Дүйсенбі, 21 желтоқсан күні президент Тоқаев Азия даму банкі мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен жалпы сомасы 1,6 млрд еуро қарыз алу туралы заңға қол қойғаны хабарланды.
Қарыз коронавируспен күрес және ел экономикасын қалпына келтіру шараларына жұмсалмақ. Бұған дейін Қазақстан парламент мәжілісі қараша айының соңында Азия даму банкі мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен жалпы сомасы 1,57 млрд еуро (1,9 млрд доллар) қарыз алу туралы заңды мақұлдаған.
Ақорданың мәліметінше, Қазақстан билігі Азия даму банкінен 908,5 млн еуро, ал Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен 661,8 млн еуро алуға ниетті.
Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың қазан айындағы мәлімдемесіне сәйкес, келер жылғы жоспар бойынша республика бюджетінің кірісі 11,4 трлн, ал шығыс 14 трлн теңге болуы тиіс. Сондай-ақ, Ұлттық банктің шілдедегі есебінде елдің сыртқы қарызы 159,8 млрд долларға жеткені айтылған. Таратып айтқанда, мемлекеттік басқару органдары 11,8 млрд доллар, Ұлттық банк 825 млн доллар, екінші деңгейлі банктердің 5,2 млрд доллар борышы бар. Тағы 101,2 млрд доллары фирмааралық қарыздың үлесінде. Қалған 40,6 млрд доллар – мемлекет кепілдігімен алынған қарыздар.
Үкімет пандемияның көктемгі толқынында-ақ, алғашқы карантин кезінде коронавируспен күреске және оның салдарынан туындайтын экономикалық дағдарысқа 5,9 трлн теңге бөлетінін мәлімдеген. Оның 191 млрд теңгесі медицина саласына, қомақты бөлігі карантин режимі кезінде табысынан айырылғандарға жәрдемақы төлеуге, кәсіпорындарды қолдауға және экономиканы қалпына келтіруге бағытталған.
Сарапшылар мен жергілікті мамандар Қазақстанда шетелден алынған қарыздардың тиімді жұмсалуына күмәнмен қарайды. Елде шетелден қарызға және инвестиция ретінде алынған қыруар қаражат жобаларды іске асырудың орнына жемқорлық жолына жұтылып кететін жағдай аз кездеспейді. Бұған мысал бола алатын атышулы қылмыстық істер жеткілікті. Жемқорлық индексін ессептейтін Transparency International ұйымының есебінде Қазақстан 198 елдің арасында 113-орында тұр.