Алматы қаласының аумақтық сайлау комиссиясы қалалық мәслихат депутаттарын сайлау қорытындысын шығарып, депутаттық мандаттарды бөлді.
Қала әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, аумақтық сайлау комиссиясымен барлығы 5 саяси партиядан 118 кандидат тіркелген.
Алматы қаласы мәслихатына сайлаудың қорытындысы мен партиялық тізімдер бойынша сайлаушылардың дауыстары былайша бөлінді:
- «Нұр Отан» партиясы– 68,11%;
- Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы – 10,11%;
- «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы– 7,68%;
- Қазақстанның Халық партиясы 7,31% және «Адал» саяси партиясы – 6,79%.
«Нұр Отан» 29 депутаттық мандат, «Ақ жол» – 4, «Ауыл» және «Қазақстан халық партиясына» 3 мандаттан берілді.
10 қаңтарда Қазақстанда парламент мәжілісі мен жергілікті мәслихат сайлауы өтті. Сайлауға «Нұр Отан», «Ақжол», «Адал», «Ауыл» және «Қазақстан халық партиясы» қатысты.
Сайлау қарсаңында құқық қорғаушылар жер-жерде белсенділердің үйіне тінту жүргізіліп, қудалау күшейгенін хабарлаған. Бұған дейін ешбір халықаралық ұйым Қазақстандағы сайлауларды әділ, ашық өтті деп бағалаған жоқ. 10 қаңтарда өткен доданы да ЕҚЫҰ өкілдері «Қазақстандағы сайлау шынайы бәсекесіз және демократиялық талаптарға қайшы өтті» деген баға берді.