23 ақпан күні сағат 11.00-де Қарасай ауданының орталығы – Қаскелеңнің «Мәдениет үйінде»  ақын Есенқұл Жақыпбектің өлеңдеріне жазылған әндерден республикалық  әншілер конкурсы болады. Ал ақпанның 24-і күні,  сағат 15.00-де байқау жеңімпаздарын марапаттау салтанаты және Қазақстанның өнер жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт өтеді.

Аталмыш шараның барысы туралы ұйымдастырушылардың бірі, композитор  Бағлан Омаров былай дейді:

«Әлеуметтік желі деген қазір жақсы болды ғой.   Аталмыш конкурс туралы өнер адамдарына жіберіп, инстаграм мен фейсбук арқылы жарнама жасатқанмын. Содан кейін де біраз өтініштер келіп түсті. Лирик ақын – Есенқұл ағаның өлеңдерін қазақ жұртшылығы жақсы көреді. Мақсатымыз оның өлеңдерін, әндерін кеңінен насихаттау. Сол себепті де осындай байқау жарияладық. Қазіргі кезде 60-қа тарта адам қатысуға тілек білдірді. Өтініш жіберген қатысушылар 23-і күні таңертең 9-да жиналып жеребе тастайды да, 11-де сол реттік нөмірі бойынша өнер көрсетеді. Конкурста әрбір қатысушы екі әннен орындайтын болады. Бірі Есенқұл ағаның сөзіне жазылған ән болуы керек. Ал екіншісі өз таңдауы, егер ол да Есенқұлдың әні болып жатса құба-құп. Ақмола, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Оңтүстік, Алматы, т.б. Қазақстанның түкпір-түкпірінен қатысушылар келеді. 23-і күні әр қатысушыны тыңдаймыз да, келесі күні гала-концертте  жеңімпаздарды анықтап, сыйлықтарын табыстаймыз. Концертке өнер жұлдыздары қатысады және конкурс барысында жақсы шыққан 4-5 қатысушы өнер көрсетеді».

Айта кетейік, Есенқұл Жақыпбектің сөзіне жазылған әндер байқауының өткізілуіне қаржылай көмек көрсетіп, спонсорлық етіп отырған Алматы облысы, Қарасай ауданының әкімі – Махаббат Бигелдиев.

Конкурс қатысушыларына берілетін  қаржылай сыйлық: Үшінші орынға 100 мың, екінші орынға 150 мың, бірінші орынға 300 мың және бас жүлдеге 500 мың қаржылай сыйлық беріледі. Одан бөлек әрбір қатысушыларға Есенқұл Жақыпбектің таңдамалы өлеңдер жинағы беріледі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, конкурс барысында ақынның өлеңдеріне жазылған жақсы жаңа  әндер орындалып жатса, оларға да арнайы сыйлықтар дайын.

Қазылар алқасында мүше болатын: Облыстық мәдениет департаментінің басшысы Ақан Әбдуәлиев, жазушы Жұмабай Шаштайұлы,  Қарасай ауданының мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ермек Жұматаев, композитор Бауыржан Есебаев, әнші Саят Медеуов, композитор Бағлан Омаров.

Ал гала-концертке Бекжан Тұрыс, Саят Медеуов, Досымжан Таңатаров, Бағлан Әбдрайымов, Әсет Есжан, Қанат Үмбетов пен Әлия Әбікен, т.б. өнер иелері қатысады.

Еске сала кетейік, өтетін орны: Қарасай ауданы, Қаскелең «Мәдениет үйі».

Ән байқауының 23 ақпан күні сағат 11.00-де, ал гала-концерт  24 ақпанда сағат 15.00-де болады. Кіру тегін.

«The Qazaq Times»