Соңғы жылдары Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас көзге көрінерлік жылдамдықпен күшейіп келеді. Экономикалық, көлік-логистика, инвестициялық әріптестік саласында Қытай белсенді ойыншыға айналса, геосаяси деңгейде оның Қазақстанға бағытталған ықпалы Ресейдің әлсіреуінен кейін айқын байқала бастады. Бұл үдеріс тек ынтымақтастықпен шектелмей, еліміздің егемендігі мен экономикалық қауіпсіздігіне тікелей әсер етіп отыр.

 Қытай экспанциясының экономикалық аспектілері

Шағын өндірістердің тұншығуы

Қытайдан тасымалданатын арзан әрі сапасыз тауарлар Қазақстандағы жергілікті шағын және орта кәсіпкерлікке үлкен соққы болып тиюде. Импорттың артуы ішкі нарықтағы отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін төмендетіп, өндірісті кеңейтуге деген ынтаны жойып отыр.

Мысалы, жеңіл өнеркәсіп, тұрмыстық техника, құрылыс материалдары сынды салаларда Қытай экспорты ішкі нарықты жаулап алды. Бұл – "жұмсақ күш" арқылы ел экономикасын бағындырудың классикалық мысалы.

Кәсіпорындар мен жер телімдерінің Қытайға берілуі

Бейресми деректерге сүйенсек, соңғы жылдары Қазақстандағы бірқатар кәсіпорындар мен жер телімдері Қытайлық компаниялар мен азаматтардың меншігіне өткен. Бұл үрдіс әсіресе ауыл шаруашылығы мен энергетика салаларында күшейіп отыр.

Кейбір сарапшылардың пікірінше, бұл көрініс "экономикалық отарланудың" жаңа формасы болып табылады. Қазақстанның стратегиялық ресурстары біртіндеп сыртқы ойыншылардың бақылауына өтіп барады.

Визасыз режим – инвестиция ма, әлде көлеңкелі көші-қон ба?

2024 жылы күшіне енген визасыз режим Қытай азаматтарының Қазақстанға еркін келуіне мүмкіндік берді. Ресми билік бұл шешімді "туризм мен инвестицияны ынталандыру" деп түсіндірсе, халық арасында үлкен алаңдаушылық тудырды.

Бейресми ақпарат көздері мен әлеуметтік желілерде Қытай азаматтарының Қазақстанда жаппай мүлік сатып алып жатқаны, түрлі кәсіп ашып жатқандығы жайлы деректер көбейіп барады. Ең бастысы – олардың саны мен іс-әрекеті туралы ашық статистика жоқ.

Ресей әлсіреп, Қытай белсенділік танытып отыр

Украинадағы соғыстан кейін Ресейдің халықаралық аренадағы әлсіреуі Орталық Азияда жаңа геосаяси вакуум тудырды. Бұл жағдайды Қытай ұтымды пайдаланып отыр. Қазақстан Қытай үшін:

  • "Бір белдеу – бір жол" жобасындағы маңызды транзиттік буын;
  • Қытайдың батыс аймақтарын шикізатпен қамтамасыз ететін басты база;
  • Орта Азиядағы саяси ықпалын кеңейтетін геосаяси алаң.

Ресейдің бұған дейінгі қауіпсіздік "зонтигінен" айырылған Қазақстан үшін Қытайдың көлеңкесінен қашу қиынға соғуда.

Қорытынды: Экономикалық серіктес пе, геосаяси үстем күш пе?

Қытаймен әріптестік Қазақстан үшін пайдалы да болар. Бірақ бұл әріптестіктің балансы бұзылып, біржақты тәуелділікке айналып бара жатқаны қауіпті үрдіс. Еліміздің экономикалық, ақпараттық, көші-қон саясаты Қытайдың ұзақ мерзімді стратегиясымен есептеспей, бейберекет жүріп жатыр.

Осығаг орай мынадай бір сұрақ туады:
Біз серіктеспіз бе, әлде бағыныштымыз ба?

The Qazaq Times