Әлемнің әр еліндегі экстремизмге берілген жиһадшыл топтарды Ирак пен Сүрия жеріне шақырып, "Халифат" жариялаған, өздерін "Ислам мемлекеті" атаған террорлық топ жеңіліске ұшырады. Біріккен коалиция күштері болсын, Ирак пен Сүрия өз армиясы болсын аталған террорлық ұйымның тұрақтарын талқандап, жеңіске жеткендерін жарыса жариялады. Дегенмен, мәселе соғыспен бір жолата шешіле салған жоқ. Қазір Сүрия мен Иран жерінде террорлық топтың қолға түскен мүшелері мен олардың отбасы мүшелері отыр. Олар Сүрияда "Сүрияның демократиялық күштерінің" қолында түрмелер мен арнайы лагерлерде болса, Ирактағылар армияның бақылауында немесе түрмелерде. Жақында ғана Ирак соты ұйымға мүше болған 3 Франция азаматын өлім жазасына үкім етті. Егер, Франция тарабы мен халықаралық ұйымдар араласпаса бір айға жетпейтін уақыт ішінде жаза атқарылады. Ал, Сүрия мен Ирак жеріндегі шетелдік жиһадшылардан бөлек, олардың отбасы мүшелері, әйелдері мен шиеттей бала-шағасы он мыңдап саналады. Бұларды қалай біржақты ету Бағдат пен Дамаск үкіметтерінің ғана емес, әлем елдерінің де бас қатырған мәселесі болып отыр.
Орта Азия елдері арасында Қазақстан алғашқы болып Сүрияға кеткен азаматтарын қайтарып келді. Бұл көпшілікке белгілі болғанындай "Жусан" операциясы арқылы жүзеге асты. Жақында ғана Тәжікстан да өз азаматтарын қайтарып келді. Алайда, көпшілік арасында түрлі пікірлер туып жатқаны белгілі. Соларға жауап ретінде және "Жусан" операциясының маңызы турасында оқырмандарға мына бір сұхбатты ұсынамыз.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың нұсқауымен 7-9 мамыр аралығында «Жусан-2» операциясы жүзеге асып, Сириядан 230-дан астам Қазақстан азаматы, оның ішінде 156 бүлдіршін елге қайтарылды. Соның ішінде 18-і жетім балалар, 59 әйел. ҰҚК мәліметінше, Сирияда әлі 300-ге жуық отандасымыз бар. Осы орайда «Жусан» операциясының маңызы қандай, елге оралған қандастарымыз бір кездері өзі тастап кеткен қоғамға сіңісіп кете ала ма деген сауалдардың жауабын білу үшін, дінтанушы Асылбек Снадинмен сұқбаттасқан едік.
Асылбек мырза, осымен екінші рет жүзеге асырылып жатқан «Жусан» операциясының еліміз үшін маңызы қандай?
Біздің тәуелсіз жас мемлекетіміз үшін бұл әлемдік қауымдастық алдындағы өте маңызды іс шара. «Жусан» операциясы мемлекет өз азаматтары үшін жауапты екендігінің бірден бір нышаны. Жалпы еліміз — әлемнің саяси картасында бейбітшілік пен тұрақтылық арқылы танытқан ел. Бұл ретте дін атын жамылып, қақтығыс болған аймақтан өз азаматтарын алдыру және ол адамдарға жауапты екенін білдіру өте маңызды және батыл әрекет. Батыл деп айтатын себебіміз, Еуропаның және де әлемнің басқа да мемлекеттері Сирия жеріндегі өз азаматтарын қабылдау немесе олардан бас тарту жөнінде әлі де нақты қадамдарға барып жатқан жоқ. Ал біздің жағдайымызға келер болсақ, нақ осы Сирия мәселесі бойынша БҰҰ-ның «Женева — 3» деп аталатын бейбіт келісімге келу отырыстарынан кейін, «Астана — бейбіт келіссөздер» алаңын ұйымдастыра алдық. Астанада ресми Сирия билігінің өкілдері және оппозиция (Джейш аль-Ислам) мен Иран, Түркия, Ресей біріккен келіссөздер жүргізілді. Бұл жұмыстардың нәтижесінде осы отандастармыз орналыстырылған демилитирациялық аймақтардың құрылуы болды. Аталған қарулы қақтығыстардан тыс келісім аймақтары қаншама адамның өмірін сақтап қалуға септігін тигізді. Мінекей, осындай ауқымды іс-шараларға мұрындық болып отырған мемлекет үшін «Жусан» секілді операция тек қана жауапкершілік пен беделді арттырмаса, кемітпейтіні анық. Және де бұл жердегі басты мақсат «Сирия» немесе «терроризм» мәселесінен бұрын, адамдардың өмірі және қауіпсіздігі болғанын айта кету керек.
Әлеуметтік желідегі пікірлерге көз жүгіртсек, көпшілік Сириядан елге жеткізілген қандастарымызды тарихи отанына әкелу бос әурешілік деп ойлайды. Яғни оларды «сатқын» деп санайды. Бір жағынан қарасаңыз, олардың пікірі де құптауға болады. Сіз бұл туралы не ойлайсыз?
Біріншіден, мынаны ескерген жөн, ешкім білгендігінен адасқан жоқ! Тағы бір маңызды жағдай елге қайтарылып жатқан азаматтардың басым көпшілігі — балалар мен әйелдер. Ал «джихадтік романтикаға» берілген, детструктивті ислам атын жамылған қозғалыс сипатына қарасаңыз, бұл жерде әйелдердің рөлі мүлде жоқ және ешқандай маңызға ие емес екенін көресіз. Яғни Сирияға кеткен бұл әйелдер тек қана өздерінің күйеулерінің нұсқауын орындаған деп айтуға болады. Біз Сириядан радикалды, террорист болған арабтарды немесе сол еуропалықтарды алдырып жатқан жоқпыз, өзіміздің қаракөз қазақтар. Бұлар — сіз бен біздің туысымыз болмаса да, келесі бір қазақтың бауыр еті — баласы, ағасы мен інісі, әпкесі мен қарындасы. «Жусан» арқылы өзіміздің қаракөз қазақтарға жаңа өмір бастауға мүмкіндік беріп жатырмыз. Дәл осы мәселеге параллель бола алатын мына мысалға қараңыз, Еуропаның кей мемлекеттерінен кезінде Сирияға халифатқа қызмет етуге «жыныстық жихад» деген желеумен аттанған жас қыздар көп болды. Сондағы кейіпкердің бірі британиялық Шамима Бегумнің оқиғасын еске алайық, 19 жасар қыз өзінің құрбыларымен халифат содырларына жыныстық қызмет көрсету үшін отанын тастап кетеді. Бұл азаматшалар о бастан қайда бара жатқандарын білді. «Халықаралық радикилизацияны зерттеу орталығының» 2018 жылғы деректері бойынша, ДАИШ тың қатарына әлем бойынша 41 490 адам қосылған. Олардың 13 пайызы әйелдер, оның ішінде 4600-дей жасөспірім мен бойжеткендер бар. Олардың басым көпшілігі Еуропадан. Бүгіндері міне осы азаматшалардан Еуропа мемлекеттері бас тартып жатыр. Қазақстанға келер болсақ, күні бүгінге дейін баласын арқалап немесе жалғыз өзі «жихадқа» аттанған әйелдердің оқиғасы туралы мәлімет кездескен емес. Бір ғана сәт бар, ол қазақ қызы Сирияда жүрген қазақ жігітімен ғаламтор арқылы сөйлесіп, некесін қиып шекарадан өткен. Сол себепті Еуропа немесе басқа да аймақтардағы «радикалды лиризммен» ауырған нәзік жандылармен біздегі өз қалауынан тыс, қатаң діни догмалардың құрбаны болған әйелдерді салыстыруға келмейді деп ойлаймын.
Сириядан оралған қандастарымыздың бұрынғы діни көзқарастарын өзгерту мүмкін бе? Олар қарапайым азамат ретінде қоғам қатарына қосылып кете ала ма?
Ешқандай азаматтың тағдырын ғаламторда пікір немесе жазба жазып, шеше салуға біздің құқығымыз жоқ! Әлбетте, бұл азаматтардың қоғамымыздың толыққанды мүшесі болуына барлық жағдай жасалған деуге болады. Оңалту орталықтарында оларға барынша кәсіби көмек көрсетіледі. Бізде діннің деструктивті, радикалды конструкттарын танып, олармен сол деңгейде жұмыс жасап, қате түсінген жерлерін қайта түсіндіріп, діни танымын дәстүрлі қазақи бағытқа бұра алатын мамандар жеткілікті. Бұл тек уақыттың еншісіндегі мәселе ғана. Ешқандай азаматтың тағдырын ғаламторда пікір немесе жазба жазып, шеше салуға біздің құқығымыз жоқ. Егер райынан қайтпайтындай немесе қылмысты екені расталатын жағдай болса, біздің мемлекетіміздің құқық қорғау ұйымдары аталған факторларды өз назарына алатыны анық. Сондықтан кімнің болсын адамзат алдындағы қылмысы жауапсыз қалмайды деп сенемін!
Әлемдегі өзге елдер практикасында осындай «Жусан» сынды операциялар бар ма?
Иә, жүргізіліп жатқан репатриациялық жұмыстар бар. Алайда дәл «Жусан» жобасы секілді өз азаматтарын қайтарып жатқан операциялар жоқтың қасы. Ресми ДАИШ Сирия жерінде жеңіліс тауып, күйреп жатқанымен, елдегі қарулы қақтығыстар мен Сирия мемлекетінің ресми билігіне қарсы, сол жердегі геосаяси ойындарға мүдделі топтардың әсерінен орын алып отырған жағдай өте күрделі. Біздің жағдаймызда Сирия мемлекетінің ресми билігімен және Ресей тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар дәл осындай операцияны орындауға мүмкіндік беріп отыр. Ал енді басқа елдердің азаматтары босқын ретінде халықаралық ұйымдардың көмегімен Еуропаның, Түркияның босқындарды қабылдау орталықтарына орналастырылып жатқанымен, көптеген адамдар әлі де сол демилитиризацияланған аймақтарда қалып қойды.
Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан: Айжан Бақдәулетқызы