Темірдан Еңсебекке шыққан үкім – күлкіге шығарылған қаралы хабар
Бүгін Қазақстанда күлкі қылмысқа айналды. Бүгінгі сот отырысы – сөз бостандығының шексіздігіне емес, шектеулі шарттылығына берілген үкім. Бұдан бұрын өзінің Qaznews парақшасының билік пен билік басындағыларға қарата сатиралық жазбалар жасайтын Темірдан Еңсебек бес жыл шартты жаза алды. Бұдан былай әр күлкіміз – дәлел, әр мысқылымыз – айып, әр карикатурамыз – қылмыстық іс.
Темірданның үкімі – күлкінің үкімі
“Бес жыл шартты жаза”. Бұл бір адамның тағдыры ғана емес, күллі қоғамның үнсіздікке кесілген үкімі секілді естілді. Сот залында судья Бейнегүл Қайсина үкімді оқығанда, ол бұл үкімді мемлекет атынан емес, үрей атынан оқып тұрғандай әсер қалдырды. Дәл бір диктант оқып тұрғандай. Бірақ бұл диктантты біз бұдан былай өмір бойы жатқа айтуымыз керек тәрізді. Үкімнің түп мағынасы: “Күлме! Күлдірме! Күлсең және күлдірсең – көретінің осы.”
Біз енді қылмыскер емес, күліскер болып сотталамыз.
“Позор! Позор!” – ұяттың үнін естідің бе, Менің Жап-жаңа Қазақстаным? Бұл саған арнап айтылып жатқан ода!..
Сот залына кіре алмаған Темірланның жақтастары сыртта "Позор! Позор!" деп айқайлады. Бірақ, бұл позор – Темірданның емес. Бұл – біздің, бүкіл елдің ұялуы керек позоры. Шын позор – биліктің сыннан қорқуы. Шын позор – мемлекеттің күлкіден қорғануға мәжбүр болуы. Бұл – цензура емес, бұл – цензураның жетпіс жеті атасы.
“Позор” айқайына шыдай алмаған ұяттың өзі жерге кіріп кетті. Бірақ біз кірмедік. Өйткені бізде ұяттытың өзіг таптап өте шығатын үрей, қорқыныш бар.
Адвокат Жанар Балғабаева: “Бұл үкім – Темірданның аузын жабу үшін берілді.” дейді. Иә, рас. Бірақ бұл үкім – бір Темірданға ғана емес, күллі қоғамға арналған. Бұл – елдің еркін ойын, ішкі наразылығын, сатираға сіңген сыншылдығын “құлыпқа” жабу үшін берілген. Бүгін біз сөз бостандығын жоғалтқан жоқпыз – біз оны шартты түрде ғана сақтап қалдық. Үстімізде “сотталған сөз бостандығы” жүр.
Күлкі – енді қылмыс. Үнсіздік – жалғыз қорғаныс
Ал біз не істейміз? Біз енді ішімізден күлеміз. Әр күлкі – қауіп, әр қалжың – қылмыстық жорамал.
Егер дауыстап күлсек – жаза.
Қарқылдасақ – “мемлекетті масқаралау” бабымен сот болуымыз мүмкін.
Егер жымиғанымыз камераға түсіп қалса – әкімшілік айыппұл.
Қоғам үнсіз. Себебі қазір үнсіздік – аман қалудың жалғыз жолы.
Темірлан үндемейді. Бірақ оның үнсіздігі – айғайдан қатты
Бүгіннен бастап Темірлан сөйлемеді. Оның аузына прокурордың дар еткізіп жыртып берген темір скотчын судья ханым бес жыл бойы алынбайтындай етіп жапсырып берді. Оның үнін өшірді. Бірақ оның үнсіздігі сот залын жарып шықты. Бұл үнсіздік – сатираның ең шынайы формасы. Енді Темірлан сатирасын тастай ма, жоқ па – оны уақыт көрсетеді. Бірақ ол бүгін күлкіні қорғап, үндемей тұрып айғай салды. Бұл айғай – әрбір шыншыл жүрекке естіледі.
Қазақтаймыстың қадірлі көрермені…
Сот залынан шыққан бейне – бұл жай ғана үкім емес, бұл – біздің қоғамдағы сөз бостандығының нақты бет-бейнесі.
QT арнасындағы бейнебаянымыз – бұл тарихи айғақ. Тарихқа керек, болашаққа керек.
Бүгін біз күле алмадық, бірақ тарих күлмесін десек – әр күлкінің мәнін дұрыс түсінейік. Біз шаттанып күліп жүргеміз жоқ! Біз жылап күліп жүрміз. Біздің күлкімізде қасірет...
Сот үкімін тыңдаңыз. Естіп тұрып – ойланыңыз. Ойлана тұрып – жүрегіңізге жүгініңіз қадірлі оқырман. Себебі ертең, бәлкім, ойдың өзі де қылмыс болып кетер…
Жұрт сатираны өнер дейді. Бола берсін. Ал ол біз үшін саясатқа айналып кетті...