Кеше Қасқелең «Мәдениет үйінде» Алатаудың биігінен алты алашқа өлең ұшырған Есенқұл Жақыпбековтың өлеңдеріне жазылған әндердің «Ел еркесі – Есенқұл» респбуликалық әншілер байқауының Гала концерті өтті. Нәтижесі төменде.
«Ел еркесі – Есенқұл» атты Е.Жақыпбековтың өлеңдеріне жазылған Республикалық әншілер байқауының «Жаңа ән» номинациясы бойынша жоғары орындаушылық шеберлігі үшін Дәурен Алғысбек, Есбол Шаңбай, Мәди Жылқышыбаев, Амантай Еркебұлан мен Бахытхан Алтынгүл есімді қыз-жігіттер композитор, продюссер Бауыржан Есебаевтың қолынан диплом алды және оларға берілген қаржылай сыйлық 70 мың теңге болды.
«Ел еркесі – Есенқұл» атты республикалық әншілер байқауының үшінші орын иегерлеріне 100 мың теңге қаржылай сыйлық және дипломды ҚР Мәдениет саласының үздігі, әнші Саят Медеуовтың табыстады. Бұл тізімде: Мейіржан Самылтыров, Жаңыл Мерсимова және Мұсағали Жасұлан бар.
Қазақстан жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары Жанарбек Әшімжан және ҚР Мәдениет саласының үздігі, композитор «Үшқоңыр» ФАЭ көркемдік жетекшісі Бағлан Омаров екінші орын иегерлеріне дипломдары мен қаржылай 150 мың көлемінде ақшалай сыйлықтарын табыс етті. Екінші орын алған өнерпаздар: Әліби Қаниев пен Әділет Әдікенов.
Баймұхамет Мұқатай бірінші орын иеленіп, қазылар алқасының төрағасы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Жұмабай Шаштайұлының қолынан дипломын және 200 мың қаржылай сыйлық алды.
«Ел еркесі – Есенқұл» атты Е.Жақыпбековтың өлеңдеріне жазылған Республикалық әншілер байқауының бас жүлде иегері – Дінисламбек Жайлаубаев аталмыш сайыстың демеушісі әрі жоба авторы, Қарасай ауданының әкімі Махаббат Садуақасұлының қолынан арнайы диплом мен 300 мың ақшалай сыйлыққа ие болды.
Марапаттау рәсімі аяқталғаннан кейін, гала-концерт өмірін өлеңмен өрген өршіл ақынның рухын асқақтатып, жүзден жүйрік озып шыққан өнерпаздар мен эстрада жұлдыздарының өнерімен жалғасты.
Есенқұл Жақыпбек – қос ғасыр ат ауыстырып жатқан тұста көне мен жаңаның іргесін қосып, Жамбыл мен Мұқағалидің жырларының түйіскен нүктесіне өлең өлкесіндегі боз үйін тіккен ақын. Оның сезімге толы сұрапыл жырлары әр қазақтың жүрек тұсында сайрап тұр. «Айтыста шақпа, поэзияда ақпа ақын» деп бағаланған ақынның айтыс аламанымен ұштасып жатқан мәнді де дәмді шумақтары мен әсем әндері өнер сүйер жұртшылықтың аузында.
Есенқұл ақынның шығармашылығына арналған аталмыш конкурс биыл бірінші рет өткізіліп отыр. Қазақ халқы өнермен өмір сүретін халық емес пе?! Ұйымдастырушылардың асылымызды ардақтап, ақынымызды мадақтап, осындай әдемі кеш сыйлағанына концертке келген жұртшылық ризашылығын білдіріп тарап жатты....
«The Qazaq Times»