Бауыржан Байбек белсенді Жанболат Мамайдың айыптауларын «жала» деп, оны сотқа беретінін айтты. Тікелей эфирде сұхбат берген Байбек «Мамай демократияның жауапкершілік екенін түсінуі керек» деп ескертті. Ал өз кезегінде белсенді Жанболат Мамай шенеунікті дебатқа шақырды.
Бұған дейін Жанболат Мамай журналистік зерттеуінде Алматы қаласының бұрынғы әкімін қаладағы бірқатар «жемқорлық істерге» қатысы бар деп айыптаған болатын. Кейіннен блогер Тәңірберген Бердіоңғаровтың Youtube арнасында қонақ болған Бауыржан Байбек бұл мәлімдемеге жауап берді.
Сұхбатта Қазақстанның бірінші президенті Назарбаевтың «нақыл сөзін» келтірген Байбек: «Елбасы әрдайым айтатын, «егер арың таза болса, оған сенімді болсаң, әділ сотта ар-намысыңды қорға» деп. Біз демократиялық мемлекет құрып жатырмыз. Бірақ демократия анархия емес, заңсыздық емес. Бұл – заңның үстемдігі. Әр адамның өз атын, абыройын қорғауға конституциялық құқығы бар.
...Ол өзінің саяси карьерасын құртты. Жіктеп айтатын болсақ, ендігі «саяси өлік» деуге болады. Партияның кодексі мен жарғысына сай бүгін оны азаматтық, әкімшілік іс жүргізу шеңберінде сотқа беретінімді ресми мәлімдеймін. Бұлай болмауы керек деп есептеймін. Мен бұл әрекетті болашақта Мамай сияқты адамдар кінәсіз адамдарды айыптамас үшін жасаймын», – деді.
Сонымен қатар шенеунік өзіне – жүз емес, он шақты компания ғана тиесілі екенін, бәрінің декларацияға енгенін атап өтіп, сол үшін салық төлейтінін де айтқан.
Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Байбек Мамайдың мәлімдемесіне пікір білдіргенде тағы бір мәрте Назарбаевты тілге тиек еткен. «2015 жылы Елбасы бес институционалдық реформаға бастама болды, институттар туралы айтты. Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл идеяны дамытып, халық үніне құлақ асатын мемлекеттің тұжырымдамасын жасады. Еститін мемлекет – бұл жай ғана есту емес, сонымен қатар жауап беру. Мен мемлекеттік қызметкер емеспін, шын мәнінде мен оны істеуге міндетті емеспін», – деді ол. Осылайша, Алматы қаласының бұрынғы әкімі белсендіні сотқа беретінін айтты.
Ал шенеунікті дебатқа шақырған Жанболат Мамай өзінің Facebook парақшасында: «Ол мені сотқа беремін деп отыр ғой. Бірақ Қазақстанда әділетті сот жоқ. Қазақстандық соттардың барлығы Nur Otan басшылығы қолында. Атқарушы билік не айтады, тура сондай шешім шығарады. Сондықтан Байбекке айтқым келеді: егер жасыратын ештеңесі болмаса, егер осы Nur Otan партиясының жасап жатқан істерінің барлығын дұрыс деп санаса, онда ол менімен тікелей эфирде дебатқа шықсын. Nur Otan-ға қатысты, елдің дамуына қатысты, өзінің жемқорлық істеріне қатысты, жер дауына қатысты осы мәселелердің барлығын тікелей эфирде халық алдында ашық талқылайық», – деді.