Қытайдың Шыңжаңдағы саяси қысымынан Қазақстанға қашып өткен Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлына босқын мәртебесі берілді.

Өткен жұмада, 16 қазан күні Ақмола облысы полиция департаменті Көші-қон жанынан құрылған комиссия қос азаматқа бір жылға босқын мәртебесін беру туралы шешім қабылдады.

Мұсаханұлы мен Әлімұлының адвокаты Бақбергенов Абдулла босқын мәртебесі бір жылдан кейін ұзартылуы тиіс дейді. Адвокаттың сөзінше, қазір олар азаматтығы жоқ тұлға мәртебесін алу қажет. Яғни ешқандай елге Қазақстанға да, Қытайға да қатысы жоқ. Азаматтығы жоқ тұлға мәртебесін алған кезде, олар 5 жыл ішінде шетелден келген этникалық қазақтар ретінде Қазақстан Республикасының азаматтығын беру туралы өтініш бере алады.

Айта кетейік, былтыр қазанда Қытай қысымынан, Шыңжаңдағы саяси лагерьге қамалудан қорыққандықтан қашып келгендерін айтқан Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлы шекараны заңсыз кесіп өтіп Қазақстаннан саяси баспана сұраған еді. 2019 жылы қазанда Шығыс Қазақстан облысы Зайсан аудандық соты оларды «мемлекеттік шекараны заңсыз бұзып өтті» деген айыппен 1 жылға бас бостандығынан айырған.

"The Qazaq Times"