Сайлау қарсаңында, 5 қаңтар күні таңда республика бойынша тарайтын «Егемен Қазақстан» мемлекеттік басылымында президент Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген тақырыпта көлемді мақаласы жарияланды. 3,5 мыңнан астам сөзден тұратын мақалада Назарбаев есімі аталмаған, есесіне «Елбасы» сөзі 8 рет қайталанған. Сондай-ақ, «реформа» термині 4 рет қолданылып, «демократия» бір жерде ғана айтылған. Тоқаевтың екінші мақаласында айтылған ойлардың қысқартылған нұсқасы мен негізгі ұсыныстарын топтастырып ұсынамыз.
Тоқаевтың 30 жылға бағасы мен мұраты
Тәуелсіздіктің отыз жылын, ондағы әр онжылдықты позитивті бояуда сипаттаған президенттің пікірінше, алдағы он жылда «қуатты елдің иесі және кемел халық болу» міндеті тұр. Ол «әділетті қоғам мен тиімді мемлекет құруды көздеп отырғанын» айтады. Бұған дейін ешбір бағдарламалық негізі жоқ «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құру туралы тұжырымдамасын, «Еститін мемлекет» саясатын жүзеге асыруды көксейтінін мәлімдеген.
«Мысалы, тұрғындардың тұрмысын жақсарта түспесек, еліміздің жетістіктері мен халықаралық табыстарын мақтан ету артық. Азаматтарымыз экономикалық өсімнің игілігін сезіне алмаса, одан еш қайыр жоқ. Мен әрбір шешімді қабылдар сәтте осы ұстанымды басшылыққа аламын»
Сайлау қарсаңындағы мақаласында «халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартумен қатар, барлық азаматтардың мүддесін бірдей қорғаймыз» деп, астарлап сөз бергендей. Дегенмен Қазақстанда сот жүйесінің әділдігіне күмәнмен қарайтындар аз емес, тіпті олар «шындық» іздеп Ақорда алдына бірнеше рет барған.
Тоқаевтың ұсыныстары
- «Мен құзырлы органдар мен отандық телеарналарға мемлекеттік тапсырыстың белгілі бір бөлігін міндетті түрде тарихи тақырыптарға бағыттауды тапсырамын» деген Тоқаев «көп қаражат жұмсамай да жоғары деңгейдегі өнер туындысын түсіруге болатынын» ескертті. Оған қырғыздың «Құрманжан датқа» тарихи фильмін мысалға келтірді. Қазақ халқының шежіресінде «ауқымды фильмдерге арқау болатын маңызды белестер мен оқиғалардың барын» айтқан ол киноматографтарға тақырып та ұсынды. «Мысалы, әлемдегі ең қуатты империялардың бірі болған Алтын орда тарихы дайын тұрған жоқ па?!»
- Тәуелсіздік мерейтойы аясында Алаш қайраткерлерін еске алып, олардың мұрасын жастарға және бүкіл әлемге паш ету керектігін сөз етеді. Сонымен бірге, «осы тақырыпты зерттеп жүрген ғалымдар мен жазушылардың да еңбегі қолдауға ие болуы және бағалануы қажет. Алаш арыстарының асыл мұрасын игеру жалғаса беруге тиіс». Алайда осы күнге дейін қазақстандықтардың саяси сауатын көтеретін Алашорданың 100 жылдығы сияқты мемлекеттілік тарихындағы басты оқиға елеусіз қалған еді. Оның орнына қоғам ызасын тудырған комсомолдың ғасырлық «мерейтойын» элита-зиялылар мен шенеуніктер сән-салтанатпен өткен.
- ХХ ғасырдың басындағы алапат ашаршылықтың алғашқы кезеңі – 1921-1922 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл өтуіне байланысты тарихи деректерді жүйелеу, ресми баға беру бастамасы көтерілді. Білікті мамандардың көмегімен жүйелі зерттеу жүргізіп, «ашаршылық мәселесіне мемлекет тарапынан баға беру» қажет. Тоқаевтың сөзінше, мұндай күрделі мәселеге «ұстамдылықпен және жауапкершілікпен қарап», тарихи «зерттеулерді ұраншылдық пен даңғазасыз, таза ғылыми ұстаныммен жүргізген дұрыс».
- Тағы бір «бағасын алуға» сұранып тұрған тарихи мәселе – 35 жыл бұрынғы Желтоқсан оқиғасы. «Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек» дейді жұқалап. Белсенділер мен зерттеушілер жиі көтеретін нақты әрекеттер мен мұрағаттағы деректерді жариялау жайлы ұсыныстар айтылмады.
- «Кейінгі жастар өткен ғасырдың 90-жылдарындағы тарихи оқиғалардың тереңіне бойлап, мәнін жете түсіне бермейді, Тәуелсіздікке тағдырдың бере салған сыйы ретінде қарайды» деп санайтын Тоқаев Назарбаевтың «жеті емес жетпіс рет ойлап» жүргізген саяси ерлігін бүгінгі-болашақ ұрпақ әрдайым біліп жүруі үшін «Қазақстанның жаңа тарихын да жүйелі зерттеген жөн» дейді. Осы бағытта ұлттық мүдде тұрғысынан «Қазақстанның академиялық үлгідегі жаңа тарихының» көптомдығы мен шетел аудиториясына арналған әртүрлі тілдердегі «Қазақстанның қысқаша тарихын» жазуды ұсынды.
- Оңтүстік Қазақстан облысына Түркістан атауы берілуін «тарихи әділдікті қалпына келтірген орынды шешім» болғанын әрі халық өте жылы қабылдағанын айта келе «осы игі үрдісті еліміз бойынша жалғастыруға болады» дейді. Бірақ «мұндай қадамдарды байыппен жасаймыз» деп қысқа қайырды. Павлодар мен Петропавл сияқты отаршылдық жұрнақтарынан арылуға жол таппаса да, астана атауын бір күнде өзгерткен Тоқаевтың бұл сөзінен емеуірін білінеді. Ұлттық ономастиканы отарсыздандыру қашан жүрері әзірге белгісіз.
- «Қазақтың жері ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейді, ешқашан сатылмайды» деп уәденің бұйдасын жуан түйген Тоқаев кодекске енгізілген мораторийдің мерзімі аяқталалмастан бұрын биыл Жер мәселесі жөніндегі комиссияны құруды тапсырды.
- Еңбек күші көп оңтүстік өңір тұрғындарын, қандастар көшін солтүстік және шығыс аймақтарға қоныстандыруға қолайлы жағдай жасап, жұмысты жандандыру қажеттігін айтты. Ол шенеуніктерге бұған саяси науқан ретінде қарамауды ескертіп, жоғарыға көпірген ақпар беру үшін емес, мемлекеттік мүдде және ағайынға шынайы жанашырлық тұрғысынан жасауды тапсырды.
- Президенттің пайымдауынша, мемлекеттік тілді дамытуда балалар әдебиетінің атқаратын рөлі зор. Сондықтан, қазақ қаламгерлері мен шетел жазушыларының балаларға арналған да таңдаулы туындыларын аударып, көптеп басып шығаруды және таратуды қолға алынбақ.
- Жұртты ұйыстыратын құндылық ретінде Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын жасалып, көктем мерекесінің мазмұны байи түседі.
- Жастардың әлеуетін «дұрыс» арнаға бағыттап, «тиімді пайдалану» керегін айтады. Осы мақсатта Президент жанындағы Жастар кеңесінің қызметін жандандыруды және азаттық жылдарында дүниеге келген, әлі танылып үлгермеген талантты жастарды қолдау мақсатында «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты грант тағайындауды ұсынды.
Тоқаевтың жастарға айтары
«Кең байтақ Қазақстанды асқақ армандарың мен батыл жоспарларыңды емін-еркін жүзеге асыра алатын, табысыңа марқайып, әрдайым тілеуіңді тілейтін қасиетті Отаның ретінде бағалаңдар!»
Мақаланың аяғына қарай Тоқаев қазақ даласында демократиялық жолмен сайланған «тұңғыш президент» Әлихан Бөкейханның «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген сөзін келтірген.