Ресей мен Украина қарым-қатынасының Қара теңіздегі жағдайға байланысты кезекті рет ушығуы Қазақстанның көп векторлы саясатына үлкен сынақ болып тиді. 2014 жылы басталған Мәскеу мен Киев арасындағы дипломатиялық дағдарыс ресми Астана ұстанымын осы уақытқа дейін сан мәрте сынады. Бірақ әзірге Ақорда таразы басын тең ұстап келеді. Осыған байланысты бүгін біз Қазақстанның Ресей мен Украина қарым-қатынасына қатысты жасаған ресми мәлімдемелеріне қысқаша  тоқталуды жөн көрдік.

2014 жылдың 16 наурызында Қырымда референдум өтіп, нәтижесінде түбек Ресей жағына өткен. Осыдан кейін сыртқы істер министрлігі «Қазақстан халықаралық құқықтарды толығымен қолдайды» деп мәлімдеді. Бұған қоса СІМ «Қырымдағы референдум нәтижесі жергілікті халықтың таңдауы» деген пікір білдірді. Қазақстанның бұл пікіріне Украина «достық пікір емес» деген жауап қайтарды.

« Қырым Автономиялық Республикасында 2014 жылдың 16 наурызында өткен референдумға байланысты Қазақстан өзінің БҰҰ-ның Жарғысына сәйкес, халықаралық құқтарды толықтай қолдайтынын мәлімдейді. Қазақстан Қырымда өткен референдумды Автономиялық Республика халқының таңдауы деп бағалады және Ресей Федерациясының аталмыш мәселеге қатысты шешіміне түсіністікпен қарайды. Біз Украинаның дағдарыстан БҰҰ туының астында бейбіт, дипломатиялық келісімдер негізінде шығуын қолдаймыз».

 ҚР СІМ мәлімдемесінен

2014 жылдың наурыз айында БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы қабылдаған «Украинаның территориялық тұтастығын сақтауға» қатысты қаулысына дауыс беруде Қазақстан Өзбекстан, Қытай, Үндістан, Бразилия сияқты 58 мемлекетпен бірге қалыс қалды. Қаулының қабылдануына Армения, Боливия, Беларусь, Куба, Ресей, Сүрия сияқты 11 мемлекет қарсы дауыс берді.

«... 2018 жылдың 16 наурызында Қырым Автономиялық Республикасы мен Севастополь қаласында заңсыз өткен референдумның Қырым мен Севастополь мәртебесін өзгертуге ешқандай заңдық негізі жоқ». 

БҰҰ Бас Ассамблеясының 2014 жылдың 27 наурызында қабылдаған қаулысынан

25 наурызда Гаагада өткен баспасөз брифингінде президент Нұрсұлтан Назарбаев Украина дағдарысына қатысты пікір білдірді. Онда Назарбаев «Қазіргі таңда Украинаның алдында тұрған басты міндет – сайлау өткізу арқылы құқықтық нормаларға қайтып оралу» - деп мәлімдеген. Осыдан кейін Украина тарапы Қазақстанға Назарбаев пікіріне алаңдаушылық білдіретіндіктерін айтып, қарсылық нотасын жіберген. Ал Қазақстан СІМ ресми Киевтің бұл қарсылығын түсінбейтінін мәлімдеген.

«Бірінші кезекте заңды президент, парламент және үкімет сайлау қажет. Осыдан кейін екіжақтық бейбіт келіссөздер арқылы дағдарыстан шығу қажет».

Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдемесінен

 2016 жылдың желтоқсан айында сол кездегі сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов «Қырым мәртебесі қалыптаспаған» деп мәлімдеді. Бұған қоса ол Қазақстанның БҰҰ-да Қырым мәртебесіне қатысты дауыс беруде қалыс қалғандығын тілге тиек етті.

«Біз халықаралық құқық тұрғысында Қырым мәртебесі толыққанды қалыптасты деп есептемейміз. Осыған байланысты бұл мәртебенің әлі белгісіз күйде. Біз Ресей мен Украина аталмыш дағдарыстан шығуда саяси және өзге де шешім табады деп үміттенеміз».

ҚР СІМ Ерлан Ыдырысов

2017 жылдың желтоқсан айында Қазақстан БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы «Қырым Автономиялық Республикасы мен Севастополь қаласындағы адам құқығының жай-күйіне» қатысты қаулы қабылдады. Қазақстан аталмыш қаулыны қабылдауға қарсы дауыс берді.

2018 жылдың 25 қарашасында Қара теңізде болған Украина мен Ресей әскери теңіз күштерінің қақтығысына байланысты қараша айының 26-ы күні өткен БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің төтенше отырысында Қазақстан Ресейді де, Украинаны да қолдады. Отырысы Мәскеу мен Киевтың ұсынысы бойынша өтті. Бірақ екі тарап, екі түрлі уәж айтты. Ресей күн тәртібіне «Украинаның Ресей шекарасын заңсыз бұзғандығын» қойса, Украина «Керчь бұғазындағы Ресей тарапы ұстаған украиналық кемелерін» талқылауды талап етті. Қазақстан Қытай және Боливияға қосылып, Ресей уәжіне дауыс берді. Бірақ Қазақстанның  БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі тұрақты өкілінің орынбасары Қанат Тұмыш аталмыш мәселеге қатысты мәлімдеме жасады. Онда ол Қазақстанның қос тарапты да қолдауға дайын екендігін айтты. Нәтижесінде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі аталмыш мәселеге қатысты Ресей ұсынысын қараусыз қалдырып, ешқандай қаулы қабылдамады.

«Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі ретінде халықаралық қақтығыстар тудырмау мақсатында келіссөздер өткізуге ашық. Осыған байланысты біздің делегация аталмыш мәселені Қауіпсіздік Кеңесінде қарауға байланысты екі тараптың екеуінің де (Украина мен Ресей Федерациясының)  ұсынысын қолдауға дайын болды. Қазақстан Украина мен Ресейді бауырлас ел деп есептейді және аталмыш мәселені келіссөздер арқылы шешуге шақырады». 

ҚР БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі тұрақты өкілінің орынбасары

Қанат Тұмыштың мәлімдемесінен

Украина мен Ресей арасындағы текетірес қанша уақытқа созылатыны белгісіз. 2014 жылдан бері Қазақстан аталмыш мәселеде өзінің бейтарап көзқарасын білдіріп келеді. Ресми Астана бұл бағытты енді қанша уақыт ұстануға қауқарлы екендігі әзірге белгісіз. Бірақ Тәуелсіздік алған жылдары Қазақстан билігі қабылдаған сыртқы әлеммен көп векторлы қарым-қатынас орнату саясаты әзірге өз нәтижесін беріп тұр. Жоғарыда айтқанымыздай дәл қазіргі уақытта Ақорда сыртқы саясатта таразының басын тең ұстап тұр...

"The Qazaq Times"