Түркия мен Асад режимі қақтығысында Bayraktar-TB2 ұшқышсыз ұшу құрылғылары түрік қорғаныс саласының айбынды екенін көрсетті. Түркия бұған дейін Сүрияда бірнеше мәрте әскери операция жүргізгенмен, тұңғыш рет Идлиб аспанында Bayraktar-TB2 аталатын ұшқышсыз әуе құрылғыларын қолданды. Қарулы шабуылда ауыр артиллериямен қатар ұшқышсыз аппараттар соғыс жағдайын айтарлықтай өзгертті.
2018 жылы Түркия Сүрияда жүргізген «Зәйтүн бұтағы» әскери операциясында ұшқышсыз әуе құрылғыларын қолданған. Дегенмен Bayraktar-TB2 мен ANKA-S жауды жою мақсатында бірінші рет әуеге көтерілді.
Идлиб қақтығысы: Түркияның қорғаныс саласы
1975 жылы АҚШ Түркияның қару-жарақ экспортына санкция енгізген соң, Анкара мен Уашингтон байланысы қиындай түсті. Сол уақыттан бастап Түркия өзінің қорғаныс өнеркәсібін дамытуға күш салды. 1996 жылы Түркия америкалық General Atomics компаниясынан 6 ұшқышсыз әуе аппаратын, 2006 жылы Израильден ұшқышсыз Heron құрылғыларын сатып алды. Дегенмен 2010 жылы Израиль билігі Газаға жол тартқан Түркияның тоғыз азаматын өлтіруге бұйрық бергеннен кейін, тараптар дипломатиялық байланысқа нүкте қойды.
Негізінен Түркияның қорғаныс саласына 1990 жылдары әкелінген тұңғыш ұшқышсыз әуе аппараттары АҚШ-тағы GNAT пен Израильдің Heron үлгісінде болатын. GNAT-тың жетілген нұсқасы саналатын «Predator» және «Repaer» ұшу кемелерінің 2000 жылдары Түркияға сатылуына АҚШ Конгресі рұқсат берген жоқ. Кейіннен Түркия отандық ұшқышсыз әуе аппараттарын өндіруді қолға алды.
27 ақпанда Идлибтегі ахуал күрт нашарлады. Әуе соққысы салдарынан 33 түрік сарбазы мерт болды. Қарымта жауап ретінде Түркия Bayraktar-ды ұшырды.
Ұшқышсыз әуе құрылғылары осы аптада Асадтың әскери жасағы мен Дамаск бақылайтын аудандарға, Алеппо мен Хама қалаларының маңындағы әскери әуежайларға да соққы жасады. 2 наурызда Түркияның қорғаныс министрі Хулуси Акара түрік әскерлері Bayraktar-дың көмегімен сүриялық екі Су-24 жойғыш ұшағын, екі ұшқышсыз аппаратты, 135 танкі мен бес ПВО жүйесін жойып, 2500-ден астам жауынгердің көзін жойды деп хабарлады. Сонымен қатар, «Хезболланың» 10 жоғары лауазымдылары мен одақтастары Алепподағы кездесу кезінде өлтірілген. Қазіргі уақытты ресейлік құрылғылар да Түркияның Bayraktar-ыны төтеп бере алмай отырғаны рас.
Bayraktar-дың авторы: Президенттің күйеубаласы
Әлем назарын өзіне аударған Bayraktar-TB2 құрылғысын 2005 жылы 26 жастағы Селчук Байрактар есімді студент таныстырды. Ол электротехника мамандығы бойынша магистратураны Америкадағы Пенсильвания университетінде, докторантураны Массачусетс техникалық университетінде тәмамдаған. Селчуктің ата-анасы 1984 жылдан бастап Түркиядағы Bayraktar Makina көлік құрау компаниясын басқарған. 2000 жылдан бастап аталған компания дрон шығара бастады.
Алғашқы жылдары Байрактар ойлап тапқан ұшқышсыз аппараттарды мемлекет игілігіне жарату оңайға соққан жоқ: Түркия билігі Bayraktar-TB2-ге күдікпен қарап, қорғаныс саласында қолданудан бас тартқан. Бірақ 2006 жылы инженер Байрактар Түркиядағы ұшқышсыз шағын дрондар байқауында жеңіске жетіп, ресми Анкара елдің оңтүстік-шығысында 19 құрылғыны орналастыруға бұйрық берді.
2009 жылы қыркүйек-қазанда және 2015 жылы ресми делегация алдында сынақтан сәтті өткен Bayraktar-TB2 түрік қорғаныс саласындағы озық техникалар қатарына еніп, Анкара әуе операцияларының негізгі құрылғысына айналды. Ол 7 шақырым биіктікте 24 сағатқа дейін ұшу мүмкіндігіне ие. 150 шақырымға дейінгі қашықтықта 54 килограмнан артық жүк тасымалдай алатын құрылғы байланыс орнату үшін жерүсті басқару станцияларын пайдаланады.
Түрік әскерлері пайдаланатын 75-тен астам Bayraktar шағын ұшқышсыз әуе көлігі электроникалық, компьютерлік бағдарлама және құрылымдық қондырғыларымен бірге Түркияның тұңғыш әуе көлігі саналады. Бүгінге дейін 100 мыңнан астам операциялық ұшу рейсін жүзеге асырған құрылғы қолайсыз ауа-райы кезінде де қолданылады.
Селчук Байрактар есімі түрік жерінде инженер маман ретінде ғана емес, президент Режеп Тайып Ердоғанның күйеубаласы ретінде де белгілі. Байрактар Ердоғанның кіші қызы Сумейеге үйленген.
Отандық басылымдардың біріне берген сұхбатында ол: «Boeing пен Lockheed Martin әлемдегі ең ірі компаниялар. Біз де осы тізімге қосылатын боламыз. Егер Түркия мен ұсынған жобаға қолдау білдіретін болса, 5 жылдан кейін біз дүниежүзілік қорғаныс саласында бір қадам алға шығамыз», – дейді. Расымен, Америкада білім алып, Түкрияның қорғаныс саласына елеулі ықпал еткен Селчук Байрактардың әуе құрылғыларына басқа мемлекеттер де асқан қызығушылық танытып отыр. Былтыр қаңтарда Украинаның бұрынғы президенті Петр Порошенко Bayraktar-TB2-нің 12 данасына тапсырыс берген. Мәміленің жалпы құны 69 миллион долларға бағаланды. Катар мен Пәкістан да аталған құрылғыға қол жеткізуді мақсат етіп отыр.
Құрылғының техникалық характеристикасы төмендегідей:
Максималды ұшу салмағы – 650 кг;
Аппараттың ұзындығы – 6,5 м;
Қанаты – 12 м;
Қозғалтқыш: «Ротакс 912»;
Қозғалтқыш қуаты – 100;
Ұшудың ең жоғары жылдамдығы – 222 км/сағ;
Крейсерлік ұшу жылдамдығы – 130 км/сағ;
Әсер ету радиусы – 150 км;
Ұшу биіктігі– 8200м;
Жүктеме салмағы – 50 кг.
Қазіргі уақытта Түркия ұшқышсыз ұшу құрылғылары арқылы АҚШ және Ұлыбританиямен бәсекелес мемлекетке айналған. АҚШ әлем бойынша 2001 жылы ұшқышсыз құрылғымен шабуыл жасады. Бүгінде Ұлыбритания, Израиль, Пәкістан, Сауд Арабиясы, БАӘ, Египет, Нигерия және Түркия осы технологияға ие.
Наурызда басталған Идлибтегі қақтығыс кезінде Bayraktar ұшқышсыз әуе аппараттарының қаншалықты қуатты екені мәлім болды. Алдағы жылдары түріктің бұл құрылғысы Германиядағы «Маузер» мен Ресейдегі «Калашниковтың» аналогына айналуы мүмкін.