Бүгін Қаскелеңнің «Мәдениет үйінде» ақын Есенқұл Жақыпбектің өлеңдеріне жазылған әндердің «Ел еркесі – Есенқұл» атты Республикалық әншілер байқауы болды.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Президент стипендиясының, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің иегері, Мәдениет саласының үздігі, белгілі айтыскер ақын Есенқұл Жақыпбек ағамыз ортамыздан кеткеніне 2 жылдай уақыт болды. Ақын ағамыздың аяулы бейнесі ұрпақ жадынан ұмытылмақ емес, керісінше ақынның ізбасарлары оның мөлдір өлеңдерін қайта жаңғырту үшін, кеңінен насихаттау үшін республикалық конкурс өткізді. Ұйымдастырушылардың бірі, композитор Бағлан Омаровтан ертеректе сұхбат алғанымызда, 40-50 адам қатысатындығын жеткізген болатын. Алайда бүгінгі байқауда еліміздің түкпір-түкпірінен келген қатысушылардың жалпы саны 80-ге жеткен.
Қатысуға өтініш білдіргендердің барлығын (15-35 жас аралығындағыларды) тіркеп, сахнаға шығатын реттік нөмірлері анықталған. Байқау шарты бойынша, өнерін көрсетуге келген әр адам екі әннен орындады. Бірі Есенқұл Жақыпбектің сөзіне жазылған әндер болса, екіншісі қатысушының өзі таңдаған ән.
Байқаудағы қазылар құрамында ҚР Мәдениет саласының үздігі, композитор Бағлан Омаров, Қазақстан жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Ж. Әшімжан, Қазақ әдебиеті газетінің бас редакторы Ж.Шаштайұлы, Қарасай ауданы Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Е.О.Жұматаев, ақын, композитор, продюсер Б.Есебаев, ҚР Мәдениет саласының үздігі, әнші С. Медеуов бар.
Әзімхан Назерке, қатысушы: «Жамбыл облысы, Талас ауданы, Ойық аулынан келіп отырмын. Сайыстарға көп қатыса бермейтінмін. Бір группаласым осындай сайыстың болатынын айтып, бағымды сынап көруіме кеңес берді. Бірден ұйымдастыру комитетіне хабарласып өтініш білдірдім. Басқа қалада болғандықтан ресми түрде бүгін таңертең тіркеліп отырмын. Реттік нөмірім – 69. Бірінші әнім Есенқұл Жақыпбектің «Алдай-ау» деген әні, екіншісі халық әні «Дүние-ай».
Тұрғанәлі Шарап, қатысушы: «Өзім Қызылорданың, Жаңақорған деген қаласының тумасымын. Былтыр Т.Жүргенев атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясын бітірдім. Реттік нөмірім – 40. Орындаған бірінші әнім «Өзіңді аңсап», ал екіншісі Кеңес Дүйсекеевтің әні «Аралым-Арманым». Кей адамдар көп көрермен алдында сасқалақтап жатады, ал маған солай ұнайды. Ойлаңызшы. Сенің достарың бір төбе, одан бөлек саған назар салып отырған көрермен отырса, қандай керемет, тіпті сахнадан кеткің келмейді. Осы жолы сол көрерменнің аздығына налыдым. Десе де өзіме берілген тапсырманы ойдағыдай алып шықтым деп ойлаймын».
Алтынгүл Бақытхан, қатысушы: «Павлодар облысы, Екібастұз қаласынан келдім. Аталмыш конкурсқа қатысу туралы ұсыныс түскеннен кейін, арнайы дайындалдық. Бірінші әнді «МұзАРТ-life» жобасының қатысушысы Еркебұлан Амантай екеуміз Есенқұл ағамыздың сөзіне жазылған, Ясира Заханқызының «Тау қызына» деген әнін дуэтпен айттық. Ал келесі орындағаным «Туған ел» патриоттық әні. Сонай жақтан келгесін, еңбегіңнің еш кеткенін қаламайсың ғой. Барымды салдым. Ендігі жауабын күту ғана қалды».
Жанарбек Әшімжан, Қазақстан жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары: «Есағаңның дүниеден өткеніне аз ғана уақыт болды. Бізде қаншама іздеусіз-сұраусыз қалған тарихи тұлғалар бар. Оның жанында, осындай шараны ұйымдастырып, республикалық байқау жариялау – ақынның шығармашылығының өнер сүйер, жыр сүйер қазақтың арасында одан әрі кеңінен насихатталуына ықпал жасау деген сөз. Бүгін қатысып отырған 80 адам, әрқайсы екі әннен айтатынын ескерсек, 160 ән тыңдадық. Есенқұл ақынның сахнада орындалып жүрген 15 шақты ғана әні бар. Соны айналдырып орындап жатқандықтан, бәлкім, көп қатысушылардың деңгейі жетпей қалып жатты. Дегенмен, «Жаңа ән» деген номинация бойынша берілетін сыйлық бар. Соның өзі жастардың арасында бір стимул тудырады деп ойлаймын».
Айта кетейік, Есенқұл Жақыпбектің сөзіне жазылған әндер байқауының өткізілуіне қаржылай көмек көрсетіп, спонсорлық етіп отырған Алматы облысы, Қарасай ауданының әкімі – Махаббат Бигелдиев. Ертеректе мәлімдегеніміздей, Конкурс қатысушыларына берілетін қаржылай сыйлық: үшінші орынға 100 мың, екінші орынға 150 мың, бірінші орынға 300 мың және бас жүлдеге 500 мың. Одан бөлек әрбір қатысушыларға Есенқұл Жақыпбектің таңдамалы өлеңдер жинағы беріледі.
Ертең, 24 ақпан күні, сағат 15:00-де гала-концерт. Бүгінгі іріктеуде ең үздік өнер көрсеткен 4-5 қатысушы және Бекжан Тұрыс, Саят Медеуов, Досымжан Таңатаров, Бағлан Әбдрайымов, Әсет Есжан, Қанат Үмбетов пен Әлия Әбікен, т.б. өнер иелері қатысады.
Өтетін орны: Қарасай ауданы, Қаскелең «Мәдениет үйі».
«The Qazaq Times»