Фармацевтика саласын да монополистер жайлағалы, халық «қымбат дәрі іздегенше, ауырмайтын жол іздеуге» көшкен. Импортқа тәуелділік салдарынан, дәрі-дәрмектің 90%-ы өзге мемлекеттерден келеді. Баға қарыштау себебінің бірі де осы.
Еnergyprom.kz агенттігінің хабарлауынша, биыл дәріханалардағы препараттардың құны 8,2%-ке қымбаттаған. Атап айтқанда, витаминдер бір жылда 11,4%-ке, анальгетиктер 10,6%-ке, корвалол мен антибиотиктер 9,3%-ға өсті.
Баға құбылу статистикасы
Статистика комитеті ұсынған ақпаратқа мән берейік. 2015 жылдың 12 айымен салыстырғанда 2016 жылдың қаңтар-желтоқсан айында фармацевтикалық өнімдердің бағасы 33,2%-ға қымбаттаған. Антибиотиктер 34,4%-ға, витаминдік өнімдер, 27,3%-ға, жөтелге қарсы шәрбаттар 46,6%-ға қымбаттаған.
2017 жылдың қаңтар-мамыр аралығында дәрі-дәрмек бағасының ұүбылу статистикасы мынадай: фармацевтикалық өнімдер 9,8%-ға, антибиотиктер 8,1%-ға, витаминдік өнімдер, 4,9%-ға жөтелге қарсы шәрбаттар 12,4%-ға қымбаттаған. Соңғы он жылда денсаулық саласын қаржыландыру 4 есеге өскен. Отандық фармацевтика нарығы 458 млрд теңгеден асса, оның 277 млрд теңгесі халықтың қаржысы.
«Қой, дейтін қожа» болмай тұр...
2014 жылы отандық дәрілердің үлесін 50%-ға жеткізу жоспарланған. Алайда бұл мақсат сол күйі орындалмады. Яғни Қазақстанның дәрі-дәрмек өндірісі жыл сайын орташа есеппен 32%-ға өсіп отыр. 2017 жылдың алғашқы төрт айда өндіріс өткен жылмен салыстырғанда 36%-ға артып, 6,2 тоннаны құраған. Биыл қаңтар-қыркүйек аралығында Қазақстанда 56 млрд теңгеден астам сомаға дәрі шығарылған.
Теңге құнсызданған сайын, дәрі-дәрмек бағасы да шарықтап тұр. Дәрі бағасының қымбат болуына алыпсатарлардың да үлесі бар. Өйткені алыпсатарлар фармацефтика саласында да көп. Олар пайыз қосып, содан пайда тауып жүр. Ал комитет тек тегін медициналық көмек аясындағы дәрілерге ғана бақылау жасайды. Осыған байланысты келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап Денсаулық сақтау министрлігі балаларға рецептпен берілетін барлық дәрі-дәрмекті медициналық сақтандыру есебінен тегін беруге ниет білдіріп отыр. Ал министрліктің кезекті уәдесі мен ісінің қаншалықты қабысатындығы уақытында байқала жатар.