2017 жылғы шілдеде халық нетто-негізде 196,5 млрд теңге сомаға қолма-қол шетел валютасын (АҚШ доллары, Ресей рублі, еуро)  сатып алған. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қаржының негізгі көлемі АҚШ долларын сатып алуға (69%) жұмсалды, Ресей рублінің және еуроның үлесі тиісінше 22% және 9% болған және алдыңғы аймен салыстырғанда бұл шығыстар 12%-ға ұлғайды.

"АҚШ долларын және еуроны сатып алу шығыстары теңбе-тең – әрбір
валюта бойынша 34%-ға ұлғайды, Ресей рублін сатып алу шығыстары 29%-ға төмендеді", - делінген баспасөз хабарламасында.

Бас банктің ақпаратынша, осы жылғы қаңтар-шілдеде қолма-қол шетел валютасын сатып алуға(нетто) 1,0 трлн теңге (АҚШ долларына – 57%, Ресей рубліне – 31%, еуроға – 12%) жұмсалған.

Ал 2016 жылғы қаңтар-шілдеде қолма-қол шетел валютасын нетто-сатып алу 150 млрд теңгені құрады, бұл депозиттердің долларсыздануы және теңгенің нығаюы аясында оған деген сұраныстың төмендеуіне байланысты болды.

Ұлттық банктің мәліметінше, шетел валюталарына сұраныс кәсіпкерлер тарапынан, шетелге туристік сапарлар кезінде, шетелге ақша аударуда, сондай-ақ, еңбек мигранттарының әкетуіне байланысты пайда болған.

Айта кетейік, шілде айында және тамыз айының басында доллар бірден қымбаттап кеткен болатын. Мұның себебін нарықтағылар АҚШ-тың Ресейге салған санкциясының Қазақстанға да әсер етуімен түсіндірді.

“The Qazaq Times”