Бұл күндері «Ұрпақтың денсаулығы – ұлттың саулығы» деген сөздің мәні артып келе жатқанын күннен-күнге сезіне түсудеміз. Тәуелсіздік алғаннан кейін еліміз әр жыл сайын халық денсаулығын көтеру үшін әртүрлі бағдарламалар қабылдап, жаңа ауруханалар салып, медицина қызметкерлерінің жалақысын көбейтіп, біліктілігін арттыруды жолға қойып, миллиардтаған теңгелер бөлді. Сырттай қарағанда қомақты жұмыстар атқарылып жатқандай болғанымен, жыл сайын шетелге шұбырған, жат елден жанына сая іздеген қазақстандықтар артпаса азаяр емес.
Олай болса, ұлттың денсаулығын кешенді түрде көтеріп, аурудың салдарымен емес, себебімен күресу арқылы белгілі нәтижеге жету үшін не істеуіміз керек? Ұлттың денсаулық сапасын көтерудің қандай жолдары бар? Қандай жұмыстар істегенде қазақ халқының денсаулық деңгейін көтеруге болады? Жалпы медицина саласын дамыту мен ұлттық медицинаға көңіл бөлудің ара қатынастарын қалай ұстау керек? Бір ұлттың ұлттық өмір сүру дәстүрі мен ұлттың денсаулығы арасында қандай байланыс бар? Жалпы сұраққа нақты жауапты қазақтың ұлттық медицинасы қазақ медицинасынан табамыз. Олай болса, Қазақ медицинасы бар ма? Бар болса қай деңгейде? Осы жайлы ой өрбітейік.
Бір халықтың, бір ұлттың өзіне ғана тән ұлттық өмір сүру дәстүрі, жасаған ортасы, дүниетанымына байланысты ұлттық денсаулығынай байланысты сапа болады. Ұлттық денсаулықты ғылыми тұрғыда зерттеп, ұзақ жылдық тарихи сындарды бастан кешіріп, ұзақ барысты тәжірибеден өткен емдеу әдістері мен емдік заттарының ортақ жиынтығы ұлттық медицинаны құрайды. Ұлттың денсаулығын көтерудің ең негізгі жолы сол ұлттың ұзақ сыннан өткен ұлттық медицинасын дамытып, ғылым техникадан, әлемдік медицинаның жетістіктерінен пайдалана отырып, жаңартып, жетілдіре түсіп, мемлекеттік деңгейде қолдағанда, қолданғанда ғана іске асады.
Осы тұрғыдан алғанда, бұл күндері қазақ деп аталған халық арғысы Хас, Сақ, Ғұн, Түрік, Ақорда, Алтын орда, Қазақ хандығы аталған әр дәуірде де үзбей жалғастырып, жетілдіріп келе жатқан емдеу технологиясы мен емдік заттарын зерттеп жане қолданып келе жатқаны белгілі. Әр халық өзінде барды әспеттеп, өзінде бар құндылықтарды керегіне жаратып жатқан бүгінгі кезеңде өзіндік емдеу тарихы, сандаған емшілік тарихы бар қазақ халқы да өз жоғын түгендеп, толықтап, кешегі жетістікті бүгінге қызмет еткізуге кірісуі кезек күттірмейтін шаруа. Бір мезет отарлық қамыт киіп, ұлттық деген қалпақтан қашқан қазақтың халық медицинасын кеңес кезінде ауызға алып, оны биікке көтеру мүмкін болмаса да, бірақ ауыл-ауылдарда ептеп сынықшылар сынығын салып, шөп дәрілерін қайнатып, қара емін жасағанымен, қазақ медицинасы деп атарлықтай ғылыми айналымға түсіріп, биік өреге көтеруге ат салысқан ешкім бола қоймады. Ол кездері қазақ халық медицинасын зерттеп, ғылыми айналымға түсіріп, түгендемек былай тұрсын, қайта сол халық медицинасын «қара емшілікке», «діни сауатсыздыққа» жатқызып, елді өз табиғатына сай өзінің төл медицинасынан үркітті.
Алайда, қазақтың қара шаңырағында қазақ медицинасына біреу келеке ете, біреу үрке қараған мезетте, 1980 жылдары Қытайдағы қандастарымыз ұлттық медицинаны ғылыми тұрғыда зерттеп, халық арасынан жинақтап, ғылыми түрде айналымға түсуіне шындап кірісті. Сол жылдары Қытай үкіметінің қолдауымен Алтайдағы қазақ басшылар қазақ медицинасын дамытып, практикалық тұрғыдан қолданысқа енгізу үшін Алтай қаласынан «Қазақ ауруханасын» салып шықты. Аурухана емдеу, сауықтыру бөлімдерімен қатар Қазақ ұлттық дәрі-дәрмектерін зерттеп, өндіретін лабораторияны ішіне алған төрт қабатты еңселі ғимарат болып, күмбезі қазақтың киіз үйіне ұқсатып салынды. Сондай-ақ, қазақ хандығын құрушы Әз-Жәнібек ханның тұсында жасаған шипагер-ғалым Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баяны» атты еңбегі орталық ұлттар баспасынан басылып шықты.
Сонымен алғашында Қазақ халық емшілігі болып басталған жұмыс осы істің бас-аяғында жүрген азаматтардың еңбегінің нәтижесінде, 1989 жылдары Қытай үкіметінің ресми қаулысы негізінде, қазақ халық емшілігі енді қазақ медицинасы болып тіркеліп, алғаш рет ғылым ретінде мойындалды. 1987 жылдардан кейін Алтайдағы «Қазақ аурухана» ісі өрге жылжи бастады. Бүгінгі медициналық озық техникалар қазақ медицинасына да қызмет ете бастады. Енді қазақ ұлттық медицинасын зерттеушілер осы заманғы озық анализаторлардан пайдаланып, қазақ медицинасына қолданылатын дәрі шөптерді, жануарлардың органдарын осы заманғы ғылымға сай өңдеп, патенттей бастады. Қазақ сынықшылары бұрын сынықты көрмей, көкірек көзімен көріп салса, енді рентген аппаратына сүйеніп, неше түрлі қиын сынықтарды сала бастады. Озық техниканы пайдалана отырып, операция жасамай, кеспей, күл болып кеткен сүйекті орнына келтірген Қазақ сынықшыларын енді ішкі қытайдан қытайлар іздей бастады.
Қытайдағы қазақтардың қазақ медицинасын дамытып, бүгінгі күннің айналымына түсіруі «Қазақ ауруханасы»мен тоқтамады. «Шипагерлік баяны» негізінде Іле қазақ автономиялы облыстағы қазақ емшілігін зерттеп жүрген зерттермен ғалымдар бірлесе отырып, қазақ медицинасының негізін жасап шықты. Сол негізде оқулықтар құрастырды. 2008 жылы Алтайдағы медициналық колледжден қазақ медицинасы факультеті ашылып, қазақ медицинасының орта және жоғары білімді кадрлары даярлануда. Одан әрі алға ілгерілей келе, 2011 жылы Үрімжіде Шыңжаң медицина университетінен қазақ медицинасы кафедрасы ашылып, қазақ медицинасының жоғары білімді мамандары даярлана бастады. Қазақ медицинасын тек қытайдағы екі миллион қазаққа ғана танытып, қолдануды місе тұтпаған зерттермендер енді ата жұртпен байланысқа шықты.
Сонымен Қытайдағы ғылыми тұрғыда зерттеліп, ғылыми айналымға түскен қазақ медицинасы қазақ елінде қоғамдық бірлестікке біріккен ел «қара емші» деп қана атайтын Қазақ емшілерімен одақтасты. 2012 жылдың шілдесінде «Қазақ медицинасы құрылтайы» Астана қаласында ашылды. Құрылтайға қатысушылар өз деңгейінде ұсыныстары мен ойларын айтып қазақ медицинасының қазақтың қара шаңырағы Қазақстанда өсіп, өркен жаюына деген тілектерін білдірді. Алайда қазақ медицинасын дамытуды мақсат еткен «Нұр шипагер» қоғамдық бірлестігінің облыстардағы медициналық орталықтарынан басқа, Қазақстан денсаулық сақтау минстрлігі тарапынан қазақ медицинасына деген қызығушылық, оң көзбен қарау, назар аудару болған жоқ. Олар қазақ медицинасын тек сол Қазақстандағы бақсы-балгерлік, ұшықтау деңгейіндегі «қара емшілік» деген көзқарастан аса алмай отыр.
Мақала басында қойылған сұрақтарға біз әрине бір мақала төңірегінде жауап бере алмаймыз. Жоғарыдағы сұрақтарға толық жауап беру үшін біз келесі мақалаларымызда қазақ медицинасының суығына тоңып, ыстығына күйген мамандар аузымен жауап беретін боламыз. Алайда, «салауатты Қазақстан», «Саламатты Қазақстан» деп айдарлы ат қойып, улап-шулағанның орнына өзіміздің төл медицинамызды дамытып, жетілдіріп, қазақтың өз игілігіне жаратуға ат салысатын күннің жеткенін сезініп қана қоймай, бел шеше іске кірісетін сағаттың жеткенін түсінуіміз керек сияқты.
Ұлттың денсаулығы – мемлекеттің болашағы. Олай болса, қазақ ұлттық медицинасының болашағы – қазақтың болашағы болмақ! Келесі мақалаларымызда қазақ медицинасы деген не? Қазақ медицинасы қай деңгейде? Қазақ медицинасының негізі не? Қазақ медицинасындағы диагноз қою, емдеу тәсілдері қандай? Қазақ медицинасының аурудың алдын алудағы рөлі қандай? Қазақ медицинасының бүгінгі күнгі қазақ қоғамына қажеттілігі қандай? Күнделікті даламыздағы аң жануарлар мен дәрілік шөптерді отбасылық тұрғыда қалай пайдалана аламыз? Қазақ медицинасын халықтық деңгейге қалай көтереміз? Оның қандай пайдасы бар? деген сұрақтар төңірегінде ой өрбітетін боламыз!
Серік Мұратхан
“The Qazaq Times”