Қытайдан қашып келген қазақтардың экстремистік іс-әрекетке қатысы болса, билік ҚХР-ға қайтарып береді.
ҰҚК төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков ҚазТАГ тілшісіне берген жауабында:
«Егер олардың экстремистік іс-әрекеттерге қатысы бар болып шықса, сөз жоқ, біз мәселені халықаралық заң мен конвенцияға сәйкес, заңмен бекітілген тәртіп аясында шешеміз. Егер олардың қылмыстық іске қатысы расталмаса, мәселе басқаша қаралады. Шекараны бұзып келген екі қазақ (Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлы – ред.) шекараны заңсыз бұзып өткені үшін ғана сотталды емес пе? Басқа еш жауапқа тартылып жатқан жоқ», – деді.
Білісбеков алға тартқан босқын мәртебесі жөнідегі халықаралық конвенцияға (1951 ж. Женевада қабылданған, Қазақстанда 1998 ж. ратифакцияланған) назар аударсақ, өміріне қауіп төнген кез келген азамат, солардың кейпінде тарихи отанына пана сұрап келген Қастер мен Мұрагерге еш қиындықсыз босқын статусы берілуі тиіс.
ҰҚК уәкілінің сөзіне шамданған қоғам белсенділері мен құқық қорғаушылар «Қытайдың небір құйтырқы әдіспен экстремистік әрекетін «әшкерелейтін» дерек таба қоюы, дұрысы қолдан жасай салуы қиын еместігін» айтып, билік қадамын сынап жатыр.
Өткен аптада Қазақстанға ресми қызмет сапарымен келген АҚШ мемлекеттік хатшысы Помпео билікті өз қандастарына қамқор болуға шақырған еді.
«Бұл қуғын-сүргінді дереу тоқтату үшін АҚШ барлық елді, оның ішінде Қазақстанды да Бейжіңге қысым жасауға шақырады. Біз Қытайдан қашатындарды қауіпсіз баспанамен қамтамасыз етіп, оларға пана беруді сұраймыз. Адамшылық көрсетіп, дұрыс жасаңыздар», – деген Помпео.
Әлемдік адам хақын қорғау ұйымдары мен құқық қорғаушылар Қытай 2017 жылдан бері Шыңжаң аймағында ұйғыр, қазақ және өзге де мұсылман-азшылық ұлттарды сіңірудің, қудалаудың жаңа деңгейіне көшкенін айтып, дабыл қағып келеді. Ондағы түркі текті халықты еркінен тыс қамап, психо-моральді және материалды түрде күштеп идеологиялық үгіт-насихат жүргізу арқылы ұлттық бірегейлігін жойып жатыр деп айыпталуда. Қытай қапасынан қашып шыққан, шекара кесіп өткен куәгерлер ондағы жағдайдың адам төзгісіз екенін, тіпті «геноцид» белгілері барын айтып жиі шағынады. Өркениетті дамыған елдер қаншама сынға алғына қарамастан, Бейжің мұны «ішкі ісі» әрі лагерьлер деп аталып кеткен режимді мекемелерді «қайта оқытып-тәрбиелеу орталығы» екенін айтып алға тартады.
21 қаңтар Шығыс Қазақстан облысындағы Зайсан аудандық соты төрт ай бойы ел көз тіккен Қытай қазағы Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлын елде қалдырып, бір жылға бас бостандығынан айыру жазасына кескен еді.
Былтыр 14 қазанда Алматыдағы адам құқығын қорғау бюросында өткен баспасөз мәслихатында Қастер Мұсаханұлы Шыңжаңдағы «саяси лагерьде қамауда болғанын», Мұрагер Әлімұлы Қытайда «қысым көргенін» мәлімдеген. Осыдан кейін ҰҚК екеуін «шекараны заңсыз кесіп өтті» деген айыппен ұстап, ертеңінде Шығыс Қазақстан облысына алып кеткен. Қазан айының 30-ы күні ҰҚК Шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов шекараны заңсыз бұзып өту фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатқанын және бірқатар лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылғандығын хабарлаған.
Қазанның 4-і Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді «Шыңжаңдағы лагерьлерде қазір қазақтар жоқ» десе, 4 желтоқсан президент Тоқаев Германияға жұмыс сапары қарсаңында Deutsche Welle телеарнасына берген сұқбатында халықаралық ұйымдар ұсынып жатқан көптеген ақпарат шындыққа жанаспайтынын айтып, «Шыңжаңдағы қайта тәрбиелеу орталығында бірді-екілі ғана қазақ отырған болар» деген. Ал 5 желтоқсан ҰҚК төрағасының орынбасары, Шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов «сот ісі аяқталғаннан кейін шекараны заңсыз кесіп өткен екі этникалық қазақ Қытайға қайтарылатынын» айтқан еді. Бұл шынға айналуы мүмкін деген күдік сейілмей отыр. Помпеоның «қандасыңа қамқор бол» деген кеңесіне үн қатпай, бұғып қалған сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің әрекеті осы хабарды аңдатқандай.