Соңғы уақытта өзін өзі жұмыспен қамтушыларға дау көбейіп кетті. Бұған жаңадан тағайындалған ҚР еңбек және әлеуметтік даму министрі Мадина Әбілқасымованың "өзін өзі жұмыспен қамтушылардан салық жинауға" қатысты жасаған мәлімдемесі себеп. Жалпы министрдің бұл сөзі қаншалықты орынды? Салық жинау күнделікті нанын әрең тауып жүрген адамға ауыр тимей ме? Міне осы және өзге де сұрақтарды Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Серік Бейсембаевқа қойып көрген едік.
- Серік Несіпқұлұлы, ақпан айында әлеуметтік салада үлкен өзгеріс болды. Еңбек және әлеуметтік даму министрі ауысты. Бұл саладағы мәселелерді шешуге Мадина Әбілқасымованың қауқары жете ме?
- Жаңа министр шетелде білім алған экономист маман және мемлекеттік қызметкерлердің жаңа буын өкілі. Ол ең алдымен өзін өзі жұмыспен қамтыған жұмысшылардың мәселесін шешумен айналысатыны жөнінде айтып өтті. Бұл топты «көлеңкелі экономикадан» шығару үшін арнайы заң қабылдамақшы. Соңғы жылдары дәл осы мәселе бірнеше рет көтерілгені белгілі. Тіпті президенттің өзі министрлікті қатаң сынға алды. Сондықтан жаңа министр өзін осы бағытта барынша көрсетуге тырысатыны анық.
Бірақ, менің ойымша, өзін өзі жұмыспен қамтығандардың мәселесін тек заңдық өзгерістер арқылы шешу мүмкін емес. Біздегі қалыптасқан еңбек нарығы – бұл шикізатқа тәуелділік, диверсификацияланбау, шағын бизнестің дамымауы секілді бүгінгі экономикамыздың «ауруларының» көрінісі. Оның үстіне ауыл шаруашылығында жұмыс істейтіндердің үлесі көп болып отыр. Яғни бұл тек бір министрлікке тіреліп тұрған мәселе емес.
Сонымен бірге, әлеуметтік сала тек еңбек нарығымен шектелмейді. Мұнда шешімен таппай жатқан проблемалар шаш етектен. Әлеуметтік аз қорғалған топтар, оның ішінде мүгедек жандар, көп балалы отбасылар, жалғызбасты аналарға қатысты мәселелер назардан тыс қалмау керек.
- Өзіңіз айтқандай, министрдің мәлімдемесі, одан бұрын президенттің «өзін-өзі жұмыспен қамту – салықтан жалтару» деген пікірі қаншалықты орынды?
- Өкінішке орай, бізде өзін өзі жұмыспен қамтушыларды «басқалардың есебінен күн көрушілер» немесе «жатып ішерлер» ретінде бағалау кең тарап кетті. Алайда, халықаралық зерттеулер бойынша, формалды еңбек нарығынан тыс қалу – бұл адамның жеке таңдауы емес, шарасыздықтан жасалатын қадам. Ал көлеңкелі экономика құрылымдық мәселелердің шешілмеуі салдарынан қалыптасады. Сондықтан оларға салықтан жалтарып жүрген халық тобы ретінде қарау дұрыс емес.
Егер статистикаға жүгінсек, өзін өзі жұмыспен қамтығандардың саны 2,1 млн адамды құрайды. Бірақ бұлардың бір топқа жатқызылуы шартты нәрсе. Мысалы, 2,1 млн адамның 750 мыңға жуығы немесе 38%-ы кәдімгі жеке кәсіпкерлер ретінде тіркелгендер (орысша ИП). Ал оларды мемлекетке салық төлемейді деп айту – қате. Тағы шамамен 450 мың адам – жеке үй шаруашылығындағы адамдар, яғни ауылды жерде тұрып, қорасындағы малын бағып жүрген, сонымен күн көретін халық. Олардан салық төлеуді сұрай алмайтынымыз тағы анық. Яғни, айтайын дегенім, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға осындай әр түрлі жағдайдағы, мәселелері бір біріне ұқсамайтын топтардың жататыны ескерілу керек.
Жаңа министр оларды «көлеңкеден» шығару үшін стимулдарды қарастыру жөнінде айтты. Бірақ, бұл қадамның нақты қалай жүзеге асатыны анық емес. Мәжбүрлеу бола ма, әлде арнайы жеңілдіктер беріле ме оны кейін көре жатармыз.
- Иә, ауылда фермер қойшысы немесе сиыр сауатын сауыншысы үшін салық төлемейтіні белгілі. Сонда қойшы мен сауыншы да өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға жата ма?
Бұл адамдар статистикада жалдамалы жұмысшылар категориясына жатқызылады. Басты ерекшелігі – олардың еңбек шарты жоқ және жұмыс беруші тарапынан олардың атына ешқандай ресми төлемдер жасалынбайды. Айлықтарын «конвертпен» береді. Статистика тілінде бұларды формалды емес жалдамалы жұмысшылар деп атайды. Тек ресми дерек бойынша, шамаман 1 млн адам осындай жағдайда жұмыс істейді. Олар негізінен құрылыс, сауда және қызмет көрсету салаларында шоғырланған. Яғни сіз айтқан ферма қызметкерлерінен бөлек шағын дүкен сатушылары, кафе даяшылары секілді қолма-қол ақшаға жұмыс істеп жатқан халық.
Бұл жағдайда салықтың және басқа да төлемдердің болмауы көбінесе жұмыс берушінің жауапкершілігіне байланысты. Мұндай жұмысқа орналасатын адам талап қоя алмайды, себебі бұлар басқа «жөні дұрыс» жұмысқа тұра алмайтын квалификациясы төмен адамдар. Ал жұмыс беруші заңға сәйкес еңбек келісім-шартын жасауға міндетті, бірақ қосымша 30% үстемақыны төлеуге оның да зауқы жоқ. Бірақ, бұл мәселе оңайлықпен шешілмейді. Көбінесе, шағын бизнесі барларға еңбек шартын жасап, мойнына ауыртпалық алғанша, тексеруші құзіретті органдармен «келісе» салу оңай.
Яғни, байқаған болсаңыз, еңбек нарығындағы мәселелер өзін өзі жұмыспен қамтығандармен шектелмейді.
- Сонда біз өзін өзі жұмыспен қамтушы ретінде нақты кімді айта аламыз?
- Бізде еңбекпен қамтылған халықтың саны - 8,6 млн. Олардың 6,5 миллионы жалдамалы жұмысшылар, ал қалғаны өзін өзі жұмыспен қамтушылар. Яғни, біреуге жалданып жұмыс істемейтіндердің барлығы осы категорияға автоматты түрде кіреді. Оларды анықтау үшін біздегі статистика Комитеті сауалнама жүргізеді. Олардың ішінде табысы жақсы «фриланста» жүрген жоғары білікті мамандар да бар, және көшеде көлігімен адам таситын кәдімгі таксишілер де бар.
- Яғни бізде такси жүргізушісі өзін өзі жұмыспен қамтып отыр. Ол онсызда құйған жанармайға көлігіне салық төлейді. Егер олардан тағы бір салық түрі алынса, бұл онсызда нәпақасын әрең тауып отырған адамға ауырлық болмай ма?
- Мұндағы мәселе оларға салық төлетуде емес. Мұнда өзін өзі жұмыспен қамтушыларды түрлі топтарға бөліп қарастыру керек. Барлығын бір өлшемге салу дұрыс емес. Салық салынған жағдайда да, олардың табысы, жұмыспен қамтылу ерекшелігі ескерілген жөн. Егер мемлекет бұларға бірден «сіз тіркелмеген такси екенсіз» деп айыппұл салып, қудалайтын болса онда үлкен наразылық туындайтыны белгілі. Әлемде бұл мәселенің шешудің түрлі жолдары қарастырылған. Мысалы, арнайы жеңілдіктер ұсыну, рәсімделудің жолын оңайлату, заңдық консультациялар беру және тағы басқа. Нәтижесінде, заңсыз такси өзінің жеке кәсіпкер ретінде тіркелуінің артықшылығын сезінуі қажет.
- Дегенмен қарап тұрсақ үкімет олардан салық жинайтындай ешбір әлеуметтік жеңілдік немесе көмек жасап отырған жоқ. Бұл қарапайым халықты қинау емес пе?
- Бар мәселе осында болып тұр. Министрдің бастамасы, осында айтылып жатқан нәрселердің барлығы халық арасында «тағы салық салайын деп жатыр екен» деген түсінікпен тарап кетті. Яғни бұл жоғарыда айтылған нәрсенің халыққа дұрыс жеткізілмеуінде.
Меніңше, өзін өзі жұмыспен қамтушыларды салық төлейтіндер есебінде емес, әлеуметтік аз қамтылған топ ретінде қарастыру қажеттігі. Басқаша айтсақ, оларды «көлеңкеден шығарудағы» мақсат – мемлекеттің салық жинау мүмкіндігін арттыру емес, әлеуметтік жағдайын жақсарту, олардың құқығын қорғау болуы тиіс. Яғни ресми жұмыс істемейтін адам, тек зейнетақы жүйесінен ғана емес, несие алудан да қағылатыны белгілі ғой. Олар ипотекамен үй алуға, жоғары білім алуға қол жеткізе алмайды. Әлеуметтік жағынан қорғалмаған. Әйел адамдар бала тууға қатысты төлемдерден тыс қалады. Ақша керек болған жағдайда ломбардқа немесе пайыздық үстемақысы жоғары онлайн кредитке жүгінуге мәжбүр. Бұл кейін қарызға батып, кедейлікке апаратын бірден бір жол. Сондықтан, мәселе бір жақты қарастырылмауы қажет.
- Яғни сіздің пікіріңізше, өзін өзі жұмыспен қамтыған кез келген адам салық төлеуі керек қой?
Менің ойым солай. Егер адам табыс табатын жұмыспен айналысса, ол экономикаға өз үлесін қосуы керек. Бұл өркениетті мемлекеттің бірден бір алғышарты. Көлеңкелі экономиканың кең тарауынан барлығымыз ұтыламыз. Қарапайым мысал, сіз көшедегі дүкеннен сатып алған затыңыз сапасыз болып шықты делік. Егер сізге чек берілмесе, сіз оны қайтара алмайсыз және сатушыны жауапқа шақыра алмайсыз. Болгария секілді посткеңестік мемлекетті алып қарасақ, онда мұндай мәселе жоқ. Көшедегі гүл сатушыларға дейін чек береді. Бізде өкінішке орай бұл мәселе әлі шешілмей келеді.
- Салыстырмалы түрде айтсаңыз, өзін өзі жұмыспен қамтығандар категориясы басқа қандай елдерде бар? Олардан салық алына ма?
Менің білетінім Ресейде осыған ұқсас жағдай қалыптасқан. Бірақ олар өзін өзі жұмыспен қамтушылар қатарыназаңсыз түрде кәсіпкерлікпен айналысатындарды жатқызады. Бұл, негізінен, репетиторлық, медициналық және басқа да қызмет көрсететіндер. Соңғы жылдары олар арнайы заңнамалық өзгерістер енгізді, патент беруді оңтайластыру бойынша жұмыстар жүргізді, бірақ айтарлықтай жетістікке жете алған жоқ. Біздегі мәселе – өзін өзі жұмыспен қамтушыларың нақты критерийлерін анықтап алу.
- Сұхбаттасқаныңызға рахмет!