.
Путин Кремльге оралғаннан кейін Медведев үкіметті басқарды, бірақ 2020 жылдың басында Путин Конституцияға түзетулер енгізетінін жариялады. Ал Медведев отставкаға кетті.
Ресейде 2008-2012 жылдар аралығында мемлекет басқарған Дмитрий Медведев қана бұрынғы президент мәртебесіне ие. Қазір Ресейде 2001 жылы қабылданған бұрынғы президенттің жеке басына тиіспеу туралы заң бар. Заңға 1991 жылы 31 желтоқсанда сол жылдары президенттің міндетін атқарушы болған Владимир Путин Борис Ельцин отставкаға кеткеннен кейін қол қойған.
Енді заң жобасы бұрынғы мемлекет басшысы мен оның отбасын қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тартуға тыйым салуды қарастырады. Құжат бойынша, оларды ұстауға, қамауға алуға, тінтуге, тергеуге де болмайды. Тек «мемлекетке опасыздықтық жасады» деп күдікке ілінген бұрынғы басшылар мемлекеттік дума, жоғарғы сот, конституциялық соттың мақұлдауымен жазаға тартылуы мүмкін.
Путин билігінің транзиті басталған сәт Қазақстандағы саяси ахуалды еске салады: 2018 жылы мамырда Қазақстан Парламенті «ҚР Қауіпсіздік Кеңесі туралы» заңды мақұлдап, шілдеде экс-президент Назарбаев бекітті. Құжатта «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне – Елбасына оның тарихи миссиясына байланысты Қауіпсіздік Кеңесін Төраға ретінде басқару құқығы өмір бойы тиесілі» екені жазылған.
Ал 2019 жылы наурызда Нұрсұлтан Назарбаев отставкаға кететінін жариялады. Дегенмен, ол әлі күнге дейін мемлекеттік аппаратқа ықпалын сақтап қалған. Яғни Путин де мемлекеттік кеңеске шексіз құзырет иеленіп, қазақстандық жүйені үлгі еткен.