Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың және
Ұйғыр ауданының әкімі Шухрат Нурахуновтың назарына:
Ұлтаралық араздықты қоздыру мемлекетіміздің заңында ең қатаң статьялар қатарында тұрғанын білеміз. Елімізде түрлі ұлттардың жасап жатқанын ескеріп, бұл мәселенің мемлекет тұтастығы мен ұлттық қауіпсіздікке тікелей саятынын да анық аңғарамыз. Сүйте тұра ақ жағалы атқа мінерлер ұлтаралық араздықтың алдын алуға неге салғырт қарап, жанжалдарға неге жол беріп қоятыны түсініксіз. Көнені қопсытыпай-ақ қоялық, кеше ғана болған «Қордай оқиғасы» біздің әкімдерге сабақ бермегені қалай?! Бұл рет Амандық Баталов басқарып отырған Алматы облысындағы айрықша аты бар Ұйғыр ауданында болған келеңсіз жайттер жұртты алаңдатып отыр.
Әлеуметтік желіде желдей ескен ақпараттар арасында кешелі бері жазушы, журналист Қанат Әбілхайырдың «Фейсбук» парақшасына жариялаған Ұйғыр ауданы Ақтам ауылындағы оқытушы мен Тиірмен ауылындағы мем. қызметкерге қатысты тақырыпқа зер салып көрген едік. Аңдағанымыздай, істің астары тереңде болып шықты. Қоғамдағы мұндай мәселелерге сәл қарамайтын қаламгер журналист бұл ретте де түйткілді мәселені тап басып көтерген екен.
Істің ақ-қарасын айыру үшін біз ең әуелі мәселеге қатысты Ұйғыр ауданың әкімдігінен, ресми тұлғаларынан сұрап білмек болдық. Алайда, кешеден бергі қоңыраулардан кейін бүгін ғана аудан әкімі Шухрат Нурахуновтың баспасөз хатшысы Ақжол Тұрарханнан жауап алдық. Аудан әкімдігінің ресми сөзін сәл кейінірек келтірейік. Себебі, әкімдіктен дер кезінде жауап ала алмағандықтан, Ақтам ауылының тұрғындары мен оқытушыларынан да мән-жайды сұрастырған едік. Нәтижесінде, өңірдегі қазақ-ұйғыр қатынасына қауіпті жік болуға шақ тұрған жайттың беті ашылды. Істі реті бойынша баян етейік:
Әлеуметтік желіде Қанат Абылқайыр жариялаған Турсунова Шахсанам деген желі қолданушы сөзінің қазақша аудармасы былай: «Қазақ жері деп кеуде кере бермей-ақ қойыңдар, жер де, шаңырақ та Алланыкі, соны біліңдер қазақ балалары. Сендерде күш жоқ, жеке шығып сөйлесуден қорқасыңдар. Ағаларыңа көрсетіп қойыңдар, если че, қыздар!».
Бұған жауап ретінде сол мектептің оқушысы Әсем де: «Көптен бері санамда жүрген бір түйір сөз бар еді. Айтпасыма болмады. Біз өз тәуелсіздігімізге сан жылдар бойы армандап жеткен мемлекетпіз! Ата-бабамыздың арқасында жеткенбіз. Бірақ осыншама қанды төгістен кейін армандап жеткен жерімізге қайдағы бір тәуелсіздігі жоқ елдің әңгіме айтып тіл тигізгені болмас! Бостандықтың қадірін білмей, шалқып өмір сүріп жатырсыңдар. Айналайындар, шүкіршілік етіңдер! Ар-намыс жібермейді. Қазақ ол қазақ! Ешбір халық салыстыруға келмейтін ТӘУЕЛСІЗ МЕМЛЕКЕТ!» – деген сипаттағы бірнеше жазба қалдырыпты.
«Қазақ жері деп кеуде кере бермей-ақ қойыңдар...». Бар болғаны оныншы сынып оқушысының бұлай сөйлеуіне не себеп болды деген сұрақ туады. Оған себеп Ақтам ауылындағы қазақ пен ұйғыр жастарының арасындағы төбелес екен. Ал, төбелестің неден шыққанын сол аулдың тұрғындарынан сұрастырып білдік. Аты-жөнін айтқысы келмегенімен, ақтамдық тұрғын мән-жайды толық баяндап берді.
Оның айтуынша төбелес 5 май күні түнде болған. Төбелес себебі ауылдық мектепте 8 сыныпта оқитын қазақ қызын сол ауылдағы ұйғыр балалар көршілес Долайты ауылының ұйғыр балаларына «шығарып бермек» болған. Қыз өзінің құрбысына «Ватсап» желісі арқылы «Мені бір балаларға шығарып берейін деп жатыр, мен қорқып отырмын» деген хабарлама жіберген. Құрбысы оны өзінің ағасына айтқан және бұл хабарлама ары қарай ауылдағы қазақ балалары арасында таралған. Ауылдағы қазақ және ұйғыр жастары жиналып сөзге келісе алмай соңында төбелес шыққан. Ауыл тұрғынының сөзінше төбелесте көзі көгеріп, аузы-мұрны жараланғандар екі жақта да болған екен. Ал, істі жылы жауып қойдық деген ауыл тұрғыны сөзінде: «Таяқ жеп көзі көгерген біздің баламыз үйде жатты, таяқ жеген ұйғыр баладан кешірім сұрап, тиісті ем-домына көмектестік, ауыл ақсақалдары, төбелеске қатысқан балалардың ата-аналары әкімдікте жолығып өзара келістік, таяқ жеген ұйғыр баланы апарып қараттық, медициналық анықтамаға сай ауыр жарақаттың жоқ екен», – деді. Ол және кешірім сұрай барған сексеннен асқан шешесінің көзінше басқа ұйғыр азаматтарының «Бұлар құтырып кетті. Бұларға кешірім беруге болмайды...» деген сөздеріне қапаланғанын айтады.
Жоғарыда зілді посттың иесі Шахсанам таяқ жеген ұйғыр баланың қарындасы болып шықты. Шахсанам оған қоса да біраз ауыр сөздер айтқан екен, оның қазақ балаларға жазған хаттарын, аудио және видеоларымен бөліскен Ақтам тұрғыны: «Оның бұл ауыр сөздерінен кейін біз ауылдағы қазақ балаларын әрең сабырға шақырып отырмыз», – дейді. Ол және істің ушығып ертең қазақ-ұйғыр арасында үлкен жанжал шығуынан алаңдап отырғанын жеткізді.
Ең бір өкініштісі, төбелескен жастарды тәртіпке шақырмақ болған Камай Сабыр есімді әкімдік өкілінің сөздері де ауыл тұрғындарының шымбайына батып отыр. Ол төбелескен қазақ балаларға қарата: «Сендер қайдағы бір қаншық үшін бір-біріңмен осылай қырқысасыңдар ма! Айналып келгенде қыз үшін төбелесіп отырсыңдар ғой» деген сөздер айтқан. «Қыз болғанда ол біздің қарындасымыз, қарындасыңа сондай сөз айтса намысың келеді ғой» деген қазақ балаларына ол: «қызға кім қарамайды, кім сөйлемейді» деген «ақылын» айтса керек. Ауыл тұрғыны бізге оның бұл сөздері жазылған аудио материалдарымен де бөлісті. Әрине, аудио жазбада әкімдік өкілі жастарға араздаспау турасында айтылған сөздері де бар, бірақ оның жоғарыдағы сөздері ашуға тиген. Ауыл тұрғыны «бұл қазақ қызын қорлау» деп ашынып отыр.
Мектеп оқушылары арасындағы осы жанжалдың айғай-шуы басылмай жатып, мектеп мұғалімдері арасында да ұрыс-керіс болған. Мұғалімдер арасындағы дау-дамайдың аудио нұсқасы да әлеуметтік желіде таралды. Онда Шахсанамның Турсунованың сынып жетекшісі биология және өзін-өзі тану мұғалімі Қахарова Турдибуви мектеп ұстаздарының "Ватсап" чатында өзінің онлайн сабағы жайындағы есепті ұйғыр тілінде бергені, ал мемлекеттік тілде есеп беруді талап еткен басшылыққа наразы болған сөздері бар. Тіпті ол сөзінде: «Мектептегі әр мұғалім қазақ және ұйғыр тілдерін білуге міндетті» деп салады. Бізге бұл мәліметтерді жеткізген Ақтам тұрғындары елдегі төтенше жағдай кезінде қазақ оқушылары үшін кейбір онлайн сабақтардың да ұйғыр тілінде жүргізілгенін, бұған мектеп директорының дәрменсіздік танытқанына наразы. Ауыл тұрғындары мектеп директорының қазақ ұлтынан тағайындалу туралы талаптарында білдіріп отыр.
Әуел десеңіз, бұған дейін Ұйғыр ауданындағы Тиірмен ауылының жастар ісі жөніндегі нұсқаушысы Умида Яхярованың әлеуметтік желіде бетіне «Ұйғыр мемлекетінің туын» жапсырған суреті де үлкен таласты тақырып болып еді. Аталған қызметкер бұл әрекеті үшін сөгіс алған және Ұйғыр ауданындағы тұрғындардан кешірім сұрап видео таратқан. Айдан астам уақыт бұрын болған бұл іске қатысты кешірім сұрап, «Мен Қазақстанды сүйемін» деген видео жолдауы неге енді ғана әлеуметтік желіге тарап жатқаны тағы түсініксіз.
Осы мәселелер төңірегінде біз аудан әкімінен тікелей жауап алуға тырыстық. Бірақ, кеше әкімдік тарабы бұл іске кейінірек жауап беретінін айтты. Ал, бүгін жауапты аудан әкімінің баспасөз хатшысы Тұрахан Ақжолдан алдық. Ол сөзінде Ақтамдағы іс бойынша арнайы комиссия келетінін, комиссия шешімін редакциямызға жолдайтынын айтты. Ал, Тиірмендегі қызметкердің ісі бойынша: «Бұл жағдай Тирмен ауылдық жастар ісі жөніндегі маманның «Ватсап» статусына қойған seeker деп аталатын суретке байланысты. Қыз бала жұмыс істеп жатқанына бір жыл болған, мемлекеттік қызметкер емес. Бұл мәселемен аудан әкімінің орынбасары, ішкі саясат және прокуратур өкілдері бар арнайы комиссия барып қыздың өзімен, ауыл әкімімен, ата-анасымен сөйлесті. Қыз балаға да, ауыл әкіміне де сөгіс берілді. Кейін қыз баладан аудан әкімі баспасөз хатшысы және жастар ресурстық орталығының басшысы болып аудан халқынан кешірім сұратты», – деген пікірін білдірді. Ол және Умида Яхярованың таяу арада жұмыстан кететінін де айтты, сондай-ақ комиссия шешім шығарғаннан кейін нақты мәлімет беруге уәде берді.
Осылардың бәрі де Ұйғыр ауданында бұндай келеңсіз жайттердің қордалана түскенін, аудан көлемінде идеология, жастар тәрбиесі, жастарды отансүйгіштікке баулу істерінің ақсап тұрғанын анық көрсетті. Егер біз бұған дейінгі келеңсіз оқиғалардың (айталық «Қордай ісінің») берген сабағын ескерер болсақ, бұндай жайттерге сәл қарамауға тиіспіз. Бірден айта кетейік, біз бұл жағдайды асқынған ұлтаралық араздық ретінде көрсетуден аулақпыз. Алайда, жергілікті әкімдіктер мәселеге сәл қарамай, дер уақытында дұрыс жағына шешуі керектігін, мәселеге облыс басшысы Амандық Баталовтың да тікелей жауапкершілігі бар екенін есіне салғымыз келеді.