АҚШ жергілікті уақытымен 14 маусым күні АҚШ Сенатында абсолютті көпшілік дауыстың нәтижесінде, Ресейге санкция қысымын арттыру заң жобасын мақұлдады. Бұл Ақүй үшін Ресейге қатысты бірқатар мәселелерді шешудің шарасы болып табылып отыр. Оның ішінде аты шулы 2016 жылдың соңындағы АҚШ президент сайлау ісіне Ресейдің араласуы да бар.

“The Wall Street Journal” басылымының хабарына қарағанда, Сенатта мақұлдаудан өткен жоғарыдағы заң жобасы, Ресейге бірқатар жаңа шектеулер қояды. Соның ішінде адам құқығын шектегені үшін жазалау да бар деп көрсеткен. Оған қоса, Сүрия үкіметіне қару сату және ресейлік «патриот хакерлердің» Ресей атынан желілік шабуылдар ұйымдастыруы қатарлы істеріне белгіленген жазалар да бар. Ең маңыздысы аталған заң жобасында АҚШ президенті Трамп Ресейге қарсы санкцияны кеңейту үшін Конгрестің алдын ала мақұлдауынан өтуі керек делінген. Бұл Трамптың Ресей-АҚШ қатынасын жақсарту үшін жасайтын қадамдарын шектейтіні анық.

Reuters агенттігінің хабарына қарағанда, Ресейге қарсы санкцияны арттыру заң жобасы мен Иранға қарсы қысымды арттыру жобасы қатар берілген. Сенат мүшелерінің Ресейге санкция салуға және Трамптың санкцияны шектеу шарасын тізгіндеуге құлықты екені сонша, 97 адам мақұлдап, 2 адам ғана қарсы дауыс берген.

Ресейдің Спутниктік ақпараттық агенттігінің кешегі хабарында, Ресей Федерация Кеңесі Халықаралық істер жөніндегі комитетінің төрағасының бірінші орынбасары бұл іс туралы «Ресей ешқандай да бір жауап қайтармайды» деп ғана сөзді шорт кескен.

“The Qazaq Times”