Сырқатынан айыққан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мадина Әбілқасымова Астанадағы қайғылы жағдайға байланысты мәлімдеме жасады.
4 ақпан күні Астанада болған қайғылы жағдай қалың қазақты қара жамылдырғандығы жасырын емес. Бес бірдей бүлдіршіннің қазасына дүрліккен жұртшылық жаппай биліктегілердің салғырт қызметіне шағымдарын айтып, тіпті отставкаға кетуін де талап етті. Соның ең біріншісі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мадина Әбілқасымова болатын.
Жұрттың бұлай дүрлігіп Әбілқасымованың отставкаға кетуі туралы талап қоюының өзіндік себептері де бар. Әуелде көпбалалы отбасыларға мемлекеттен бөлінетін 16000 теңгені көпсінгені, қайғылы қазаға ортақтасып көңіл айтпағандығы және сол мезетте сырқаттана қалғаны, танымал Форбес журналының мұқабасынан жылт етіп шығуы көпшіліктің ашуына тиді.
Сол мезетте даурыққан тұрғындар Мадина Әбілқасымованың қандай да бір мәлімдемесін тосқандығы да жасырын емес. Алайда, бәрі тынышталғанын күткендей әсер қалдырған министр тың мәлімдемесінен саяси аренаға қайта шықты.
"Біздің министрлік сынға ұшырады, себебі біз көптеген қиын мәселемен айналысамыз. Осы сынның барлығын ескере отырып, біз қажетті шараларды қабылдауға тырысамыз", - деп үкімет отырысынан кейін Мадина Әбілқасымова өздерінің сынға ұшырағандығын енді сезінгендей пікірін жеткізді.
Сонымен қатар, барлық орталық және жергілікті мемлекеттік органдарға көпбалалы отбасыларды қолдау бойынша жұмыстар жүргізуге тапсырма берілгендігін де атап өтті.
"Жергілікті жерлерде жедел штабтар құрылды, олар көпбалалы отбасылардан келіп түсетін ақпарат жинап, баға беріп, ұсыныстар жинайды. Осы ұсыныстардың барлығы жұмыс тобында қаралатын болады. Жұмыс тобының бірінші отырысы өткен аптада өткізілді. Барлық орталық, жергілікті мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берілді. Жұмыс тобының кезекті отырысы осы бейсенбіге жоспарланып отыр, қоғам өкілдері мен мамандарды шақыру жоспарланған. Әлеуметтік қолдауды жақсарту бойынша кешенді шешімдер ұсынылады деп ойлаймын", - деді Мадина Әбілқасымова.
Көпбалалы отбасыларға берілетін 16000 теңгенің аз екендігін енді ғана сезінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі ары қарай басқаша жұмыс жасайтындығын көрсеткендей сыңай танытты.
Қазіргі таңда бұл оқиға тең, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігін ғана емес, бүкіл билікті дүр сілкіндірді. Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев осы оқиғаға байланысты Төтенше жағдайлар коммитеті басшысының орынбасары Барат Тұзақбаевты орынынан алып, ІІД басшысы орынбасары Юрий Ильин мен ТЖК басшысы Владимир Беккерге қатаң сөгіс жариялады.
Бүгінде көпбалалы отбасыларға түрлі әлеуметтік жағдай жасалуы туралы талаптар биліктің талқысында тұр. Оның қалай шешілетіндігі алдағы уақытта белгілі болмақ.