Қазақстанға мемлекеттік жұмыс сапарымен келген АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Помпео ел билігін Шыңжаңдағы азшылық ұлттардың қудалануына байланысты Бейжіңге қысым жасауға шақырды.
Ақпанның 1-інен 2-сіне қараған түні ұшып келген Помпео жексенбі астанада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді және туыстары Шыңжаңда қамалған қазақстандықтармен кездесті.
Президент пен Помпео кездесуінде тараптар барлық бағыт бойынша, оның ішінде сауда, инвестиция, IT-технология, демократиялық құндылықтарды ілгерілету және халықаралық терроризмге қарсы іс-қимыл салаларындағы екіжақты байланыстарды тереңдетудің маңыздылығын атап өтті. Тоқаев Қазақстанда Ауғанстан бойынша арнайы өкіл лауазымын ашуға ниетті екенін білдірді.
Сондай-ақ Америка уәкілі Тілеубердімен бірге «Шыңжаң аймағында Қытай коммунистік партиясы қамауда ұстап отырған бір миллионнан астам мұсылман ұйғыр және этникалық қазақтың тағдырын» талқылаған деседі.
БАҚ-та ресми сапары ерекше тақырыпқа айналған АҚШ хатшысы «Бұл қуғын-сүргінді дереу тоқтату үшін АҚШ барлық елді Бейжіңге қысым жасауға шақырады. Біз Қытайдан қашатындарды қауіпсіз баспанамен қамтамасыз етіп, оларға пана беруді сұраймыз. Адамшылық көрсетіп, дұрыс жасаңыздар», – деді.
Ал Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді бұл мәселеден барынша айналып өтуге тырысып, келіссөз кезінде экономикалық және қауіпсіздік бойынша ынтымақтастық орнату мәселесіне көбірек назар аударған дейді Азаттық радиосы.
– Шыңжаңдағы жағдайға келсек, Қытай үкіметіне де, бүгінгі сапар барысында Қазақстан үкіметіне де әркіммен қажетті дәрежеде дұрыс қарым-қатынас жасау керектігін күтетінімізді анық жеткіздік. Ал ол жақта мүлде басқа нәрсе болып жатыр. Қазақстан Қытай сұраса да, азаматтарды еліне қайтармай, дұрыс істеді. Біз бұған қуаныштымыз. Бірақ бұл шешілуі тиіс мәселе екенін түсінеміз. Фундаменталды негізгі адам құқықтары маңызды, – деген Майк Помпео.
Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді АҚШ мемлекеттік хатшысы Майкл Помпеомен бірлескен баспасөз конференциясында шетелдік саясаткердің Қазақстанның экс-президенті Назарбаевпен кездесетіні туралы айтқан. Бірақ бұл жөнінде ешқандай ресми хабар тарамады.
Әлемдік адам хақын қорғау ұйымдары мен құқық қорғаушылар Қытай 2017 жылдан бері Шыңжаң аймағында ұйғыр, қазақ және өзге де мұсылман-азшылық ұлттарды сіңірудің, қудалаудың жаңа деңгейіне көшкенін айтып, дабыл қағып келеді. Ондағы түркі текті халықты еркінен тыс қамап, психо-моральді және материалды түрде күштеп идеологиялық үгіт-насихат жүргізу арқылы ұлттық бірегейлігін жойып жатыр деп айыпталуда. Қытай қапасынан қашып шыққан, шекара кесіп өткен куәгерлер ондағы жағдайдың адам төзгісіз екенін, тіпті «геноцид» белгілері барын айтып жиі шағынады. Өркениетті дамыған елдер қаншама сынға алғына қарамастан, Бейжің мұны «ішкі ісі» әрі лагерьлер деп аталып кеткен режимді мекемелерді «қайта оқытып-тәрбиелеу орталығы» екенін айтып алға тартады.