Биылғы сайлауға «көрік» берген Adal саяси партиясының атынан сайысқа түскен тележүргізуші Мақсат Толықбай даусын даулап, пикет-шеруге шықпайтынын мәлімдеді. Мемлекеттік ақпарат саясатын жүзеге асыратын Qazaqstan телеарнасының бас продюсері бұған дейін «сайлау әділетсіз өткен жағдайда, митингіге шығатынын» айтқан.
Саяси науқанға араласып көрген журналист facebook әлеуметтік желісінде сайлау алдындағы ойынан айнығанын мәлімдеді. Бейнеүндеудегі сөзіне қарағанда, саясатта тәжірбиесі бар белгісіз бір «үлкен саясаткер» тоқтау айтып, райынан қайтарардай «суық ақыл» берген екен.
«Мақсат, дауыс даулап митингіге шығасың ба деп сұрап жатқандар бар. Ондай ой болмады емес болды. Саясатта жүрген бір үлкен ағамыз телефон шалып екі сағат сөйлестік. Маған сөзі әсер етті. Сіздерде қосыласыздар деп ойлаймын. “Мақсат,- деді – сенің саясаттың шетін көріп жатқаныңа бар-жоғы бір ай болды ғой. Бұл басы ғана. Әлі талай нәрсені көресің. Сендер өздеріңе сенімді болсаңдар, бірдеңені дәлелдегілерің келсе, нағыз партияның жұмысын көрсетіңдер. Алдағы жылдары ана үш партиядан жақсы жұмыс істеңдер. Ертең резонанстық жағдай болатын болса, баспасөз мәслихатын өткізіп, мәлімдеме жасаңдар. Қандай да бір оқиғалар болғанда халықтың ортасынан табылыңдар. Өзің айтып жүретін тегін грантты жұмыс бастағысы келетін азаматтарға таратыңдар. ЖОО ректорларымен мемарандумға отыр. Ауылда түншығып жатқан қаншама талантты жастар бар оқуға түсе алмай жатқан. Тым болмаса соларды оқуға түсіріңдер тегін грант беріп. Міне, ең үлкен сауапты іс солай болады. Қолынан еш нәрсе келмейтін шарасыз күйге түскенде ғана адам митингіге шығады” – деп айтты маған. Осының өзі қатты әсер етті. Өйткені, ағайын ащы болса да айтайын біздің қоғамның өзі дайын емес. Мен атойлап алаңға шыққанмен артымнан бір екі мың адам шығар. Одан не өзгерер. Сөйтіп тарқаймыз», – деді мәжіліс депутаттығынан дәмелі болған журналист Толықбай.
Ол сайлау барысында біршама тәжірбие жинағанын, жұмысты жалғастыра беретінін айтады. Келтірген дерегінше, айға жетер-жетпес уақытта партияға 360 мың адам мүшелікке өткен.
«Бір айдың ішінде қолымыздан не келетнін көрсете алдық. Бұдан кейін бізбен де санасады. Жиырма жеті күннің ішінде ешбір партияның тарихында болмаған 360 мың адамды мүшелікке өткіздік. Бес жылдан кейін де сайлау болады. Оған дейін санымызды миллион екі миллионға жеткізейік. Талай жоба, жоспарды бірігіп атқарайық. Біз партияның атынан сіздер жасаған ұсыныстан мәлімдеме жасайық. Әрбірден соң Адалды қолдайсыз ба, қолдамайсыз ба мәселе ода емес, ағайын. Біз күшке айналу үшін әрбір белсенді рамкадан шыққысы келетін, өзгергісті қалайтын әрбір азаматты қолдап үйренейікші. Сен жаман, мен жаман отыра бергененен ешкім ештеңесі кетпейді, керісінше жақсы. Қауіпті ғой, ертең біздің басымыз бірігіп кетсе. Сондықтан осыны ойлаңыз», – деп сөзін қорытты Мақсат Толықбай.
Алайда партияның баспасөз хатшысы Назым Жанғазинованың редакция тілшісіне берген мәліметіне сенсек, айда астам уақытта 250 мың адамға артқан. Партияның ресми өкілі Жанғазинова «ребрендингке дейін партияда 53 мың адам болған, 12 қаңтардағы тізім бойынша 311 мыңнан асады» дейді.
Сайлау қортындысы шыққанда журналист Толықбай «Nur Otan» партиясынан кейін «Адал» екінші орын алғанын мәлімдеген. Алайда «Адал» партиясының төрағасы Серік Сұлтанғали жеңілгенін мойындап, экс-президент Назарбаев басқаратын билік партиясын бірінші болып құттықтады.
Орталық сайлау комиссиясының дерегінше «Nur Otan» партиясы 71,09 % дауыс иеленсе, «Ақжол» 10,95 % дауыс, ҚХП 9,10%, «Ауыл» партиясы 5,29 % , «Адал» бар-жоғы 3,57% дауыс қана жинай алған.
Дегенмен тәуелсіз сарапшылар шынайы оппозициясыз өткен сайлау «әділ өтпеді» деген пікір айтады. Мәселен «Жас сайлаушылар лигасының» бақылаушылары мәжіліс сайлауына барлық партиялар өтті дейді. Олардың есебі бойынша «Адал» үшін сайлаушылардың 12,8% дауыс берсе, «Ақ жолға» 20,1%, ал «Ауыл» партиясы 8,33% дауысқа иеленсе, «Nur Otan» 48,30%, Қазақстан халық партиясы 8,90% дауыс алған көрінеді.
Қазақстан халқына репрезентативті бола алатын көлемді сауалнама жүргізген Сандж зерттеу орталығының мәліметінше, «Нұр Отанды» қолдау 71% емес 56% болған. «Ақ жол», «Адал», «Ауыл» партиялары міндетті межеден жоғары дауыс алған. Керісінше, ҚХП (бұрынғы коммунистер) жеті пайыздық межеге жетпей қалған. Сайлау қорытындысы бойынша әдеттегідей «үшем партия» мәжіліске өткен.